30 Наурыз, 2011

Шәмшінің әкесі

929 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРДІ ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ БИІГІНЕ КӨТЕРЕ БІЛГЕН ҰСТА БОЛҒАН Бүкiл қазақ даласын жаңғыртып, әсем әнге бөлеген бiртуар сазгер Шәм­шi Қалдаяқовтың 80 жылдық мерей­тойы был­тыр мемлекеттiк деңгейде ата­лып өтті. Ұлы композитордың кiн­дiк қаны тамған Оңтүстiкте басталған той дүбiрi Қазақ даласын әлі күнге жыр самалымен тербеп тұр. Шым­кент­те «Шәмшi әлемi» атты арнайы аллея ашылды. Мұнда Шәкеңнiң алып ес­керт­кiшi орнатылып, «Жұлдыздар сая­ба­ғына» талант­ты­лар­дың есiмi жа­зыл­ды. Әрине, бiртуар азаматтың есiмiн ас­қақтату қай жағынан алып қара­са­ңыз да абыройлы iс әрi тiрiлердiң үл­кен парызы. Дей тұрсақ та, Шәмшi ағаның жеке басынан асып әрiге көз жiбере алмаған сияқтымыз. Неге? Бүкiл әлемдi там­сан­дырған, бүкiл даланы ән салдырған Шәмшiнi өмiрге әкелген әке-шешесi кiмдер едi? Арғы аталары кiмдер бол­ған? Мiне, осыны естен тарс шығарып алған тәрiздiмiз. Шәмшiнiң әу баста азан шақырып қойған аты «Жәмшид» екені белгілі. Қалдаяқ жасынан Созақ жақтағы Қы­зыл­көл маңын мекендеген Шәдi тө­ремен табақтас, дәмдес-тұздас, сырлас болған кiсi. Шәдi ша­йырдан Жәмшид ту­ралы көп естiген. Ер­тедегi парсы пат­ша­сы Жәмшидтей бол­сын деп ырымдаса керек. Кейiн ауыл адам­дары Шәмшi атап ке­тедi. Шәмшi аға патша бола алмаса да, «Вальс королi» атанды. Ал әке­сiнiң шын аты – Әне­пия. Аяғында қалы болғандықтан оны жең­ге­лерi «Қалдаяқ» атаған. Мұны, әрине, Шәкең қай­­дан бiлсін. – Атың кiм? – Шәмшi. – Кiмнiң баласысың? – Қалдаяқтың. Осылай бiрiншi сынып табал­ды­ры­ғын аттағанда «Шәмшi Қалдаяқов» боп жазылып кетедi. Он жылдықты бi­тiрiп, оған аттестат толтырар кезде қа­раса, мiне, қызық! Аты – Жәмшид. Әке­сiнiң аты – Әнепия. Атасының аты – Домбы. Мұғалiмдерiнiң сенгiш­тi­гi­нен төлқұ­жа­ты да, аттестаты да Шәм­шi Қалдаяқов болып толтырылып кеткен соң, осы атпен дүбiрлетiп дүние­ден өттi. Әнепияның әкесi – Домбы дедiк. Ол ошақты Сүтбенбет баймен де, Шу бойынан тоған қаздырып, су жайып, егiс ектiрiп, төрт-түлiк мал айдаған, осы күнге дейiн Шу бойында «Тө­ре­тоған», «Төретам» деген қоныс­та­ры­ның аты қалған Жүсiпбек төремен де қатар қонған кiсi екен. Домбы елге сыйлы, адамгершiлiгi мол, шешен­дi­гiмен қатар ақындығы да бар шаруа ада­мы болған. Кейде кiре тартып, ке­руенбасы ретiнде танылған. Жер-су аттарына қазақ кiсi есiмiн тегiн бермейдi. Домбының атағы дүр­кiреп тұрғандықтан болар, Созақ елi­нiң жазғы жайлауы – Бетпақдалада «Дом­бының