Сірә, ең қауырт кезең қазір президенттіктен үміткерлердің басында шығар. Мұны солардың бірі, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің қарбалас қимылынан аңғарғандай боламыз. Бүгін оңтүстікте, ертең шығыста, онан соң солтүстікте дегендей, оны үнемі жол үстінен көресің. Бір сөзбен айтқанда, ұстау қиын.
Тіпті Алматыда болғанда да, оны не үйінен, әйтпесе сайлауалды штабынан таба алмайсың. Себеп біреу ғана – жұртпен кездесіп жүреді. Ерте-кеш сол халықтың арасында. Олар жағдайын айтып, хабарласса, қолы қалт еткенде, үміткер-эколог соларға жетуге асығады.
Қаланың ВАЗ деген аймағы бар. Сол ауданның тұрғындары шақырыпты. Сірә, эколог Елеусізовтің бағыт-бағдарын жақсы білсе керек, бірден айтқан тілектерінің басы ауаның тазалығы жайында болды. Жұртты осындағы бұрынғы станок жасау зауытының, қазір «КазТоргресурс» кәсіпорны шығарып жатқан түтін булықтыратын көрінеді. Мұнда биік үйлермен қатар, шағын жеке меншік үйлер де бар екен. Сол үйлердің ауласына егілген көкөністің өзі ауаның ластығынан жөнді жеміс бермейтін көрінеді, өнімі қарайып кетеді екен. Кәсіпорындардың ауаны бүлдіретін түтінін азайтудың жолын қарастыруды өтінеді жұрт.
Бұл еліміздің бас экологына белгілі жәйт. Бірден барлық кәсіпорындарды жауып тастау да мүмкін емес. Бірақ олардан зиянды зат шығаруына тосқауыл қою жолдарын іздестіруді талап ету және ондай мүмкіндік болса, оны жүзеге асыру – міндет. Оны бақылауда ұстауды президенттіктен үміткер мойнына алды. Бәлкім, сол кәсіпорындар пайдаланатын отынды алмастыруға, айталық, көмір орнына газды пайдалануға тура келер. Мұны тиісті орындар алдына қоймақ.
Жетісу ауданы тұрғындарының шағымы бөлектеу – мұндағы кемшілік жеке адамдардың кінәсінен. «Ақтас М» ЖШС кәсіпорны ауаны ластап қана қоймай, инфрақұрылымға зиян келтірген. Кәсіпорын орталық канализацияны бүлдіріп, халық қалдықтардың иісіне булығатын көрінеді. Тұрғындар бұл жөнінде сотқа да жүгініпті. Соған қарамай, кәсіпорын басшылары жауапкершіліктен жалтаратын жол табады екен. Президенттіктен үміткер осыған орай шағымданушылардың қолындағы құжаттарды алып, істі аяғына жеткізуге уәде берді.
Покровка кентінде ЖЭО бар. Оның да ауаға улы түтін шығарып жататыны белгілі. Бірақ халық оған да түсіністікпен қарайды. Өздеріне де, қала тұрғындарына да электр қуаты керек. Кәсіпорынды жабыңдар деп айта алмайды. Оның үстіне көпшілігі сол жылу орталығында жұмыс істеп, күндерін көріп отыр. Олар президенттікке кандидатты басқа жаймен шақырыпты. Кентте аурухана да, балалар бақшасы да, мектеп те жоқ екен. «Балаларымызды қалаға қорқынышпен жібереміз. Жолда жарық та жоқ. Бірнәрсеге ұрынып қала ма деп қорқамыз», – деді тұрғындар. Кентте аталған әлеуметтік нысандарды салу қажет-ақ. Онымен президенттікке кандидат та келісті. «Бұл – мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс, қолдан келген көмегімді аямаймын, тиісті мекемелердің алдына қойып, орындалуын бақылауға аламын», – деді ол.
Ғалымдар да Мэлс Елеусізов мырзамен кездесуге ықыласты. Әрқайсысына баруға уақыт тапшылығы қинайды. Содан да үміткер оларды өз штабына шақырып, конференция өткізді. Әңгіме елімізде ғылымды дамыту жайында болды. Бұл жөнінде геолог ғалым Достай Жақыпбайдың пікірі қатқылдау естілді. Үлкен ғылым жоққа тән. Біріншіден, білім беруді жолға қойған жөн. Қазір ғылым докторы болу да оңай, ол үшін 3 жыл оқу жеткілікті. Доктор дипломының деңгейі төмен. Екіншіден, ғылым туралы пәрменді заң керек, деді геолог.
Ал топырақ зерттеуші ғалым Әлипа Досжанова өз саласына қатысты әңгіме көтерді. Ғылымсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Зерттеу орталықтарын, айталық, шөлейттену мәселесі жөнінде орталық құру қажет. Азып бара жатқан жер көп. Оны ғылыми негізде ғана тоқтата аламыз, деді биолог.
Ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдай келіп, президенттікке кандидат та өз тұжырымын айтты: «Ғылымды дамыту да, экологиялық мәселелер сияқты, біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды, – деді ол. – Ғалымдардың ұсыныс-тілектерін жүзеге асыруға қолымнан келген көмегімді аямаймын».
Әрине, өмірде шешімін күткен мәселелер көп. Ол бір күнде шешіле салмасы да белгілі. Оны көпшілік халық та, президенттіктен үміткер де біледі. Көп жағдайда халық өзінің ұсыныс-пікірлерін тыңдайтын адам таппайтыны да бар. Ал бұған президенттіктен үміткер құлақ асып жатса, ойындағы біраз жай орындалатындай көрінеді. Содан да жұрт өзін тыңдайтын адамды іздейді.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Алматы.