Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы мен ЕҚДБ заем келісіміне қол қойды
Бұл күндері еліміздегі энергетика нысандары мен жылу желілерінің тозығы жетіп тұрғаны өзекті мәселелер қатарында. Бұл – кешегі кеңестік республикалардың бәріне тән жағдай. Сонымен, осы көкейкесті мәселені шешу мақсатында сенбі күні Алматыда «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» (ОАЭК) АҚ пен Еуропа Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Павлодар, Екібастұз, Петропавл қалаларының жылу желілерін жаңарту жөніндегі заем келісіміне қол қойды.
Қалай десек те, бұл келісімдер тұрғындардың өмірінде игі көрініс табуы тиіс. Халық жылусыз, жарықсыз отыра алмайтыны белгілі. Тозығы жеткенді жаңартатын кез әбден жетті. Осы елеулі рәсімге орай өткен баспасөз мәслихатында «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов:
– Энергетика нысандарының тозуы – ертеден келе жатқан көкейкесті мәселенің бірі. Олардың кейбірі инвестицияланса, кейбіріне әлі тартылған жоқ. Осының салдарынан жылу желілеріндегі шығын артып, құбырлар әбден тозып тұр. Бұл – Қазақстан ғана емес, бұрынғы кеңестік республикалардың бәріне тән ахуал. Шығын 25 пайызды құрайды. Біз қазір қаржы институттарынан нақты талаптармен 40 миллион доллар көлемінде 2 заем тартып отырмыз, – деді.
Сонымен , ЕҚДБ кредиттік желісі 2 несиеден тұрмақ. Біріншісі – 13 жыл мерзімге 4,5 пайызбен берілетін 30 миллион доллар. Оған сондай-ақ, қазақстандық банкаралық әлеуметтік мөлшерлеме қосылады. Ал 10 миллион долларға жуық келесі несие 20 жыл мерзімге берілмек. Онда бастапқы 10 жылдық демалыс жеңілдігі бар. Бұл жобаны банк ОАЭК-ның корпоративтік кепілдігі бойынша Таза технологиялар қорымен бірлесіп қаржыландырмақ. Бұл олардың Таза технологиялар қорымен бірлесіп қаржыландыратын Қазақстандағы тұңғыш жобасы болып отыр.
Баспасөз мәслихатында еліміздегі жылу желілерінің 70 пайызының тозығы жеткені айтылды. Ал Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы 5 жылда Павлодар, Екібастұз, Петропавл қалаларының жылу желілеріндегі тозуды 70-тен 45 пайызға дейін азайта алатынын мәлімдеп отыр.
– Қазақстанда жылумен қамту саласының инвестициялық тартымдылығы арнайы жаңа заң қабылданғаннан кейін соңғы кезде ғана артып келе жатыр. Оған бұған дейін айтарлықтай инвестиция тартылған жоқ. Сондықтан энергетикалық компаниялар енді ғана жылу желілеріндегі шығынды азайтудың 3-5 жылдық жоспарларын жасай бастады. Біздің басты мақсатымыз – жылу желілеріндегі тозуды қалыпты деңгейге түсіру, – деді Александр Клебанов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда республикадағы жылу желілерінің шығыны 30 пайызды құрап отыр. Ал «Павлодарэнерго» АҚ басқарма төрағасы Анатолий Дуканың сөзіне қарағанда, онда жылу құбырларының 80-85 пайызы тозған. Сондықтан желідегі шығын көлемі де онда біршама жоғары болып отыр. Сол себепті бизнес-жоспар бойынша өндірісті қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, биыл №1 қазандықта жаңа турбина іске қосылмақ. 30 жылдан кейін ауыстырылған бұл турбинаның бұрынғыға қарағанда қуаты да жоғары.
Сондай-ақ, қол қою рәсімінен кейін іле-шала өткен баспасөз мәслихатында «Петропавл жылу желілері» ЖШС алдағы 5 жылда жылу құбырларын 45 пайызға дейін азайта алатынын мәлімдеп отыр.
– Мәселен, Петропавл қаласының жылу желілері 60-шы жылдары салынған. Сондықтан да көптеген магистралдық желілердің нормативтік қайталану мерзімі аяқталып, тозығы жеткені түсінікті. ЕҚДБ қаржысы бізге желілерді қайта модернизациялауға және біз ұсынатын қызметтердің сапасы мен сенімділігін көтеруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Андрей Калиничев. – Бұл алдағы уақытта жылу желілеріндегі ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Александр Клебановтың айтуынша, Еуропа Қайта құру және даму банкінен алынатын 30 мың долларлық кредит еншілес «Павлодар жылу желілері» АҚ пен «Петропавл жылу желілері» ЖШС кәсіпорындарына беріледі. Ал банк пен Таза технологиялар қоры бірлесіп қаржыландыратын жобаға 10 миллион долларға жуық кредит берілмек. Бұл қаржы желілерді жаңарту инвестициясы мен түпкілікті тұтынушылар үшін тарифтердің қолжетімділігі қатынасын оңтайландыруға көмектеседі.
ЕҚДБ-нің Муниципалды және экологиялық инфрақұрылымдар бөлімінің аға банкирі Екатерина Мирошник:
– Бұл – біздің Таза технологиялар қорымен бірлесіп қаржыландыратын Қазақстандағы алғашқы жеңілдікті кредиттік жобамыз. Ол ауаға таралатын зиянды заттарды азайтуға өз септігін тигізеді. Өйткені, жылу құбырларын жаңарту арқылы энергетикалық компаниялар жылу желісіндегі шығынды азайтып, көмір тұтынуды айтарлықтай кемітеді», – деп отыр.
Оның айтуынша, жылу желілерін жаңарту бағытында қазір олармен бірқатар жергілікті атқару органдары жұмыс жүргізуде. Сондықтан алдағы уақытта ЕҚДБ мұндай жобаларды республиканың өзге өңірлерінде де жүзеге асыруы мүмкін.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.