30 Наурыз, 2011

Шымкент Тәшеновті ұмытпайды

606 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шымкентте өткен бір арқалы жиында атақты Бауыржан Мо­мыш­ұлы өзін кеу-кеулеген топқа елеусіздеу отырған Жұмабек Тәшеновті көр­сетіпті. “Біле білсеңдер, төбе­леріңе көте­ретін азаматтарыңыздың бірі – осы Жұмабек Тәшенов. Қазақ ұлтының болашағы, жерінің тұ­тастығы үшін басын бәйгеге тіккен, қызметінен намысын биік қойған ардағың осы”, деген сөз айтыпты. Батырлар бір-бірінің бағасын біледі ғой. Жұмабек Тәшенов Баукеңдер сияқты ел басына күн туғанда қан майданда етігімен су кешпегенімен, бейбіт өмірдегі сұра­пыл айқасты жүрегінен өткізген адам. Сол Жұмабек Тәшеновке, ұлт ардағына Шымкентте Ж.Тәшенов көшесі мен Бекет батыр көшесінің қиылысында ескерткіш орна­тыл­ды. Ұлт үшін жасалған ерлік ұмытыл­мақ емес. Ескерткіш гүл шоғына толды. Жақсы естеліктер айтылды. Салтанатты кешті Ж.Тәшеновтің немере інісі, С.Рақымов атындағы әскери мектеп интернатының ди­рек­торы, полковник Ұлықпан Бәше­нов жүргізді. Ескерткіштегі шы­мыл­дықты милиция генерал-майо­ры, бүгінде дербес зейнеткер Құ­лах­мет Қалменов, Жұмабек Тәше­нов­пен замандас, қызметтес болған қа­дір­лі қария Әштар Жолдасов ашты. Дүние жүзі қазақтары қауым­дастығы ОҚО филиалының төраға­сы Байдулла Қонысбек ұлт қайрат­керінің өмірі өрілген баяндама жасады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ба­қа­дыр Нарымбетов Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы әпербақан бастама көтерген Н.Хрущевтің бетін қайтарған, екпінін басқан Жұмабек Ахметұлының сөй­леген сөзін қалтасына салып жүрер екен. Мұндай батыл шешімнің жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды екендігін, ұстаздардың шәкірттерін осы ескерткіш түбіне ертіп келіп, ашық сабақ өткізуі қажет екендігін айтты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін, кейін Қазақ КСР Үкіметін басқарған кезеңдерде жарты әлемді билеп тұрған кеңестік империяның қанды қылышынан сескенбей, қазақ жерін құрақ көрпедей бөлшектеуіне қарсы шыққан, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Жұмабек Тәшеновті ардақтайық тұлғалары­мызды ардақтағымыз келсе. Қоғам қайраткері Хайдар Арыс­танбеков бір естелігінде Қазақ­стан­ның Бостандық ауданынан қалай айы­рылып қалғанын ашына жаза­ды. Өз-ағаңдар мойны бітеу доңыз мінезді Хрущевтің көңілін тауып, ауданды өздеріне қаратқанымен, Ж.Тәшенов бастаған комиссия Бағыс пен Түркістан ауылын 20 млн. гектар жайылымымен сақтап қалады. Кейін Жоғарғы Кеңеске төрағалық­қа келген Насрединова Хрущевпен әмпей-жәмпей болғаны соншалық­ты, сапарда бірге жүрер екен. Ол ханым бірінші басшыға жақынды­ғын пайдаланып, Мақтаарал, Киров, Ильич аудандарын Өз­бек­станға беруді сұрайды. Тәшенов тағы да кеудесін тосып қазақ жерін қорғайды. Алып қала­ды. Алайда, үстем билік Ташеновті орнынан тайдырған соң, ол аудандардан да айырылып қалдық. Кейін өзбектер жарты жерді алып қалып, қалғанын қайтарып берді, дейді Хайдар Арыстанбеков. Қайсыбір жылы шекарамыз белгіленгенде Арнасай су бөгетінің ба­сы­нан шу шыққан. Ертеден қазақ­тың жері болып келген жер картаға Өзбекстандікі болып түскен. Сонда естігенбіз. КСРО кезінде жер белгілеуге келген комиссияның жанында өзбек ағайындар өріп жүріпті. Қазақ бармаған. Орысқа керегі сол, Арнасай көпірінің үстінен түскен темір жолдың екі бұтын екі жаққа шекара етіп айыра салған. Нәтижесінде қазақ ұтылды. Су құлағы өзбекте қалды. Алашапқындатып жүріп, өз жерімізді қайтарғандай болдық. Тәшеновтердің керегі осындайда ғой. Шын тарихты оқытқың келе ме, батыр ұлдарыңның елі, жері үшін өнегесін үйреткің келе ме, өтірік ата жарыстырғанды қой, Бөкейханов­тар­дың, Тәшеновтердің ерліктерімен ұрпағыңды оқыт. Толыққанды ұлт болу, төрт құбылаңды түгендеу деген сол. Ішімізде қыжылдап жүрген ой еді. Теріс айтқан жоқ сияқтымыз. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.