ХХІ ҒАСЫР ТАРИХИ РОМАНЫНЫҢ ҮРДІСТЕРІ
ХХІ ғасыр қарсаңында қазақ тарихи романы ұлтының өткен-кеткені жайлы нағыз уыз шындықты қара қылды қақ жарғандай етіп суреттей бастағанын үнемі айтып та, жазып та жүрміз. Міне, бұл елеулі үрдістен дүниеге Тәуелсіздік көзімен қарайтын жаңа әдебиеттің пайда болғаны айқын көрінеді.
Кеңестік дәуірде әдебиетіміз тоталитаризмнің зілмауыр идеологиялық қысымына төтеп бере отырып, үнемі халық қозғалысының алдыңғы сапында болғаны, дүние жүзі қабырғалы әдебиеттерінің қатарына қосылғаны мәлім. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты жаһанға әйгілі шығармаларын ауызға алсақ та жеткілікті. Ресми идеологияға қайшы озат ой, әділ көзқарас күрделі көркем образ тілімен жеткізілді. Әрине, бодандық жағдайында көп шындықтың қозғаусыз қалғаны да белгілі.
Нарық пен демократия дәуірі тарихи романның шүбәсіз таза шындықты бұрынғыдай бүгежектемей, астарламай барынша ашық айтуына толық мүмкіндік беріп отыр. Және бодандық бұғауынан құтылып, емен-жарқын заманға, тәуелсіздігімізге қол жеткізуіміз көп нәрсеге көзімізді ашты. Сол үлкен биіктен бұрын көрмегенімізді көрдік, білмегенімізді білдік.
Өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ірі туындылары, атап айтқанда Болат Жандарбековтің орыс тілінде жарық көрген «Саки» (1993), Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» (1994, 1996), Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» (1993), Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» (1999), Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» (1986, 1991), Жанат Ахмадидің «Дүрбелең» (1990), «Шырғалаң»(1997), Хасен Әдібаевтың «Отырар ойраны» (2001), Софы Сматаевтың «Елім-ай» (1976, 1980, 2003) атты, т.б. романдары ұлтымыздың өткен жолын бар қалпында дұрыс көрсетуге, тарихымыздың сабағын дербес ел игілігіне бағыштауға барын салды.
Тоқсаныншы жылдардың тарихи романдары кеңес кезеңінің туындыларында орын тепкен тап қырқысы, қайсыбір тарихи фактілерді боямалау секілді кінәраттардан аулақ қонысқа қонуға тырысты. Дені жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысын бейнелейтін романдар ұлт-азаттығы идеясын шығармаларының алтын арқауы етті. «Қазақ» және «Шындық» сөздері тоқсаныншы жылдарғы қазақ романдарының жетекші, ұйытқы сөзіне («ключевые слова») айналды. Ал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Арал теңізінің тартылуы қазақ, өзбек топырағын ғана емес, бүкіл жер шарын жұтатып отырғаны бүгінгі бет қаратпайтын шындық екенін көрсететін «Соңғы парыз» романы (1999) ұлттық проблеманы жаһандық проблемаға ұластырудың үлгісі бола алады.
Енді басталған ХХІ ғасырда көркем әдебиетіміз тәуелсіздік туын көтерген алғашқы жылдар табысына арқа сүйей отырып, олқылықтардың орнын толтыра түсуде. Көненің көп сырларын ақтаратын Кәдірбек Сегізбайдың «Беласқан» (2001), Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» (2003) романдары, т.б. біршама туындылар он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы. Тәуелсіздік кезеңі. (1991-2001)» деген М.О.Әуезов атындағы институттың іргелі еңбегінде кеңінен талданды.
