30 Наурыз, 2011

Ұлы істің кеңи берсін арнасы

371 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен аптаның  соңына қарай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қа­зақстан облысында жұмыс сапарымен бо­лып, Өскемен қаласының жанынан «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында салынған  жаңа ауылда оралман ағайындармен жүз­дес­кені белгілі. Наурыз мерекесіне орай келген бұл кездесуде ауыл тұрғындары қазақы салт-санамен ұлт­тық ойын-сауық, дәстүр-жоралғыларды көрсетіп, ауыл ішін  ән мен күйге бөледі. Елбасы оларға еліміздегі көші-қон саясаты, алыс-жақын шетелдерден көшіп келгендерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан әр­түрлі әлеуметтік қолдау туралы, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуы жө­нінде кеңінен сөз қозғап, ауыл тұр­ғын­дары­мен емен-жарқын әңгімелесті. Осы кездесуге қатысып, алыстан келген ағай­ынның атынан Елбасыға арнап лебізін білдірген азаматтың сөзін оқырман на­зарына ұсынып отырмыз. Мәртебелі Елбасы! Мен Қы­зайбай Құрманхан деген кісі бо­ламын.  Моңғолиядан көшіп келдім. Жасым жетпістің бесеуіне келді. Сізбен бір кездессем деп іш­тей арман етуші едім. Айтсам деген сөзім бар еді. Құдайға шү­кір, сол тілегім орындалып, мінеки, өзіңізбен жүздесудің сәті түсті. Енді сол сөзімді алды­ңыз­да ақтарсам деймін. Ата-бабамыз қазақтың дербес мемлекет, тәуелсіз ел болуын ғасырлар бойы көксеп өткені аян. Аллаға тәубе, сол бабалар ар­маны бүгінде орындалып отыр. Ата-баба арманына біздің қо­лымызды жеткізген, қазақ елінің көк байрағын көтеріп,   тәуел­сіз­дік  алып берген Сізсіз, Нұреке! Қазақ жеке Тәуелсіз ел болды дегенді біз 1991 жылдың со­ңында Моңғолияда жүріп естідік. Сыртта жүрген ағайын ата­жұртқа алаңшыл, құлағы түрік, жаны нәзік келеді. Бұл хабарды естіген біздің қуанышымызда шек жоқ еді. Жүректе ұялап қалған қара тас жібігендей болды. Қанша тойсаң да жұмыршақ жарылмақ жоқ, қанша қуансақ та жүрек тоқтамақ жоқ дегендей, қуа­ныш­тан еркек басымызбен еңіреп жібергенімізді несін жасырайын... Бұл аңсаған арманның орын­дал­ғаны  еді. Намысымыз оян­ды, бойымызға қан жүгірді, ең­семіз көтерілді, рухымыз серпілді. Міне, осы арманның бар тауқыметін, бар  қиыншылығын мойныңызға алып, жарғақ құла­ғыңыз жастыққа тимей іске асырушы да Сіз болдыңыз. Қазақ елі тар жол, тайғақ кешуден өтіп, жиырма жылда эко­номикасы мықты, әлеуеті зор дер­бес мемлекетке айналды. Сөйтіп,  Сіз қазақтың да, Қазақ­стан­ның да  абыройын асырып, атын әлемге  таныттыңыз. Та­қыр жерден тау орнатқандай бо­лып, байтақ дала төсінде әсем Астана салдырдыңыз. Қазақ­стан­ды өзгелермен терезесі тең, керегесі кең өркениетті елдердің қатарына қостыңыз. Бұл ұлы тұлғалардың ғана қолынан келетін іс еді. Сіз, мінеки, 20 жыл бойы әлемде тарыдай шашылған қан­дас­тарыңызды Қазақстанға жинап жатырсыз. «Шіркін-ай, елге қайтсақ» деп біз де іштей көксеп қоятынбыз. Бірақ ол арманы­мыз­дың жүзеге асуынан  гөрі аспан­дағы ай жуық көрінетін бізге. Сөйтіп жүргенде, қартайған ша­ғымызда болса да, мінеки,  біз­дің де арманымыз орындалды, ойдағымыз оңынан туды. Сырттан келген ағайын – біз – Тәуелсіздікті тәтті ұғым ғана емес, Тәңірдің сыйы деп қабыл­даймыз. Тәуелсіздікті баянды ету үшін – ең бірінші халық санын көбейту қажет деп ой­лаймыз. Яғни, өзіміздің қазақ­тың санын көбейтсек деп көксейміз. Менің Жанымхан деген ағайымның ұрпағы қазір жетпістен асты. Мен де біраз ұрпақты жанның бірімін. Біз, сөйтіп бір атаның баласы Өскеменге  72 үй көшіп келіп отырмыз. Ұрпақтың біразы Моңғолияда қалды, түбін­де олар да келеді.  Тұрмы­сымыз жақсы, тіршілік бар, жағ­дай жаман емес. Шүкір, тәубе дегеннен басқа айтарым жоқ. Сол үшін де Сізге ұрпағымның атынан ақ жүректен алғысымды білдіремін! Құрметті Елбасы! «Өзін-өзі басқарған ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты» деген екен атам қазақ. Сол айтқандай, Сіз сияқты кемеңгер басшысы бар Қазақстан халқы – мына біз ба­қыт­тымыз,  біз өзіміз ғана емес,  келер ұрпағымызбен   бақыт­ты­мыз деп білемін. Сондықтан, бүгінде ұзын са­ны миллионға жеткен оралмандар атынан Сізге зор денсаулық тілей отырып, Қазақ елін нұрлы бола­шақ­қа бастай беріңіз демекпін.