30 Наурыз, 2011

Азаматтық қоғам алда жүруі тиіс

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырау облысында Патриоттар партиясынан ұсынылған Қазақстан президенттігінен үміткер Ғани Қасымовтың республикалық сайлауалды штабының мүшелері өңірде тағы кездесу өткізіп, оның бағдарламасының негізгі басымдықтарымен таныстырды. Сенатор, ел президенттігінен үміткер Ғани Қасымовтың мұ­най­лы өңір – Атырау туған жері. Қазіргі жұмысбастылығына бай­ла­нысты Ғани Есенкелдіұлының өзі келе алмай қалғанына өкі­ні­шін жеткізген Алматыдан ар­найы Атырауға атбасын тіреген топтың жетекшісі Гүлдана Нұр­ті­лесова үміткердің енді аз ғана күнде болатын сайлауға қызу дайындықта екенін айтты. «Ағила» сауда үйінде болған осындай кездесуде Ғани Қа­сы­мовтың сайлауалды тұғырна­ма­сын­дағы басты мақсаттардың бірі – қазіргі күні мұнай ком­па­ния­лары жұмыс жасап жатқан эко­логиялық стандарттарды қай­та қарау болып табылатындығы әңгімеленді. Кандидаттың мұ­най­ды сатудан түскен табыс­тар­дың бір бөлігін экологиялық проб­лемаларды шешуге ғана емес, сонымен қатар, білім беру, ме­дицина, тұғырнамалық ғы­лым, инновацияны қаржы­лан­ды­руға жұмсау қажеттілігін ал­ға қойып отырғаны жұртшылық назарына ұсынылды. Егер Қа­сымов сайланған жағдайда, шетелдік мұнай компанияларымен жасалған келісім-шарттар қайта жасалуы тиіс, өйткені, олардың басы артық жеңілдіктері бар делінді. Сондай-ақ кездесу бары­сын­да әр істің басындағы басшының біліктілігі, мәселен, ветери­нар­дың экологияны, банкирдің ме­ди­цинаны, металлургтің әуе қа­тынастарын басқармауы, мұның Министрлер Кабинетін жасақ­тау­да ескерілуі қажеттігі айтылды. Әр мемлекеттің өзінің өсу, даму жолы бар. Сол жолда азаматтық қоғам атқарар міндеттер өте көп, деді патриоттар. Сондықтан азаматтық қоғамы­ның өсу жолындағы түрлі кедергілері азаюы тиіс. Атап айтқан­да, Парламент Мәжілісіне сайланарда партиялар жинайтын дауыс мөлшерінің төмендеуі, әр партия үшін Мәжіліске сайлануда 60 пайыздан аспайтын лимит та­ғайындау сынды ұсыныстар болды. Атырау.