30 Наурыз, 2011

Балаларға да қамқор

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Президенттіктен үміткер Ғани Қасымов Талғарға барып, ақсақалдың ақ батасын алды Бұрнағы күні Алматы іргесіндегі Талғарға жолы түскен Ғани Қасымовты өз жақтастары «Айсем и КО» ЖШС жекеменшік құрылыс компаниясы кеңсежайының алдында кілем төсеп, ән-күймен думандата қарсы алды. Нақ осы жерде Патриоттар партиясы сайлауалды науқанының Алматы облыстық штабы орналасқан. Аталмыш кәсіпорында бүгінгі таңда 150-ге жуық адам жұмыс­пен қамтылған. Кезінде осы ком­па­нияның аяғынан тік тұрып кетуіне бұрынғы әскери, іскер бас­шы Серік Айтқожиннің жанкеш­ті­лігіне қоса, Ғани Есенгел­ді­ұлы­ның қолдауы да септігін тигізген. Содан да болар, ұжым түгелдей дер­лік президенттік сайлауға Пат­риоттар партиясы қосқан үміт­кер­дің тілекшілері екенін айтып отыр. Осы арада болған президенттіктен үміткермен кездесуге Қа­зақстан зағиптар қоғамы Тал­ғар­дағы өндірістік кәсіпорнының жұмысшылары, «Поколение» қо­ғамдық бірлестігіне мүше зейнеткерлер, сондай-ақ славяндар­дың этномәдени бірлестігі мен тал­ғарлық жастар өкілдері қа­тысты. «Сізді көрмегелі де көп жыл­дың жүзі болыпты-ау», деп бір егде әйелдер Ғани Есенгелді­ұлымен емен-жарқын амандасып жатыр. – Талғардың елі мен жері ме­нің жаныма жақын. Балалық ша­ғым да Ұзынағаш, Дегерес сияқ­ты осы өңірге жақын жерлерде өтті. Талғар бұрын мыңғыртып мал өсірген, мәуесі ырғалған құт-берекенің ордасы еді. Сол жақ­сылықтарды қайтадан жаң­ғыр­ту керек. Бұдан 11 жыл бұ­рын президенттік сайлауға түс­ке­німде Талғарда болғанмын, – деп сөз бастаған үміткерге әр тұс­тан: «Біз сонда сізге дауыс бергенбіз», деген үндер естілді. Ғ.Қасымов өзінің сайлауалды бағдарламасының ма­ңызды тұс­тарына тоқталды. Ха­лықпен кездесе жүріп, өз тұр­мысына то­лықтай разы адамды көрмегенін айтты. «Мысалы, мына бүгінгі көздері көрмейтін зағип адамдар мекемесі жалпыға бірдей негізде салық төлейді, ком­муналдық төлемдер бой­ын­ша ешбір жеңіл­дік алмайды, бұл күнде жұмыс­тары тоқтап тұр, күнкөрістік аз ғана өндірістерін кеңейтуге мүмкіндіктері жоқ. Ал соны біз­дің билік көрме­ген­си­ді, шын ниеттерімен жаны ашып, көмек­теспейді», деді кандидат. Осылай дей келе, үміткер дауыс бергенде біз осындай кемшілік­тердің жойы­луын қа­пер­де ұс­тауға, елдің және өзі­міз­дің ертеңгі болаша­ғымызды таңдайтыны­мыз­ды ұмыт­пауға шақырды. Кездесуде біраз жайлардың басы шалынды, Талғар көше­лері­нің жайсыздығы, ауданда сегіз жылдан бері 6 мың отба­сы­ның жер телімі кезегінде тұр­ған­дығы, ауылды көтеру қажеттігі, әйелдерді зейнеткерлікке 55 жастан бастап шығару керектігі, басқа да өзекті проблемалар айтылды. Бұдан соң президенттіктен үміткер осындағы «Нұр» отба­сылық балалар үйіне барды. Бұл балалар үйі ардагер педагог Тұяқ Есқожинаның бастауымен 1998 жылы ашылса, содан бері Ғани Есенгелдіұлы «жетім көрсең жебей жүр» деген ата салтына ба­ғып, осынау қайырымдылық негізіндегі мекемеге қадари-ха­лінше қолұшын беруден танған емес. Қазіргі хан сарайындай еңселі ғимаратқа ие болуына да, оның маңайын көркейту-абат­тандыру жұмыстарына да, басқа түскен басқа қиыншылық жағ­дайларда да Ғанекеңнің ізгілікті көмегін 110 баланың анасы Тұяқ Қаскенқызы көрудей-ақ көрген. Балалардың үлкен жүректі қам­қор досы осы жолы да құрқол келмепті. Атаулы сыйлығы – «Караоке» музыкалық бейнетаспа аппаратурасы. Ғани Есен­гел­діұлымен осы кездесу де балалар үшін мәз-мейрам қуанышты мерекеге айналып жүре берді. Тұяқ ана аламан бәйгеге шапқан аза­мат­қа наурыз бейілді рахметін айтып, ақ жол тіледі. Бала­лар­дың ән шырқатып, құйқылжыта би билеп қойған әдемі концертінен кейін жайылған ақ дас­тар­қан үстінде «Нұр» балалар үйінің атасы Әнуар Байсарин ақсақал Ғани інісіне ақ ниетімен шұбыртып ақ батасын берді. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы облысы. ------------------------------ Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.