Тарихи шығармалардың ендігі жаңа тобы, атап айтқанда жазушылар Ұзақбай Доспанбетов пен Жанат Ахмадидің бірі тетралогия, екіншісі трилогия іспетті жанрда жазған, тағы да қазақ тарихындағы ең бір қасіретті уақытқа, халқымызды екі ғасыр бойы аттан түспей соғысуға мәжбүр еткен жоңғар шапқыншылығы оқиғаларына арнаған туындылары да көзі қарақты оқырман назарына ілігіп үлгерді. Сында ізденімпаз, ысылған шебер жазушылар аталып жүрген бұл қаламгерлердің шығармалары бірін бірі және осы тақырыптас, бұрын дүниеге келген романдарды қайталамайды. Материалы тың, сурет, образы өзгеше сомдалған.
Бүгінде жетпіс жасқа келіп отырған жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің бірінші кітабы 2004, екінші кітабы 2008 жылдары жарық көрген «Абылайдың ақ туы» атты екі кітаптан тұратын тарихи романы ертеректе жарық көрген «Қызыл жолбарыс» (2000) роман-дилогиясының заңды жалғасы.
Мәселе туындының іргетасы қазақтың жалайыр тайпасының тағдырын суреттеуге бағышталған материалдан қаланғандығында ғана емес. Тетралогия үлкен панорамалық сипат алған. Романның эпикалық құлашы мейлінше кең. Жазушы Ұзақбай Доспанбетов шығармасының бұған дейінгі біршама тарихи, тарихи-өмірбаяндық туындылардан өзгешелігі, аталған тақырыпты сол кездегі қырық ру – қырық құрақ Қазақ елі трагедиясын жан-жақты суреттеумен бірге, басқыншылыққа салынған, содан барып сорлаған Жоңғария мемлекетінің жер бетінен жоғалған трагедиялық тағдырын қоса саралап қорытады.
Қазақ әдебиетінде тарихи жанр тәуелсіз ел-жұртымыздың ұлттық сана-сезімінің ересен өсуіне байланысты дамыды. Халық басынан не өтпеді? Бұйырған ризығын сақтап қалу үшін алысты, жұлысты. Сан ғасырлық тірлігінде жеңілді, жеңді. Халқымыз өз тарихын өзі жасады. Ата-бабамыздың сол қиямет қиын жолда көрсеткен қайрат-жігері енді бүгін бізді рухтандыруда.
Қазақ халқы «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді. Даналық сөз сол ауыр кезеңдерде туып, ел жүрегінде жатталған. Алайда, жатталғанымен, дұрыстап хатталмады. Бірлік идеясын іске асыруға келгенде қазақ тым бейқам болды. Доспанбетов шығармасы алғы бетінен соңғы бетіне дейін осы жәйтті мейлінше тәптіштейді. Үш жүз боп бірігіп, қалмақты талай рет ойсырата жеңуін жеңеді-ау. Бірақ артынша ру дау-дамайының ескі әні қайта басталады. Қырық пышақ ру басылары, хан-сұлтандары, би-батырларының басы бірігіп болмайды. Уақытты ары тарт, бері тарт күндестікпен өткізеді.
Халықтың сол қым-қиғаш, алмағайып жай-күйін суреттеу үшін қыруар материал керек. Ұзақбай Доспанбетовтің тетралогияны жазар алдында дайындық жұмысын аса бір ыждағаттылықпен жүргізгені байқалады. Ол ел жадында сақталған әңгіме, аңыздарды мұқият жиюмен қатар, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Мәскеу қалаларындағы мұрағаттарда сарылып көп ізденген. Бай дерек жинақтаған. Мұның өзі жоңғарға қарсы Отан соғысының бүге-шігесін, ерекшеліктерін Ұзақбайдың романының қызықты, дәмді етіп жеткізуіне негіз болған. Қайсыбір шығармаларда қазақ сарбаздары 1941-45 жылдарғы Ұлы Отан соғысы кезіндегідей оп-оңай әскер боп топтаса қояды ғой. Мұндай рет-мөлшері солай болар-ау деп топшылап суреттеуден Доспанбетов тетралогиясы мүлде ада.
