Арал апаты. Арал қасіреті. Бұл жайында айтылған әңгіме көп. Бұл әңгіме өткен ғасыр ортасынан ауғанда басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Сол әңгімеге қарағанда, кейде бұл апаттың емі жоқтай, сол қасіретке кезіккен жұрт оңала алмайтындай көрінетін. Сол аймақта халық өмір сүріп жатыр. Болашаққа жарқын көңілмен қарайды. Ешкімнің де басқа жаққа көшіп кеткісі жоқ. Мұны сол қасіретпен, қиындықпен күрестің арқасы, қамқорлық пен қайырымдылықтың арқасы дерсің. Осы ретте сол күрестің бел ортасында жүрген Халықаралық Аралды құтқару қоры ұйымы атқарушы комитетінің төрағасы Сағит ИБАТУЛЛИНМЕН әңгімелесуді жөн көрдік.
– Сағит Рахматуллаұлы, сіз атқарушы комитетін басқарып отырған қор сол апаттың, қасіреттің зардабын жоюға байланысты құрылғаны белгілі. Сірә, әңгімені сол апаттың қалай пайда болғанынан бастаған қисынды сияқты.
– Бұл апат адамның қатысуымен жасалды. 1960 жылдан 1988 жылға дейін Арал теңізінің бассейнінде жаңа жерлерді кеңінен игеру жүрді де, суарылатын жер көлемі және суды пайдалану екі есе артты. Соның салдарынан теңізге құйылатын су 1961 жылғы 55 мың текше километрден 8-10 текше километрге азайды. Сөйтіп, 90 жылдардың басында Арал теңізі өзінің көлемінің 85 пайызын, аумағының 65 пайызын жоғалтты. Дәл қазір Арал теңізінің айдыны 13 шаршы километр, бұрынғының 17 пайызы, ал су көлемі 90 мың текше километр, бұрынғының 9 пайызы ғана.
Теңіздің көлшікке айналуы, судың тапшылығы әлеуметтік-экологиялық сипаттағы проблемалар тудырды. Климаттың өзгеруіне, өзендердегі сулардың сапасының төмендеуіне, Арал теңіздегі балық кәсібінің жойылуына, 4 миллион гектардай жердің құнарсыздануына байланысты миллиондаған доллар экономикалық зиян келумен қатар, Әмудария және Сырдария өзендерінің сағасындағы өмір сүріп жатқан 5 миллиондай халықтың өмір деңгейі мен денсаулығына қатты әсер етті. Мұндай экологиялық дағдарыстан, ең алдымен балалар мен аналар жапа шекті.
– Енді сол апаттың қасіретін азайтуды мақсат еткен қордың қалай құрылғанына келейікші.
– Су – Орталық Азия елдері үшін ең өзекті мәселе. Бұл жерде үлкен келісім керек. Келіспейтіндерге қатысты «Басындағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» деген мәтел шыққан. Бұрын өзі Арал теңізі бассейні деп аталатын Әмудария мен Сырдария өзендерінен су ішетін елдер арасындағы суға байланысты мәселені белгілі дәрежеде Мәскеу реттеп отырса, енді өздері реттеуге тиіс. Осы жерде мен мына бір жайды атап айтқым келеді. Бұл елдер өздерінің егеменді дамуының алғашқы қиын күндерінен-ақ судың мемлекетаралық көздерін пайдалану мен қорғау, басқару ісімен келісімге келіп, көрегендік танытты. Қазір біреулер өмір барысында кездесе беретін азын-аулақ кемшілікті, келіспеушілікті бадырайтып көрсетуге құмар. Шын мәнінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан, біреулері осынау су ресурстарын пайдалануда қолайлы жағдайда тұрғанына қарамай, келісімге қол қойғандарын жақсы ниеттің көрінісі болды деп бағалағанымыз жөн. Және бұл одан кейінгі уақыттарда да жалғасын тапты. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады, оның жарқын бір көрінісі деп Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуын айтар едім.
Мұның алдында 1992 жылы Орталық Азия елдерінің басшылары су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекетаралық орган – Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылық комиссиясын құрған болатын. Келесі жылдың алғашқы күндерінде Ташкентте басқосқан бес елдің басшылары Халықаралық Аралды құтқару қорын (ХАҚҚ) құру жөнінде шешім қабылдады. Бұл мемлекетаралық ұйымның мақсаты Арал апатының зардабына ұшыраған аймақтарды экологиялық сауықтыруға бағытталған экологиялық және ғылыми-тәжірибелік жобалар мен бағдарламаларды әзірлеп, оны қаржыландыруды көздейді.
