Соңғы кездері Қазақстан үшін даурықпа әңгімеден басқа ештеңе жасап көрмеген біреулердің сайлауға бойкот жариялауға шақыру жөніндегі алыпқашпа әңгімелері естіле бастады. Бұл – есті кісінің, осы елге болсын дейтін, мемлекетіміз өссін, өркендесін дейтін азаматтардың айтар әңгімесі емес, ел ішін алатайдай бүлдіретін аттөбеліндей топтың айқайы болса керек.
Қазақстан халқы сайлауда дауыс беру мүмкіндігін пайдалануы керек.
Тәуелсіздік алғанымызға енді жиырма жыл толып отыр. Бажайлап қарасақ, кеше кім едік, бүгін кімбіз? Көрші жұрттар Қазақстанның өткен ғасырдың аяғында тап болған қиыншылықтарынан әлі күнге дейін батпақтап шыға алмай жатыр. Жылан жалағандай дүкендер, қаңырап қалған ауылдар мен қалалар, болашаққа сенімсіздеу қараған күндер, нәумез ұрпақ тағдырын қалай естен шығаруға болады.
Жиырма жылда кейбір мемлекеттердің жүз жылда алатын асуларын алдық, белестерден өттік. Мемлекетіміз дүниежүзілік мойындауға ие болды. Көп елдер біздің елге қарап бой түзей бастады.
Жыл басындағы Қысқы Азиадаға қатысқан қырғыз спортшыларының: “Қазақ болу қандай бақыт”, дегенін “Егемен Қазақстаннан” оқып мерейленіп қалдық.
Ел аман, жер аман, жұрт тыныш. Халқының жағдайы бүгінгіден де жарқын болсын десең, сайлауға бар. Ол – сенің азаматтық парызың. Көлденең көк аттының қыздырма сөзіне ермей, таңдауыңды жасайтын құқығыңды пайдалан. Өйткені, Қазақстан бәріміздің біртұтас шаңырағымыз.
Әбдірахман ОМБАЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.
Шымкент.