«Аңырақай» атанған шайқаста қазақ үш жүз боп бірігіп соғысып, жауын ойсырата жеңеді. Бірақ жеңістің жемісін пайдалана алмауы салдарынан бодандықтың қамытын тағы да киюге мәжбүр. Алақайлап бөрікті аспанға ататын қуанышы ізінше бас шайқатар мүшкілдікке ауысады.
Аңырақай шайқасы Ұзақбай романына қарағанда қазіргі карта бойынша Жамбыл облысындағы Хантаудың бергі шығыс бетінде Шу мен Отар стансасының аралығындағы алқапта өткен.
1728 жылдың жазында Ордабасы атты тоқпақтай ғана тау маңайында исі қазақтың жақсы мен жайсаңдары, хандары, биі мен батыры, шешені мен көсемі бас қосады. Бұл енді Бадам өзенінің төменгі сағасына таяу жер. Бадам мен Боралдай қосылып Арыс өзеніне айналатын тұс. Сол кеңесте Әбілхайыр хан үш жүздің біріккен күштерінің қолбасшысы болып тағайындалады. Енді романның мына бір жолдарына үңілелік.
«Тіпті басқаны қой, сол Әбілқайырдың өзі шыққан алшын елінің бұрынғы кемеңгері, бұл күнде жаны жәннаттағы Әйтеке би Бәйбекұлының о дүниеге аттанар сәтінде: «Мен Әбілқайырдан түңілдім. Кіші жүзге басқа көсем керек» деген өсиеті қайда қалды? Осындағы ұлы жүз, үйсін елінің бүгінгі ғұламасы Төле бидің «түлкі тұмсық жан екен, Әбілқайырға сенім арту шалалық» деген әулиелігі неге тәрк етілді? Енді сол Төле бидің, үш жүздің ұлы ханы Болаттың ұйытқысымен Жетісу мен Арқадан, Қаратау бойы мен Сырдариядан, Жайық пен Арал ойысынан ат арытып жеткен дуалы ауыздардың сол бір талайдың тұлабойын мұздатқан Әбілқайырды бастарына моншақ етіп көтергендері не сасқандары? Қай сайтанның азғыруымен жүзеге асқан шаруа? Ата жауға қарсы күресте еркек кіндіктінің делебесін қоздыра білген Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, Есет, үйсіндегі Саурық, Саңырық, Хангелді сынды сақа батырлардың ауызға ілікпеуіне не себеп?» («Абылайдың ақ туы». Алматы. 2004).
Бұл Есенгелді бидің монолог-толғақтарының бірі. Қойған сауалының жауабы тағы да сол баяғы бірлік мәселесіне тіреледі. Романның әр тұсынан көрінгенінде Әбілқайыр хан ылғи бір қазақылыққа жараспайтын қараниет қылығымен көзге түседі. Өздері титықтап, Жетісудан тоз-тоз боп жеткен Жарықбас Есентүгел би басқарған жалайыр-балғалыларын қан қақсатып шабады. Төле би Әбілхайыр ханға екі дүркін хат жазғанда ғана әрең деп тұтқын қылған жалайырларды босатып, айдап әкеткен малын қайтарады. Қарапалпақтардың да қолтығына су бүркіп, қазақ босқындарын әлсін әлі тонататын да осы алшындар көсемі екені анықталады.
Аңырақай шайқасында, басқа да соғыстарда жан алып, жан беріп жүргендер – кілең қазақ батырлары. Ақсүйекпіз деп бәлсінетін Барақ сұлтан Аңырақай шайқасында абыройсыздыққа ұшырайды. Өзі басқарып шыққан жарты мыңдықтан «көз жазып» қалады. Әлгі жарты мыңдық маңдайдан перген зеңбірекке қарамай соғысады. Қалмақтарды тықсырып қуып береді. Сол күні ғой «жауды қара қашырды, батыр атақ Барақта қалды» деген мақал туып, ауыздан ауызға көшкені.
