Зорлықтың болғанын немесе болмағанын жәбірленгендер ғана нақты айта алатыны анық. Нақты жайды көрген де, бастан кешкен де солар. Сондықтан біз алдымен жәбірленгендердің айғақтары мен құқық қорғау органдарының әрекетін, сосын жәбірлегендер мен олардың қорғаушыларының дәлелдерін алға тартып отырмыз. Құқық қорғау органдары сотталғандар Айтмұхаметов, Көшеков және Әлібаев 2009 жылғы тамыз айының 11-інен 12-іне қараған түні Сейілханова, Оразалинаны зорлап және Нұрышеваны зорламаққа ұмтылыс жасаған дейді. Бұл қыздардың арасында Рахымбаева да болыпты. Сотталған Айтмұхаметов сол түні осы Рахымбаеваның келісімімен екеуі жыныстық қатынасқа түскен. Бірақ, бүгінде не Сейілханова, не Рахымбаева немесе Оразалина өздерін аты аталған жігіттер зорлады деп айтпайды, керісінше зорлаған жоқ дейді. Алайда, жоғарыдағы үш атпалдай азамат осы қыздарды зорлады деген Семей қалалық сотының үкімімен әрқайсысы бес жылды арқалап кете барды.
Редакцияға келген Рахымбаева, Сейілханова мен Оразалина: «Бізді зорлады деген жігіттер сөз байласып жүрген адамдарымыз еді, олармен сол түні өз еркімізбен бірге болдық», деді. Бұл сөздерді үнтаспаға басып алдық. Онда көп мағына жатқаны анық. Үйленгелі жүрген жастар жиналып бас қосып, көңіл көтерген екен және араларындағы жыныстық қатынас бірін-бірі ұнатқан адамдардың өзара келісімі бойынша орын алған екен, ендеше мұнда тұрған не бар дейсіз ғой? Гәп сонда. Сейілханова да біздің сөзімізге ешкім құлақ аспай отыр дейді. Қыздар осы сөзді «жәбірлеушілерді» құқық қорғау органдары ұстаған кезден бастап, шырылдап айтып келеді екен. Амал нешік, олардың айтқаны қылмысты жасырып, үш жігітті босату әрекеті секілденіп қала берген көрінеді. Сонда өздері ұнатқан адамдарын қыздар неге босатуға, қорғауға ат салыспауы керек деп ойлайсыз? Егер өздеріне қарсы қылмыстық әрекет жасалған болса, қыздар оны неге жасыруы тиіс еді? Сөйтіп, жәбірленген деп есептелгендердің бұл сөздері назарға алынбаған. Неге?
Себебі, құқық қорғаушылардың анықтағаны бойынша Айтмұхаметов, Көшеков және Әлібаев Нұрышеваны зорламақшы болғанда ол ебін тауып сытылып кетіп, одан төртінші қабатта орналасқан пәтердің қылтимасынан төменгі үшінші пәтердің қылтимасына түскен. Түн ортасында мұндай қауіпті қимылға кез келгеннің батылы бара қоймайды десек те, Нұрышева астыңғы қабаттағы пәтердің балконы шыныланған болса да оған екі аяғын салбыратып бір қолымен асылып тұрып, екінші қолымен терезе қағып үй иелерін оятып, жоғарғы қабатта үш жігіттің қыздарды зорлап жатқанын, дереу полиция шақыру қажеттігін айтқан. Нұрышева сол пәтердің телефонынан қоңырау шалады. Сосын полицияны кіреберіске шығып, қарсы алған. Кейін бұл қыздың ерлігін іске нақты бекіту мақсатында оның тас қараңғыдағы әрекетін сынақ ретінде байқап көру үшін тәжірибе жасағанда ешкім қайталай алмаған көрінеді. Себебі, өрмекші болмаса, ол мүмкін емес дейді.
