30 Наурыз, 2011

«Еңлікгүл» сыйлығы биыл екінші рет өз иелерін тапты

1339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен жылы еліміздегі өнер адамдарының өміріне мән, шығармашылығына ша­быт сый­лайтын жаңа сый­лық, жаңа салтанат дүние­ге келіп еді. Халық­аралық театр күніне орай, Ал­ма­тыда Театр қай­рат­керлері одағы­ның «Еңлік­гүл» сыйлы­ғы кезекті иелерін тапты. Биыл да «Еңлікгүл» сый­лығын тапсыру салтанаты Қа­зақ­ мемлекеттік М.Әуезов атын­дағы ака­демиялық дра­ма теа­трын­да өтті. Алдағы жылдары аталмыш мереке өзге театр­ларға ауы­сып, жалғасын та­бады деген игі үміт бар. Өткен жылы Театр қайрат­кер­лері одағының төрағасы Тұң­ғышбай Жаманқұлов «Еңлікгүл» «Оскар» сынды дүрілдемесе де, уақыт өте келе атаулы сый­лық­тардың саны да, салмағы да өсетініне сендірген еді. Жаман­құлов сөзінде тұрды. Биыл атау­лы сыйлықтардың саны да, сомасы да өскен екен. – Бұл күн еліміздің театр­ларын­да қызмет ететін 3480-нен астам қызметкерлер үшін үлкен мереке. Сондықтан, біз бұл ша­раны 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орайластырып отыр­мыз. Біздің ендігі ма­қ­саты­мыз, бұл шараны халықаралық деңгейге көтеру, – деді Тұң­ғышбай Жаманқұлов. Сонымен бұл сыйлық сахна өнерінде қол жеткізген кәсіби та­быстары үшін беріледі. Халыққа мәдени-рухани қызмет етіп жүр­ген барлық театрлардағы сахнагерлер арасынан ең үздіктерін таңдап және марапаттау «Еңлік­гүл» сыйлығының басты мақсаты. Бұл бастамаға мұрындық болып отырған Театр қайраткерлері ода­ғы осынау марапат арқылы өнер­паздар арасындағы бәсекелестікті арттырып, театр өнерінің да­муы­на ықпал етуді көздеп жатқан жайы бар. Өткен, 2010 жылы «Еңлікгүл» сыйлығы 4 аталым бойынша берілсе, биыл сыйлық 7 аталым бойынша берілді. Қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша биыл «Жыл актері» атағына М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрының әртісі Виталий Багрянцев ие болды. Ал 30 жыл Жамбыл облыстық дра­ма театры сахнасында өнер көрсетіп жүрген Гүл­шат Қыпшақова «Жыл акт­рисасы» атанса, дәл осы театр­дың режиссері Қуан­дық Қасымов «Жыл режиссері» атағына ие болды. «Жылдың опералық, балеттік партиясы» аталымы бо­йынша Абай атындағы опера және балет театрының солисі Болат Есімханов марапатталса, «Жыл театр суретшісі» атағын Ақтөбе об­лыстық «Алақай» театры­ның бас суретшісі Әсия Құрма­на­лина қанжығасына байлады. «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы Қарағанды музы­ка­лық комедия театрында 50 жыл­дан астам уақыт қызмет жасап жүр­ген актер Владимир Суховқа берілді. Биыл тұңғыш рет таға­йын­далған «Қуыршақ театрының жыл өнерпазы» сыйлығы Маң­ғыс­тау облыстық қуыршақ театры­ның актері Ержан Бегашевқа бұйырды. Басты сыйлықтардан бөлек, «Жылдың озық театртану­шы­лық мақаласы» – М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызмет­кері Зухра Исламбаеваға, «Жыл­дың озық театр менеджері» – Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының менеджері Марина Белоусоваға, «Жыл­дың озық музыкалық көркем­деу­шісі» – Астана қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы музыка­лық драма театрының музыка­лық көркемдеушісі Амантай Жұ­­машевқа, «Жылдың озық жа­рық берушісі» – М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театры­ның жарық суретшісі Надежда Ливинаға бұйырды. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының арнаулы сыйлығы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Асылбек Боранбаевқа берілді. «Еңлікгүл» сыйлығының бар­­­лық иегерлері, тіпті облыс­тық театрлардан ұсынылған үміт­керлер де арнайы дипломдармен, соны­мен қатар шараның бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» компания­сы­ның ақшалай және бағалы сый­лықтарымен мара­пат­талды. Әзіл-қалжыңмен өрілген кеш­те «Салтанат» би ансамблі, «Інжу-маржан» вокалдық тобы, «Ақсарай» музыкалық театры өнер көрсетті. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ______________ Суреттерді түсірген Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.