Романды оқып отырғаныңда тағы бір ой келеді. Жер ыңғайы жағынан қазақ Ресейге жоңғардан әлдеқайда жақын. Бірақ байланысы ата жауымыздан пәс. Қазақ сырт дүниеде не болып, не жатқанынан хабардар-ақ шығар. Бірақ от қарумен қаруланған жоңғар құрлы болмағаны қалай. Шведтер қалмаққа қырықтан астам зеңбірек жасап береді. Орыстан алған мылтығы және бар. Осындай қарудан қазақ хандықтары неге мақұрым қалған? Барға шүкір, жоққа сабыр деп отыра беруге де болмайтын еді ғой...
Рас, жауынгер қазақ ақыры зеңбірегі, от қаруы бар жоңғарды елден түріп шығарады. Ерлігі бір басына жетерлік. Бір кезде қазақтың ханзадасы Жәңгір 600 сарбаз қолмен Батыр қонтайшының 50 мың әскерімен айқасады. Жалаңтөс баһадүр 20 мың жасағымен көмекке келгенде қонтайшы амалсыз кейін шегінеді...
Тарихи роман – халық өмірінің өткен-кеткенінің айнасы. Халықтың белгілі бір дәуірдегі көркемдік эпопеясы. Осыны көкейіне мықтап қондырған жазушы ел-жұрт тірлігін жан-жақты көрсетуге ұмтылады. Ұлы тарихи бетбұрыстардың жаңғырығын хан, батыр, билердің ғана емес, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінен аулауға тырысады.
Ұзақбай романының бірлік туралы идеясы шығарманың сюжеттік қатынастарынан табиғи туындайды. Және оның әр жерінен тігісі жатық күйінде көкейіңе қона кетеді. Өйтетіні тәуелсіз елінің бүгінгі зәрулігімен үндес.
Роман тақырыбының «Абылайдың ақ туы» аталуында терең мән бар. Солай аталса да бұл шығарма Абылай хан туралы өмір тарихтық шығарма емес. Роман оның Сабалақтан сұлтан, сонсоң ханға дейінгі өсу белестерін суреттейді десек те, Абылай – шығарманың Төле би, Әбілхайыр хан, Ескелді би, Балпық батыр секілді көрнекті кейіпкерлерінің бірі ғана. Ал, романның «Абылайдың ақ туы» аталуының жөні бір басқа. Бейнелі сөздің, біздіңше, рәміздік белгісі бар...
Өткен ғасырлардың өлшемінде батырлық – үлкен мәртебе. Сол ерлік драматизмінің кейіпкері Абылай романда өзгеше бөлек реңк алған. Мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан жас жігіт «Абылайлап» Шарыштың басын домалатуға аттанғанда да, содан кейін Болат ханның мұрагері Әбілмәмбеттің көзінше «...Абылай! Абылай! Абылай!» деп үш қайтара айқайлап, алда соғысып жатқандардың арасына күмп беріп қойып бергенде де ерекше рәміздік құбылыс белгі береді. Қазандай қайнаған топырдың арасына не өмір, не өлім деп кірген сәтте тағы да Абылайдың «төбесіндегі ақ қанатты құс сияқтанған белгісі қайта белгі берді. Ақ құс па, жоқ ту, ту, ақ ту...» («Абылайдың ақ туы». Екінші кітап).
Рәміздік (символдық) белгі деп отырғанымыз осы ту. Тіпті ту деп тұспалдау да аздық етеді. Бұл енді эстетикалық категорияға жататын образ. Тұспалмен де (аллегория) орайластығы бар. Бірақ оның дәл өзі емес. Рәміз, символдың сан қырлы мән-мағынасы көркем шығарманың нақтылы контексіне байланысты ашылмақ. Ұзақбай романында суреттелетін жойқын қырғында Абылайды қорғап, сақтап жүретін мифологиялық образ қазақ ұғымындағы кие бейнесіне жақын. Абылай аң аулап жүргенде қалмақтың қолына түсіп қалады. Қалдан-Серен күйеу балам Шарышты өлтірдің деп қатты ашу үстінде Абылайдың маңдайына қарай алтын балдақты сала құлаш қылышын сілтеп кеп жібереді. «Абылайдың төбесіндегі ақ құс сияқтанған бірдеме жарқ етіп, кесекөлденеңдеп қылышты тіреп қалады». Мұндайды қазақ киесі қақты дейді.