Полиция жеткенде сағат таңғы 06 – 07. 00 шамасы болуы керек, ешкім есік ашпайды. Олар Нұрышева өткен пәтер арқылы жоғарыға көтерілуге үй иесінен рұқсат сұрайды. Әрі қарайғы жағдай қас-қағым сәтте тура шытырман оқиғадай өрбиді. Ішке енген полиция өкілдері бөлмелерді шарлап жүріп, өздері ашқышты тауып, сыртқы есікті ашады. Қалған полиция мүшелері кіріп, оқиғаға қатысушылардың бәрін ішкі істер бөліміне алып кетеді. Сонан... жәбір көрген қыздар өздерін аталған жігіттер зорлады деп арыз жазған. Қылмыстық іс қозғалады. Артынша олар, яғни, қудалау органы жәбірленгендер деп тапқандар еш жазығы жоқ азаматтарымызды құтқара көріңіздер деп жан- ұшыра қайта арыз жазады. Біз қысыммен жалған арызға қол қойыппыз деп шыр-пыр етіп араға түседі. Ал қудалау органының мәліметі бойынша аталған қыздарды, тіпті олардың біреуін үш жігіт топтасып зорлаған. Сосын артынша әлгі үш қыз бірауыздан жігіттердің тарапынан ешқандай зорлық болған жоқ деп ақтап шыға келген. Бұл қалай?! Тек расымен ештеңе болмаған жағдайда ғана адамдар осындай мәлімет беретіні анық. Ендеше, олар жігіттер бізді зорлады деген арызға қалай қол қойған?
Бұған осы іске қорғаушы болып кіріскен Байғали Жұмаділов: «Оқиға болар түні Нұрышева зорлықтан қашқандай боп балкон арқылы шығып емес, тек жеке қызғаныштан ғана ұялы телефонынан полицияға қоңырау шалған. Ол қыздың балкон арқылы өте алмағанын дәлелдедік. Содан таңғы сағат 06.00 де жігіттер мен қыздарды ұстап алып кеткен соң полиция қызметкерлері Сейілханова, Оразалина және Рахымбаеваларды 13 тамыздың түнгі 02.30-на дейін 20 сағат ұстайды. Осыншама уақыт бойы не су, не тамақ ішкіздірмеген. Қолдарын көтертіп қабырғаға қаратып, тұрғызып қойған. Соған шыдай алмаған қыздар ақырында полиция қызметкерлері дайындаған арызға қол қойып берген. Осы жайды қыздар сот тергеуінде прокурордың және тергеушілердің көзінше айтып берді» дейді. Сол сияқты сотталған Данияр Айтмұхаметовтің әкесі яғни екінші қорғаушы Дәулетхан Кеңесханұлы: «Қыздардан ұсталған ұлдарға қатысты арыз түспей, демек әлі қылмыстық іс қозғалмай жатып және сот-дәрігерлік, сот-биологиялық сараптамадан өткізуге, қан, сілекей үлгісін, жыныс қынаптарынан сүртінді алуға келісім беретіндіктері туралы өтініш алынбай тұрып, олар еріктерінен тыс сот-дәрігерлік сараптамаға жіберілген» дейді. Бұл айтылғандар тексеріліп, расталар болса, онда Семей қалалық ОПБ-нің тергеу орны ҚІЖК-нің заң талабын бұзған болып табылады. Олардың мұндай әрекетке күш қолданып барғандығын «жәбірленген» деп табылған қыздар да, қорғаушылар да баса айтады. Тіпті, ол тергеу әрекеттері прокуратураға хабарланбай жүргізілген көрінеді. Сонымен қатар, сотталушылардың айыбында олар қылмысты мас күйінде жасаған деп көрсетілген. Алайда, мұндай қорытынды істе мүлде жоқ болып шыққан. Оны Семей қалалық №2 соты да өз үкімінде растайды. Сол сияқты қыздарға сот-дәрігерлік сараптама тағайындалғанда олардан қан, жыныс қынаптарынан сүртінді алу, жоғарыда айтылғандай, СДС-ма орталығының зертханасына жүктелген. Бірақ осы қыздардың ешбірінен де сүртінді алынып, сарапшы-биологқа берілмеген. Алайда, Сейілханова мен Оразалинаға жасалған сот-биологиялық сараптама қорытындысы бар. Оның 6 парағында «Оразалинаның, Сейілханованың жыныс мүшесі мен тік ішегінен алынған сүртіндіні сарапшы-биолог зерттеген дейді. Алайда, №30-07-ші, №164-ші сот-биологиялық сараптама ұйғарымында бұл сүртінділерді тергеуші сарапшы-биологқа 08.10.09 жылы тапсырған деп көрсетсе, қалайша ол оны 13.08.09 жылы зерттеген?! Сонымен қатар, осы аталған ұйғарымда заттай айғақтарды көрсетуде Сейілханованың іш киімдерін №2 объект деп белгілеген. Содан онда ұрық қалдығы бар ма деген сұраққа жауап ретінде іш киімге жүргізілген Серопян әдісі бойынша зерттеуде №2 объектіде ұрықтар жоқ деп қорытынды берілген. Сөйтіп, Сейілханованы ешкім зорламағандығын, яғни жыныстық қатынас өзара келісіммен орын алғандығын өздері де көрсетіп отыр. Осыны сотқа қанша айтсақ та біздің сөзімізге құлақ аспады» – деп қорғаушы Жұмаділов қайран қалады.
Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқыда полицияны шақырған Нұрышева деп өздері дәлелдесе де тергеу орны кейін неге екені белгісіз полицияны шақырған Нұрышева емес, Сейілханова деп көрсеткен. Өйткені, тіпті ол сол пәтердің иесі ретінде саналған. Сонымен қатар, бұл даулы мәселені қараған алдыңғы сот «Жәбірленушілер Оразалина мен Сейілханова өз жауаптарынан бас тартып, Оразалинаның Әлібаев мені зорлаған жоқ, ал Сейілханованың тек Көшековпен ғана өз еркіммен жыныстық қатынаста болдым деген жауаптарына сын көзбен қарайды, өйткені сот мәжілісінде жәбірленуші Оразалина өзінің отбасымен сотталушы Айтмұхаметовтің әкесінің №14 үйінде пәтер жалдап тұратыны анықталған. Сондықтан Оразалина сотталушы Айтмұхаметовтің әкесіне мүліктік тәуелділік жағдайында. Оразалинаның сотталушы Әлібаевпен өз еркіммен жыныстық қатынаста болдым деген жауабы сот-дәрігерлік сараптамалардың қорытындыларына қарама-қайшы келеді. Демек, сот жәбірленушілер Оразалина мен Сейілханованың өз жауаптарынан бас тартқан әрекеттерін сотталушыларды қылмыстық жауапкершіліктен босату мақсатында беріп отыр», деп тапқан. Расында, редакцияға арыз айта келген Оразалина мен Сейілханова сөз байласқан жігіттерін жазықсыз жазадан құтқарып қалу үшін жанталасып жүргенін және сот-сараптама өткізілмегенін айтады.
Ал қорғаушы Жұмаділовтің Семей қалалық әділет басқармасынан сұратуына байланысты одан келген жауапта аталған үйге ондай құқық тіркелмегендігі жазылыпты. Демек, бұл құжатқа сенсек, Семей қаласы Кірпіш зауыт көшесіндегі №14 үй сотталушы Айтмұхаметовтің әкесінің атында емес. Сонымен қатар, бұл аз десеңіз, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы да өткен жылдың 7 қыркүйектегі қаулысында істі әлгі бұрын қараған соттың бірқатар қателіктер жібергенін келтіреді. Мәселен, сот-биологиялық сараптаманы тағайындау және айғақ заттарды тіркеу қаулысы бойынша Оразалинадан қан-сілекей, тампон алынып, сот-биологиялық сараптамасына жіберілмеген дейді. Демек, бұдан кейін қорғаушы Жұмаділовтің сот-биологиялық сараптама жасалған жоқ деген дәлеліне құлақ аспау мүмкін бе?
Сол сияқты Жоғарғы Соттың осы қаулысында «Оразалинадан сол иығының сырылуы түрінде дене жарақаты табылған, бұл жарақат әйелдердің құқығын бұзып, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсіп жатқанда жасалатын қылмыстарға тән емес» дейді. Ал олай болса, зорланды деген қыздардың арасында жүрген және сол оқиға түні сотталушы Айтмұхаметовпен өз еркімен жыныстық қатынаста болған Рахымбаева өзінің көзінше полиция қызметкерлері жалған арызға қол қойдырту үшін Оразалинаны үш сағат бойына тапжылтпай тұрғызып қойғанын, сөйтіп бір әйел полиция қызметкерінің айтуымен арыз жазуға мәжбүр болғанын бекіткен. Мұны Оразалина да сотта тергеушінің көзіне шұқып айтып берді, дейді қорғаушы Б.Жұмаділов. Демек, Оразалинаға жарақат салған кім? Оның жалған арызға амалсыз қол қойдым деуінің сыры неде?
Бұған жауап ретінде Жоғарғы Соттың аталған алқасы істі бұрын қараған сот «Іс бойынша дәлелдемелердің арасында мұндай қарама-қайшылықтардың бар екеніне қарамастан, жәбірленуші Оразалинаның жауабын, сот-биологиялық сараптама қорытындысын және басқа да дәлелдерді мұқият тексермей Оразалинаны сотталған Әлібаев зорлады деген теріс қорытынды жасаған» деп бір эпизод бойынша істі қысқартты. Осы қаулыда алдыңғы сот үкіміндегі Оразалинаның сотталғандар оларды зорламағанын, керісінше полиция қызметкерлері оған күш қолданып, қорқытып арызға қол қойдырғанын, дене жарақатын полиция қызметкерлері салғанын, сот-биологиялық сараптамаға қан мен сілекей тапсырмағанын көрсетіп, сотталғандарды ақтауды, ал полиция қызметкерлеріне шара қолдануды сұраған өтініші келтіріледі.