Содан бері бұл ұйым, міне, 18 жыл бойы, елдердің қиындыққа қарсы бірлесіп кездесуінің, өткір мәселелерді ынтымақтаса шешудің жақсы нышаны болып келеді. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Оның белсенді араласуымен талай су шаруашылығына, гидроэнергетикаға қатысты, экологиялық сипаттағы мәселелер шешіліп, халықаралық ұйымдардың арасында ынтымақтастық орнықты.
– Сөзіңізге қарағанда, бұл қор мемлекетаралық қарым-қатынастың жаңа бір нысанындай көрінеді. Сондықтан да, оның құрылымына азырақ тоқтала кетсеңіз.
– Мемлекетаралық дегенде, шын мәнінде де ол ең жоғарғы деңгейдегі қарым-қатынас. Оны ел басшылары жүргізеді. Қордың ең жоғарғы органы – Арал теңізі бассейнінің проблемалары бойынша мемлекет басшыларының кеңесі. Одан бір саты төмен – қор басқармасы. Оған қорға мүше елдер үкіметтері басшыларының орынбасарлары кіреді және негізгі саяси шешімдерді әзірлейді, оны ел басшыларының бекітуіне ұсынады. Қордың үйлестіруші органы – атқарушы комитет, оған әр елден екі өкілден кіреді. Түрлі шешімдерді әзірлеу, оның орындалуын қадағалау осы буын арқылы жүзеге асады.
Қордың құрылымына кіретін басқа да біршама буындар бар. Олар Арал апатының зардаптарын жоюға бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламаларды ғылыми негізде әзірлеп, оны жүзеге асыруды жоғары деңгейде жүргізуді қамтамасыз етуге жұмылдырылады.
– Арал апаты, Арал қасіреті дегенде, теңіздің тартылғанын, соған байланысты экологиялық қиын жағдайдың қалыптасқанын айтамыз. Соны оңалтуға байланысты қор не жұмыс атқарды дегенде, не айтар едік.
– Әрине, Аралды бұрынғы қалпына қайта келтіру мүмкін емес. Оған келіп қосылатын судың көбеймейтіні де белгілі. Соған қарамай теңіз орнынан ұшатын тұзды шаңды азайту жолында жұмыстар жүріп жатқанын айтпағанда, Кіші Аралға байланысты жүргізіліп жатқан шаралар ауыз толтырып айтарлықтай. Осыдан үш жыл бұрын «Сырдария арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші фазасы ойдағыдай жүзеге асты. Оған 86 миллион доллар қаржы жұмсалды. Жобаның екінші фазасын жүзеге асыру жүріп жатыр. Арал теңізі экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі бағдарламаның 8 компонентін орындауға 191 миллион доллар қаржы бөлінген.
Әйтпесе, Көксарай су реттегішін пайдалануға берудің өзі не тұрады. Ол Қызылорда өңірінде көктемде су тасу қаупінен құтқаруы өз алдына, жазда егіндікке мол су жеткізумен қатар, Кіші Аралдың айдынын кеңейтеді.
Қордың алғаш құрылып, оған біздің еліміздің Президенті басшылық еткен кезеңнен қалыптасқан дәстүр бар – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы еске алына отырып, «Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі таяудағы 3-5 жылға арналған нақты істердің бағдарламасы», қысқаша АТББ жасалып, оны жүзеге асыру қолға алынады. «АТББ-І» деп аталған бағдарламаны қорға мүше мемлекет басшыларының кеңесі 1994 жылдың басында бекітті.
Оны әзірлеуге қорға мүше елдердің мамандары мен ғалымдарымен қатар, БҰҰ ұйымдары, БҰҰДБ, ЮНЕП, Дүниежүзілік банк, GEF, ЕҚДБ, АДБ, ТАСИС, KfV неміс банкі, Кувейттік ЭРА қоры, ЮСАИД және басқалары қатысты. Бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде мына бағыттар белгіленді: Арал теңізі; Арал аймағы бұзылған экологиясын қалпына келтіру; бассейннің су және жер ресурстарын басқару әдістерін жетілдіру және бағдарлама шараларын жоспарлау мен жүзеге асыру үшін барлық деңгейде басқару құрылымын жасау.