Романның соңғы беттерінің бірінде «Абылайдың ақ туы әрдайым тігінен тұрса қазақ адаспайды!» делінген. Адаспаудың шарты Абылайдың арманы түрінде тұжырымдалған. Қазіргі біздің ұғымымыздағы тілмен айтқанда, бағдарлама іспеттес.
«Бірінші арманым, – дейді тұтқындағы Абылай хан, ...орыстарша қала салып, отырықшы етіп қазақты біріктіре алмадық...екіншісі, қазаққа жер емшегін емізе алмадым... Үшінші арманым, Шарышша қан майданда өлмей, қапыда қолға түсіп өлдім-ау деп қан жылағаным. Төртіншісі, қазақ пен қалмақ тілі бір, тұрмысы бір халық, дініміз басқа болғанмен құдай біреу ғой, сол жағын қалмақтарға ұғындырып, бір жағымыз орыс, бір жағымыз қытай, солардан бірлесе қорғануға иліктіре алмадым деп армандаймын!».
Еліне аман-есен қайтып оралған Абылай хан ол арманын жүзеге асыруға тырысқан да шығар. Бірақ қалай? Міне, бұл мәселе көмескі қалады. Абылай ханның нағыз күшіне енген жылдары тым асығыс баяндалған. Романның аяқтамасы, финалы хабарлама стиліне көшкен. Кейіпкерлерінің ақыр демінің қашан таусылғаны жайлы ақпардан аспайды. Абылай мен Ескелді бидің монументтік бейнелеріне жарықшақ түсіретін қысыр әңгімеге беріліп кеткендік те байқалады. Абылай мен Ескелді би бір-бірімен дүрдараз боп, қайтып көріспей қояды. Сонда не үшін кетіскен? Оқыста қолды болған бір қылқұйрықтың дауына бола! Бүйтіп ұсақтау Абылайдай алып тұлғаны былай қойғанда, «өзіміз жығылсақ та туымыз жығылмасын!» деп ұран тастайтын Ескелді бидің ірілігіне де нұқсанын тигізіп тұр.
Қысқасы тетралогияның түйіні түйінделмей қалған. Ал ондай қорытындыға лайық эпизод «Абылайдың ақ туының» өзінде жетерлік. Жоңғармен алыса-алыса шаршағанда, әлдебір сарыуайымға салынған әнеу бір жылдары Төле би өз өкімімен жалайыр Өтеген Сәбденұлын, дулат-жаныс Өтеген Өтеғұлұлын «Жерұйық» іздеңдер деп жаһан кезуге аттандырған болатын. Бұлар Әмудария жағалауынан бастап Ауғанстан, Кавказға дейін дүниенің жерін шарлап қайтады. Сол қос Өтегеннің екі жылдан соң елге оралып, жасаған баяндамасын тыңдап отырып, Төле би келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақталатын сөз айтады.
«Ағайын-туған! Қарындас ел! Алты алаштың азаматтары! Мына жарты әлемнің тау мен тасына табандарын тоздырған мұзбалақтарымыз дұрыс айтады! Жердің құты Алатау мен Қаратау! Одан әрідегі Жетісу! Жердің құты, жерұйық дегеніміз, міне, солар! – деп Төле би саңқылдағанда зеңгір көк әйнекше шытынап, ойдан-қырдан жиылған дүйім көптің төбесіне құлап түсердей әсер қалдырған». («Абылайдың ақ туы». Екінші кітап).
Тетралогияның аяқтамасын Төле бидің осы толғанысымен бітірсе, исі қазақтың ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін жырлайтын шығарманың пафосы, сөз жоқ, орнын табар еді.
