ОРАЛ. Өңірде жаңғыртылған, күрделі жөндеулер жүргізіліп, қайтадан еңсесін тіктеген өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы нысандар көп. Орал қаласында өткізілген форумда «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осындай тұжырым жасады. Иә, экономика мен мәдени өмірдегі біздің барлық табыстарымыздың бастаушысы – президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаев. Біз қазір аса жауапты тарихи таңдаудың алдында тұрмыз. Сондықтан да мен бүгінгі форумда бәріңізді Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс беруге шақырамын, деді одан әрі президенттікке кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі республикалық штабтың төрағасы.
Бұдан соң сөз алған «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, Парламент Сенатының депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Анатолий Башмаков, спорт шеберлері Альбина Горбунова мен Бақытбек Смағұлов «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған кандидатқа дауыс беріңдер десе, батысқазақстандықтар атынан сөйлеген Жайсаң Ақбай, Кейпін Төлегенов, Қашура Әжіғұловалар сөз алып, көпшілікті Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақырды.
Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы мүшелерінің бір тобы Тасқала ауданының жұртшылығымен кездесті.
* * *
АҚТАУ. Президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаушылардың мыңдаған адам қатысқан облыстық форумы болып өтті. Оған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Нұрлан Нығматулин бастаған жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының бір топ өкілдері қатысты.
«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» аталған форумға облыстың аудан, қалаларынан жүздеген адам келді. Олардың арасында аймақтың атақты адамдары, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студент жастар болды. «Халық таңдауы Н.Назарбаев», «Қазақстан, Алға», «Маңғыстау мұнайшылары Н.Назарбаевты қолдайды!» деген сияқты плакаттар көтерген жұртшылықтың жүздері жайдары, көңілдері көтеріңкі.
Астана алаңындағы сәнді сахна төріне Астана, Алматыдан келген елге белгілі қайраткерлермен бірге, облыстың, қаланың ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері көтерілді. Алғашқы сөзді «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі, белгілі саясаткер, сенатор Қ.Сұлтанов алды. Киелі Маңғыстау жерінің жұртшылығымен аман-саулықтан соңғы сөзінде ол Тәуелсіз Қазақ елі, қазыналы түбектің тарихы мен өсіп-өркендеу жолындағы жетістіктеріне, осы реттегі Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі мен қажымас қайраткерлігіне кеңінен тоқталды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Н.Оразалин, «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы М.Нәрікбаев, облыстық қоғамдық штабтың төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Қараев, т.б. Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс беруге шақырды.
«Егемен Қазақстанның» өңірлердегі тілшілері.