Кеше осыдан бір айдан астам уақыт бұрын, яғни 22 ақпан күні Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Аграрлық техникалық университетінің бір топ студенттерінің бастамасымен жастар арасында Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын насихаттау мақсатында «Менің дауысым алғашқы! Менің дауысым маңызды!» атты басталған іс-шара мәресіне жетті.
Осы кезден бастап аталмыш оқу орнының студенттерінен құрылған «Тәуелсіздік территориясы» қозғалысы бір ай ішінде көптеген акциялар өткізіп үлгерді. Соның ішінде ең бастылары «Қазақстан-Ресей университетінің ондығы Аграрлық университеттің бестігіне жауап береді», «Өзіңді сайлаушы ретінде көрсет», «Жас сайлаушының жолы – тәуелсіздік территориясы», «Жас отбасы-2011. Менің отбасым дауыс береді» мен «Менің жеңісім – менің президентіме арналады» атты жас отбасылар мен спорт фестивальдері болды.
Сонымен бірге, осы шаралардан бөлек жоғары және орта оқу орындары, жастар жиі жиналатын түнгі клубтар мен басқа да жерлерде қызықты іс-шаралар өтті. «Тәуелсіздік территориясы» қозғалысының үйлестірушісі Маржан Әбділмәжитованың айтуынша, бір ай бойы өткізілген шараларға қаланың көп жастары қатысты. Оларды акцияға қызықтыру үшін де көп жұмыстар істелді. Мәселен, акцияның көбіне жастар жиналатын түнгі клубтарда ұйымдастырылғаны ұтымды болды. Соның арқасында тек студенттер ғана емес, барлық жастар сайлау жөнінде кеңірек мәлімет алып, әрбір азаматтың осынау саяси оқиғаға қатысуы маңызды екендігі түсіндірілді. Ал осы қозғалыстың тағы бір мүшесі, С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университеттің 1-курс студенті Сандуғаш Борамбектің пікірінше, бұл жоба тек бір кандидатқа емес, төрт үміткердің бәріне арналғандықтан, оған президенттікке кандидаттардың барлық өкілдері қатысып, өздерінің сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, жастар арасында насихат жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды.
Осы акция барысында жаңадан құрылған «Тәуелсіздік территориясы» атты музыкалық тобы қаланың көп жерінде өнер көрсетіп, құрдастар, замандастарын сайлауға қатысуға шақырды. С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университеттің студенттері Мерей Самат, Жәнібек Есімсейітов, Руслан Қабантаев пен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Павел Селиверстов деген жастардан құралған топ сайлау күніне дейін өнерлерін көрсете бермек.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Астана.