Алайда, осы дәлелдердің біріне де қарамастан және Сейілханова өзін ешкім зорламағандығын қанша айтса да сең қозғалар емес. «Бұл оқиға біздің ар-намысымызды таптады. Тіпті, ешкім сенбес күлкілі жағдайға душар етті. Сөз байласып жүрген жастарды бір-бірін зорлады деп масқара айып тақты. Мұндай да сорақылық болады екен деп жағамызды ұстап отырмыз. Сотта куә Рахымбаева бізді ешкім зорлаған жоқ деп көрсетті. Мұны Сейілханова да айтып отыр. Оған қоса осы қорғаушы Жұмаділовпен бейнетаспаға түсірілген сұхбатында Сейілханованың анасы қызын аталған үш жігіттің зорламағанын баса айтады. Керісінше сол оқиға орын алғаннан кейін қудалау органының тарапынан көрген қысымын жыр қылып жіпке тізіп берген. О баста үш қызды, онан екі қызды, енді бір қызды зорлаған болып үш жігіт тарқапасқа қамалып әлі отыр. Сөйтіп, үш бірдей азаматтың тағдырын бүлдіріп, қара күйе жаққандары жетпегендей олар менің балам Даниярдың басын жарып, мүгедек қылып тастады» – дейді қорғаушы Д.Кеңесханұлы.
2010 жылдың 16 қыркүйек күні Дәулетхан Кеңесханұлы Әділет министрлігінің Семей қаласында орналасқан ОВ 156/19 мекемесінің қызметкерлері өзінің сотталған ұлы Даниярды ұрып тастағанын естиді. Ұлының бірнеше мекеме қызметкерлерінен оңбай таяқ жегенін көріп арызданады. Тексеріс ОВ156/19 мекеме қызметкерлерінің теріс әрекетін әшкерелейді. Сөйтіп, 2010 жылдың 10 ақпан күні қаржы полициясының Семей қаласы аймағы бойынша аға тергеушісі тергеуде жатқан Данияр Айтмұхаметов талапты орындаған жоқ деген желеумен аталған мекеме қызметкерлері ұрғанын дәлелдеп, соған байланысты қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарады. Осы қылмыстық істі қараған облыс прокуроры аға тергеуші қаулысын күшінде қалдырады
Сөйтіп, айып тағу оңай, ақтау қиынға айналды. Сонымен, біздің құқықтық-демократиялық дамыған елімізде заң үстемдігі қашанда басым тұратындығына сенім зор. О баста құқық қорғау органдары бірін-бірі зорлады деген жастар бірін-бірі ұнатқан ғашықтар екендігі расқа айналды. Шын махаббатқа ештеңе де кедергі бола алмайды. Бірнеше тағдырды тәрк еткісі келген адамдар оны түсіне алған жоқ. Қазір зорланды деген Сейілханова мен оны зорлады деп айып тағылып сотталып кеткен Көшеков екеуі неке сарайына арыздарын өткізіп қойды. Оның көшірмесі қолымызда. Сонда шын мәнінде жазықсыз зорлық көрген кімдер? Жәбірленген деп табылған Оразалина және Сейілханова жоғарыда келтірілген жаңа деректерге байланысты және өздерінің айтулары бойынша сотталған Д.Айтмұхаметовтен зорлық көрмегенін келтіреді. Сол сияқты жәбірленуші Нұрышеваның арызында да Айтмұхаметов аталмайды және өткен жылғы 16-ақпан күні Семей қалалық №2 сотында болған сот талқылауында жәбірленуші Нұрышеваға сотталған Д.Айтмұхаметов беттестіріліп, ол жәбірленушіге «Мен саған тиістім бе?» деп сұрақ қойғанда Нұрышева: «Жоқ, сен маған тиіскен жоқсың» деп жауап қайтарған. Бұл сот талқылауындағы беттестіру хаттамасында жазылып тұр. Сонда сот неліктен соттады, деп сұрайды қорғаушы Д.Кеңесханұлы. Бұл сұраққа енді кім қалай, оңды жауап беретінін әзірге ешкім білмейді. Өйткені, жәбірленгендердің оларға жәбір көрсеткендерге түгелдей тиісті шара қолданыларына да күмәні бар.
Александр ТАСБОЛАТОВ.