Кеше Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген бірқатар шетелдік елшілерді, атап айтқанда, Украина және Франция елшілері Олег Демин мен Жан-Шарл Бертонды және Еуропалық Комиссия өкілдігінің басшысы Норбер Жустенді қабылдады.
Қабылдау барысында шетелдік дипломаттар Чернобыль апатына 25 жыл толуы қарсаңында үстіміздегі жылдың сәуірінде Киев қаласында жоспарланып отырған қауіпсіздік және ядролық энергияны инновациялы пайдалану жөніндегі саммитке қатысуға шақырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Украина мен Франция президенттері қол қойған үндеу-хатты Қанат Саудабаевқа ресми түрде табыс етті. Сондай-ақ хатта Орталық және Шығыс Еуропадағы ядролық қауіпсіздік жобаларын жүзеге асыру және Чернобыль апаты салдарын толығымен жою үшін Еуропалық Комиссия мен «үлкен сегіздік» елдері негіздеген, Қорғаныш жамылғысы құрылымы қорымен және Ядролық қауіпсіздік қорымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру жайы қозғалған.
Хатты қабыл алған еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы 500-ге тарта ядролық сынақтан зардап шеккен Қазақстан халқына 1986 жылғы апаттан кейінгі залалды аймақта қалған Белоруссия мен Украина халқының проблемалары жақын әрі түсінікті дегенді айтты. Оның үстіне Чернобыль АЭС-індегі апат салдарын жоюға 32 мың қазақстандық жұмылдырылғандығы да назардан тыс қалмады. «Жақында Жапонияның Фукусима АЭС-інде орын алған апаттар әлемге ядролық энергияны пайдалануды абсолютті қамтамасыз етудің уақытша маңызды еместігін тағы бір еске салды және сондықтан да жақында Киевте өтетін саммит дер кезінде қолға алынып отыр әрі маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабуына 20 жыл толуына орай кең көлемді шаралар өткізуге ниетті. Ядролық қауіпсіздік және таратпаудың жаһандық проблематикасы оны шешуде сондай халықаралық қоғамдастықтың жаһандық қатысуын талап етеді», деді Қанат Бекмырзаұлы өз сөзінде.
Өзара пікір алмасу барысында Киевте өтетін саммит аясындағы конференцияның кейбір түйткілдері және Қазақстанның Украина, Франция және Еуропалық Одақпен ынтымақтастығын одан әрі нығайту жайлары сөз болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.