жайлауы», «Домбының құ­­дығы» деген аттар қалған. ... Бiр жылы көктемде Домбы керуен бастап жолға шығады. Түйеге тең­дегенi терi-терсек, жүн-жұрқа екен. Осы­ларды өткiзiп, ауылға қант-шай, киiм-кешек әкелмек. Ол кезде базарға күнде бару қайда, көршi ауылдың Шер­әлi деген сараң байы Домбының базаршылап бара жатқанын бiлiп, «ма­ған ананы әкел, мынаны әкел» деп қолына бар-жоғы бiр теңге ұстатыпты. Бүгiнгiдей емес, базарға айлап жүрiп барып қайтатын заман. Домбы жи­нал­ған жамағайынға базарлығын үлес­тiрiп, соңында Шерәлi байдың бiр тең­гесiн қақпақылдап қолына ұстатыпты да: – Шерекең берген бiр мiрi, Орынборға барғанда, Есебi жоқ пұл болды. Есебiне жете алмай, Ақылым айран дал болды. Бiр тиынға басшы алдым, Бiр тиынға қосшы алдым, Бiр тиынға мата алдым. Сырдың бойын аралап, Саудагер мырза атандым, – дептi. Сараң бай сөз тауып айта алмай жер шұқып отырып қалыпты. Домбының ұлы Әнепия (Қалдаяқ) арабша сауатты кiсi болған. Ол ақын әрi дiнтанушы. Шәдi төре Жаһан­гер­ұлы­ның жақын шәкiрттерiнiң бiрi екен. Бүгiнде Отырар мемлекеттiк ар­хеологиялық қо­рық-мұражайында сақ­таулы «Әбжад таф­сирi», «Дұғалар», «Дiн­ге уағыздың сауа­бы», «Азан ай­тылғанда айтылатын дұ­ға­лар және оған түсiнiк» деген қолжазбалар (бәрi араб әрпiмен жазылған) Қалдаяқтың жас­тығының астына жастанып оқитын еңбектерi көрінеді. Сонымен қатар Ас, Адаудин Умар ат-Тафтазанидiң «Шарх әл-Мақасид» – «Мақсаттар түсiнiк­те­ме­сi» атты екi томдығы Қалдаяқ қо­рынан алынған. Бұларды мұражайға тапсырушы Жұмаш әжей (Шәмшiнiң екiншi шешесi) мен Қалдаяқтың кенже баласы Бақыт. Осы айтылғандар кезiнде Қалдаяқ­тың өз бетiнше көп оқыған, дiни са­уатты кiсi болғанын аңғартады. Ол дiни кiтаптарды көп оқыған әрi Кеңес өкiметi тұсында бұл еңбектердi жа­сырын ұстаған. Дiни сауатты, оқығаны мен то­қы­ғаны көп Қалдаяқ әрi өнерпаз, әрi зергер, ұста болған. Оның Шәдi төренiң шәкiртi болғанын жоғарыда айттық. Шә­дi қаламнан қолы талғанда ұс­та­ханаға барып, Қалдаяққа көрiк бас­тыр­тып, неше түрлi бiлезiк, сырға, жүзiк соғады екен. Сөйтiп жүрiп Қалдаяқтың көзi Шәдi шайырдың қарындасы Сақыпжамалға түседi. Са­қып­жамал суырып салма ақын едi. «Егер қа­рын­дасымды айтыста жеңсең, қыз се­нiкi» дейдi Шәдi. Сәтiн салғанда Қал­даяқ Сақыпжамалды сөз сайысында сү­рiндiредi. Қараға қыз бермейтiн төрелер заман ызғарынан сескендi ме, кiм бiлсiн, Са­қып­жа­малды Қал­даяқ­қа ұза­тады. Кейбiр дерек бойынша жас от­басы Созақ ауданы, қазiргi Таукент қа­лашығының түбiндегi Жыныс деген ау­ыл­да тұрған. Тау беткейiне жақындау тұста Қалдаяқ үйiнiң жұрты әлi де бар. Жанынан шағын өзенше ағып өтедi. 