Жалпы алғанда Ұзақбай Доспанбетовтің романы – әдебиетіміздің соңғы жылдарының татымды табысы екенін айтуға тиістіміз. Роман қазақ тілінің бай қорымен қоректенген. Жазушы өткен ғасырлардың тілдік, стилистикалық қазынасындағы асылды термелеп, көнеріп, көмескіленіп бара жатқан архаиканы бүгінгі тіліміздің кестесіне үйлесімді енгізіп қайтадан жарқырата түскен. Мәселен, «жаны түкке арзымайды» деген көненің еш сөкеттігі жоқ. Қайта «тұрмайды» деген етістіктің синонимдік қатарын көбейтіп, жарасымды естіледі.
Құр ділмарлыққа салыну, шешен сөзді орнымен қолданбау көркем прозаға абырой әпермейтіні белгілі. Ал қазақтың шешендік сөздері билер аузынан төгілгенде сұлу шырайлы, төкпе, тасқынды, терең сырлы қасиетін өрлете түспек. Жазушы Ұзақбай Доспанбетов иесін тапқан тіл типтендіру құралы ретіндегі рөлін ойдағыдай ойнайтынын жақсы түсінген.
Ұзақбай Доспанбетов – кең өрісті, панорамалы, зерттелуі қапысыз, жаңалығы мол шығарма тудырып, мына төрт кітабымен қазақтың тарихи романы қорына елеулі үлес қосқан.
Туған әдебиетімізде Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысы туралы жазылған роман, повесть, поэма, әңгіме, драмалардың бас-аяғын жинаса, қазір тұтас бір кітапхананы құрайды. Осы кітапхана мына жаңа басталған ХХ1 ғасырда толыса түсуде. Аталған тақырыпта жазушы Жанат Ахмадидің бірінің соңынан бірі қатарынан үш шығармасы: «Есенгелді би» (2004), «Жарылғап би» (2008), «Айтұмар» (2009) атты романдары жарық көрді.
Жанат Ахмади – республикамыздың жұртшылығына аты әйгілі жазушы. Оның «Дүрбелең», «Шырғалаң» романдары ХХ ғасырдың аяғындағы бірқатар көрнекті туындылардың қалқасында қалып қойған жоқ. Шығыс Түркістандағы қазақ. ұйғыр, қырғыз сияқты аз ұлттардың гоминданға қарсы ұлт-азаттық күресін алып-қоспасыз бар шындығымен, өзге тілдің нілі жұқпаған, қазақтың бәз-баяғы тау суындай мөлдір, саф ауадай таза тілімен ерекшеленіп, жұртшылық қауым тарапынан бір ауыздан тәуір баға алып та үлгерді.
Жанат Ахмади жаңа ғасырда жарық көрген романдарының сәулесін сонау өткен замандардың тарихына түсірген. Уақыт жағынан үлкен шегініс жасап, жоңғарлардың Қазақ еліне жасаған қанды жорықтарында шыңдалған би, батырларымыздың жарқын бейнелерін жасаған. Жазушының бұл туындылары да жылы лебізге ие бола бастады. Сын өлкесі жазушының сөз өнеріне ұсталығы артпаса кемімегенін айырықша атап көрсетуде.
«Есенгелді би», – шығарма аталымының өзі айтып тұрғандай, тарихи романның өмірбаяндық түрі. Тарихи тұлғаның өз уақытындағы халық өмірінің белді-белді оқиғаларына араласуын, замандастарымен қарым-қатынасын, жеке тұрмысын көркем сурет дәрежесіне көтеріп бейнелеген. Роман оқиғаларының қайнаған ортасында жүрген Есенгелдімен қатар, оның замандастары Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей Жәнібектермен бірге, қытай елінің императорына дейін көз алдымызға алып келеді. Соның нәтижесінде қоғамдық мән-мағынасы, саяси күші, актуальділігі қазіргі заман шығармасынан кем соқпайтын дүние туған.