Сол АТББ-І бағдарламасының жұмысы екі кезеңге бөлінді: 3 жылдан 5 жылға дейін созылатын дайындық кезең және 10 жылдан 15 жылға дейін созылатын жүзеге асырылатын кезеңі. Бағдарламаға жобалар негізінде сегіз компонентте енгізілді. Оның әрқайсысы жан-жақты зерттеліп, жүзеге асыру жолдары белгіленген. Айталық, «Таза су, санитария, денсаулық» жобалар компонентіне апатты өңірге жақын елдер Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстан енгізілген.
Ал 2003-2010 жылдарды қамтитын «Арал теңізіндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың нақты істер бағдарламасы», яғни АТББ-2 алдымен ХАҚҚ-ның басқармасында бекітіліп, қорға мүше елдер басшыларының 2002 жылдың 6 қазанында Душанбедегі кездесуінде мақұлданды.
– Әрине, жоспардың дұрыс жасалғаны жақсы. Бірақ біздің көңілімізде, ең алдымен атқарылған істер қандай деген сұрақ тұрады.
– Жоспар дұрыс негізделсе, оның орындалуы кепілді болады. Орындалған іске келсек, АТББ-2-нің қазақстандық бөлігінде қалай орындалғанына тоқталайық.
Қызылорда облысында 2002 жылы екі аудандық аурухана және Қызылорданың өзінде 76,6 млн. долларға көпсалалы ауруханалық кешен салынып, бұл бұрынғыларға қосылғанда, халықтың қажетін өтеуге мүмкіндік туып отыр. Сол жылы айтарлықтай проблемаға айналған Қызылорда қаласы тұсында Сырдария өзенінде бағасы 1744,7 миллион теңгеге түскен көпір пайдалануға берілді.
Бағдарламаны жүзеге асыру ауқымында Сырдария өзенінің арнасы бұрынғы 350 орнына 700 м3/с су өткізу деңгейіне жеткізілді, яғни екі есе артты. Кіші Арал 42 метрлік деңгейге көтерілді. Оның су көлемі 15,6 текше километрден 27,1 текше километрге жетті. Ал су айдыны 2414 шаршы километрден 3288 шаршы километрге артып, 870 шаршы километр құрғаған теңіз табанын су басты. Су көбейген соң балықтардың түрі көбейді, бекіре балығын өсіруге мүмкіндік туды. Ал балық аулау 0,4 мың тоннадан 2 мың тоннаға өсті.
Арал апатынан көбірек зардап шеккен Арал және Қазалы аудандары ғой. Осы аудандарда АТББ-2 бағдарламасындағы 54 жоба жүзеге асырылыпты. Оның арасында таза су, көлдерді суға толтыру, жайылымдарды суландыру, білім, денсаулық саласы нысандарын салу, құрғаған теңіз табанына ағаш егу, коммуналдық қызметті техникамен жарақтандыру сияқты мәселелерге байланысты жобалар бар.
– Жөн екен. ХАҚҚ аясында екі үлкен жоба жасалып, ол негізінен жүзеге асыпты және асып та жатқан көрінеді. Енді алдағы жұмысқа назар аударсақ.
– Алдағы жұмыс дегенде, ол ең алдымен осыдан екі жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2009 жылғы 2 сәуірде өткен Алматы саммитінде ХАҚҚ қызметіне жоғары баға берілді. Алдағы уақытта да Арал теңізі бассейніндегі дағдарыс салдарын жою жолындағы ынтымақтастық әрекеттерді үйлестіруде оның жұмысын ширата түсу қажеттігі айтылған. Мәлімдемедегі «Тараптар Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиямен, Мемлекетаралық ХАҚҚ-ны тұрақты дамыту жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, ұлттық сарапшылар мен донорларды қатыстыра отырып, атқарушы комитетке ХАҚҚ-ның мемлекет-құрылтайшыларының қарауына және бекітуіне ұсыну үшін 2011-2015 жылдар мерзіміне арналған Арал теңіз бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын (АТББ-3) жасау тапсырылсын» деген талап бізге үлкен міндет жүктеді.
– Қордың халықаралық ұйымдармен байланысы мәселесіне кеңірек тоқталсаңыз екен.