Есенгелді би – әрі батыр, әрі би. Оның үстіне жауырыны жерге тимеген балуан. Әкесі Құдайназар батыр, апасы Күләйім бір топ ауылдастарымен бірге тұтқиылдан бас салған қалмақтардан қашып үдере көшкен тар кезеңде тосқауыл құрып, жаудың алдын бөгеп, ерлікпен қаза табады. Бұл кезде – Есенгелді бес жасар бала... Қазақ елі ата жауымен екі ғасырдан астам аттан түспей айқасқан ғой. Есенгелді де талай доданың ащы дәмін татып үлгереді. Қазақтың бас батыры Қаракерей Қабанбайдың сеніміне ие болып, нешеме сұрапыл жекпе-жекте жаудың айтулы батырларын жер жастандырады.
Есенгелді батыр ретінде романның экспозициясында, соншама ерлік көрсетіп жүрген кім дегізетін кіріспе бөлімінде көрінеді. Шығарманың қалған бөлігі Есенгелді бидің қоғамдық қайраткерлігін, кісілік келбетін кестелеуге арналған. Және мұның өзі сюжеттің арқауы бола отырып, Қазақ елінің тірлігіне қатысты үлкен проблемаларды қозғайды. Әсіресе, бірімен бірі тығыз байланысты екі проблеманы бөліп айтуға керек. Бірі – ел бірлігі, екіншісі – қазақ жолы мәселелері. Қазақтың өзіндік дәстүрі, дара қасиеті хақында талай қызықты әңгіме шертіледі.
Қазақ руларын, тайпаларын біріктіріп басын қосқан күш бір Құдай да, содан соңғысы Отан үшін, туған жер үшін ата жаумен айқас, дейді роман. Романның сол ұлағатты сөзінің қазақ Дарабозының атынан айтылуы өте-мөте ұтымды шыққан.
Романның бас кейіпкері Есенгелді бидің бір билігіне байланысты талқыда «Қазақ жолы осы» деген сөз айтылып қалады. Ол қазақ менталитетіне қатысты пікір.
...Бір қыз бен жігіттің айтысы төбелеске ұласады. Сонда қызбен айтысқан жігіттің жағы сынып, ауруы асқынып ақыры өледі. Құн дауы қозғалады. Қазақтың өзара жанжалында кісі өлтіру үлкен қылмыс саналады да, оның өтеуіне бір ғана адам емес, қылмыскердің руы түгел жауап береді. Елдің игі жақсылары осындайда жанжалдың ру қырқысына әкеп соқпауын қадағалайды. Айыпты қанға қанмен емес, белгілі мөлшерде пұлмен өтеуі керек. Есенгелді би әділ қазылығында әз Тәуке ханның «Жеті жарғысының» сол бұлжымас заңын басшылыққа алады.
Айта кету керек, билер айтысы – автордың ең сүйікті стихиясы. Нешеме қилы мақал, мәтелдерді боратып, дау-дамайға өзі түсіп отырғандай көсіліп береді.
Тарихи роман қазақ жолын мұқият сақтауға шақырады. Төле би Ташкентте көп тұрған ғой. Сондағы қай жұрттың түзде мырза, үйде сырдаңдығын сынайды.
Керей Жәнібек батыр да нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек бидің бауырында өседі. Ол да жатқан бір қызық хикая...
Осынау хикая түгелімен және «Есенгелді би» романындағы тағы да бірқыдыру материал кейде тікелей, кейде редакциясы өзгертілген түрінде «Жарылғап би» романында қайталаныпты. Ондай тұстарын жазушы шығармасының кезекті басылымында алып тастауы керек шығар...
Дегенмен, жазушы мұндай қайталаушылыққа кейде еркінен тыс ұрынғанын да ұмытпауы керек.
Жанат Ахмадидің келесі романы «Айтұмар» да жоңғар шапқыншылығы тұсындағы шытырман оқиғаға арналыпты. Оның бер жағында үйсін елінде қарадан хан сайланған Нұрабай туралы сыр шертеді. Ресейдің 1 Александр патшасы 1822 жылғы бір жарлығында қазақтарды бұдан былай да Шыңғысхан тұқымынан шыққан сұлтан мен төрелер басқарсын деген жарлық шығарғаны мәлім. «Жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деген белгілі мәтел де бар. Қазақ билері ру, тайпа басқаруға төрелердің біреуін шақыртатын. Қалыптасқан ережені бұзудан үйсін ұтты ма, ұтылды ма? Осы сауалға роман айқын жауап береді. Және жауабы қарадан да хан болатын кісі табылады деумен шектелмейді. Төре, сұлтан хан сайланғанда жоғарғы өкімет пен халық арасындағы қатынас мәселесі бұрынғыдан өзгеше, мүлде жаңа тұрғыдан шешілгеніне арнайы тоқталады.
«Айтұмар» романы – жоғарыда талданған Ұзақбай Доспанбетовтің тетралогиясы секілді тәуелсіздік көзімен жазылған шығарма. Бұл туындылар бүгін біз мақтаныш ететін ел бірлігі оңайға түспегенін, ауыр сын үстінде шыңдалғанын, еркіндігіміз еліміздің ең асыл азаматтарының қанымен төленгенін қастерлей білуіміз керектігін уағыз ететін құнарлы идеямен суарылған.
«Айтұмар» жанрын автор этнографиялық роман деп атапты. Шығарма өрнегінің өн бойына ол халқымыздың тұрмыс-тірлік, мәдени-рухани ерекшеліктерін дарыта білген. Жазушы Әзілхан Нұршайықов айтқандай: «Ж.Ахмадидің «Айтұмар» этнографиялық романы бүгінгі қазақ тілі жұтаң тартып, әрі ұлттық салт-дәстүріміздің кейбір жақтары ұмытылып отырған кезеңде ұлт мерейі үшін қажет туынды деп жасқанбай айтуымызға болады».
Шынында да шығарма кейіпкерлері шетінен дерлік: би, батыр, ақын-жыраулары, ауылдың орамал тартқан бұрымдысы, кемпір-сампырына дейін кілең қаны шыққан «этнографтар» ма дерсің.
Халықтың рухани байлығын жарқырата дәріптегенде автор елінің абырой-мерейін арттыруды, мәртебесін биіктетуді көздейді. Төле би, Бұқар жыраудай тілінен бал тамған жорға, жүйріктерді былай қойғанда Күндеқыз – Шақылдақ әженің де сөзге жүйрік шешендігі құр ділмәрсу емес. Елжіреген шешелігі жас ұрпағын адамдыққа, кісілікке баулуға бағытталған. Дандайсыған жоңғарға тойтарыс беруге шақырғанда тіптен шабытты, көреген. Осындайда Шақылдақ әженің характері, адуынды, тегеурінді мінез болмысы ерекше ашылады. Шақылдақ әже ел күй-жайының кінәратын нағыз тәуіп-тамыршыдай дөп басады.
Ашынған ата-бабамыз «Аттан!» салып, жанқиярлық ерлік көрсетіп, ұлан-байтақ жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалғанын көптеген басқа да жазушылар сияқты Ұзақбай Доспанбетов пен Жанат Ахмади жеріне жеткізе, әдемілеп суреттей білген...
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
* * *
РЕДАКЦИЯДАН: Көрнекті әдебиеттанушы Шериаздан Елеукеновтің бұл мақаласы жарияланған күн қазақтың белгілі прозашысы, сыншы Ұзақбай Доспанбетовтің жетпіс жастың жотасына шығуымен тұспа-тұс келіп отыр. Әдебиетімізде қырық жылдан астам уақыттан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан, «Ел есінде», «Шың мен шыңырау», «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы», «Тіл өнері дертпен тең» сияқты елеулі кітаптардың, сыни еңбектердің авторына мерейлі тойы тұсында шығармашылық шабыт, адамдық бақыт тілейміз.