– Арал апаты аймақтық сипаттағы дағдарыс емес, ол әлем жұртшылығы мойындап отырған дағдарыс. Бұл апаттың салдары басқа аймақтарға да тиіп отыр. Сондықтан да, оның зардаптарын жоюға халықаралық ұйымдардың да араласуын заңдылық санауымыз керек. Бүгінге дейін қордың атқарушы комитеті олармен өз мүмкіндігінше қоян-қолтық жұмыс істеуге ерекше мән беріп келді.
Осы жерде атап өтетін бір жайт бар. Қордың халықаралық ұйымдармен белсенді қарым-қатынас жасауы ескеріліп, 2008 жылы ХАҚҚ-ға БҰҰ Бас Ассамблеясындағы бақылаушы мәртебесі берілді. Бұл БҰҰ-ның түрлі институттарымен ынтымақтасуды дамыта түсуге жағдай жасайды.
Жалпы, ХАҚҚ қызметі де халықаралық қарым-қатынас сипатында. Бір аймақтағы мемлекеттердің, оның құрылымдарының тығыз байланыста жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қор өз қызметінің ауқымын кеңейте түсуге, жетекші халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге міндетті де. Бұл ретте қордың атқарушы комитеті БҰҰ-ның түрлі құрылымдарымен тығыз байланыс жасап тұрады. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш екі рет ХАҚҚ атқару комитетінің кеңсесінде болып, ортақ шараларға қатысты.
Қордың жұмысына біршама жетекші халықаралық ұйымдар жоғары баға беріп отыр. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ның тұрақты кеңесінің мәжілісінде ХАҚҚ атқару комитетінің төрағасы сөйлегеннен кейін Еуроодақ өкілі Аралды құтқару қоры атқарып жатқан жұмысты айрықша бағалап сөз сөйледі. Оны көптеген елдердің өкілдері қолдады.
Әсіресе, қордың атқарушы комитеті донорлық қызмет көрсететін халықаралық басты қаржылық мекемелермен – Дүниежүзілік банкпен, Еуразиялық Даму банкімен, Герман ынтымақтасу жөніндегі техникалық қоғамымен, АҚШ халықаралық көмек агенттігімен, Швейцария техникалық ынтымақ жөніндегі агенттігімен, Француз ғаламдық экологиялық қорымен тығыз байланыста. Бұл АТББ-3 бағдарламасын жүзеге асырудың игі нәтижесін беретіні сөзсіз.
– Атқарылып жатқан айтарлықтай жұмыстар бар екен. Дегенмен, осынау ауқымды жұмыстың арасында көңілге кірбің үйірер кемшіліктер де бар шығар. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Өмір ғой, жұмыс болған соң, кемшіліктер де болып жатар. Оны жоқ демейміз де. Әңгіме елдердің арасындағы ортақ іс жайында болған соң, барлығымыз да бір ниетпен жақсылыққа жұмылып жұмыс істеп жатқанда, көңілге алдымен жақсы істер оралады. Арал апаты бір емес, бірнеше елдің басына түскен ортақ ауыртпалық. Соны жоюды ортақ міндет санап, Орталық Азиядағы туысқан бес ел ортақ қор құрды. Соның бірі маған түскен ауыртпалық аздау, мен бұған кірмеймін деп, одан бас тартқан болса, басқа елдердің мүддесін ескермеген болса, ХАҚҚ бүгін атқарып отырған жұмысын толық жүзеге асыра алмас еді.
Қол байлайтын талай кемшілік табылады. Көбіне қаржы жетпей жатады. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген де бар.
– Арал аймағының болашағын көз алдыңызға қалай елестетесіз?
– Былтыр Арал, Қазалы аудандарында оқушылардың шығармаларының, балалар суретінің халықаралық «Арал: кеше, бүгін, ертең» деген көрмесі өтті. Балалар сезімі пәк қой, ойындағысын бейнелейді. Кеше дегенде, суалған жерді бейнелесе, ертең дегенде, көркейген аймақты көреді. Сол балалардың пәк сезіміне сенемін.
Мен Арал өңірінің ертеңіне жарқын көңілмен қараймын. Солай болсын деп елдердің басшыларынан бастап, қарапайым адамдар да ойларын он саққа бөліп, түн ұйқыларын төртке бөліп жүр. Оның жемісі болатыны заңдылық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Мамадияр ЖАҚЫП.