1923 жылы Қалдаяқ Сыр бойында тұратын әпкесiнiң көмегiмен, екiншi жағы қайнағасы Шәдiнiң Бұхарада бiр­ге оқыған досы Оспан әжiнi сағалап, Са­рыкөл деген жерге қоныс аударады. Өйткенi, мұнда дәулеттi кiсiлер көп тұр­ған. Олар ұзатылар қыздарына, әй­ел­дерiне түрлi әшекейлер мен зергерлiк және тұрмыстық заттарды жиi-жиi жасатады екен. Қалдаяқтың Сарыкөлге суыт көшуiнiң тағы бiр сыры сол ке­зеңде шолақ белсендiлер мен мили­ция­лардың бай-манапқа күн көрсетпеуінен болса керек. Сарыкөлде қожа-мол­да­лар­мен қатар, төлеңгiттер де мекендеген. Осында Қалдаяқтың қонысы, Ос­пан әжiнiң медресе-мешiтi де берiге дейiн бұзылмай тұрған. 1970-1980 жыл­дары Сырдария тоған-балық шаруа­шылығының құрылыс жұмыстары бас­талғанда Қалдаяқпен қоңсы отырған Қожамқұл Одаманов, Досыбек Бал­қа­шов, Келдiбек Жабатаев шаруа­шы­лық­тың бас жоспарына қосымшалар ен­гiзiп, медресе-мешiт пен ұстаның тұ­рағын бұзылудан аман алып қалған едi. Көнекөз қариялардың баян ету­ле­рiн­ше, Қалдаяқ ұста Сарыкөлде Махан­бет­салының әкесi Оспан әжiмен қатар қо­ныстанған. Оспан әжi Бұхарадағы Кө­кiл­таш медресесiнде бес жыл, Меккеде көп жыл оқып, елiне келiп медресе ашып, бала оқытқан ғұлама кiсi болған. Қал­даяқ ұста Оспан әжiге арнап шаппа жасап, сабына арабша алтын-күмiстен ойып жазу жазып сыйлаған деседi. Ал, Оспанның ағасы Әубәкiр старшын екен. Ол Қалдаяққа көп жақсылық көр­сеткен. Қалдаяқтың тағы бiр қасиетi – ем­шi­лiгi екен. Онымен өмiрiнiң соңына де­йiн iргелес отырған, бүгiнде еңбек ар­дагерi, шежiренi жақсы айтатын До­сы­бек Балқашов ұстаның ұғымнан ұш­қары қасиетiн былай деп таратады. – Бiрде Дiнмұхаммед деген балам қатты ауырып, дәрiгерден дәрмен болмай өлуге айналғанда қысылғанымнан Қалдаяққа бардым. Жарықтық, балам­ды бiр-ақ рет үшкiрдi. Ертесiне ұлым басын көтердi. «Ұстаның көңiлiн тап­саң, ұста темiрдiң суын табады» деген сөз бар. Осы сөз Қалдаяқ сынды жан­дарға арналып айтылған ғой. Жалпы, Қалдаяқтың дiни бiлiмдi, қазақша, арабша, орысша сауатты, бо­ла­шағын болжай бiлетiн көрiпкелдiгi, үш­кiретiн тәуiптiгi жөнiнде ел аузында бiр қыдыру әңгiмелер бар. Келiндер сәби­лерiне көз тисе ауруханаға емес, атасына келетiн. «Ата, түкiрiп бе­рi­ңiз­шi» деп қиылатын. Оның еміне кү­мәнсiз сенетiн. Қалай дегенде де, Қалдаяқ жан-жақты болған. Ұстаханасына керек құ­рал-сай­мандарды өзi жасап алған. Ол ұлттық қолөнердi өз заманының биiгiне көтере бiлген жан десек, жаңылыса қоймаспыз. 1928 жылы ол Сарыкөлден Түркiс­тан қаласына жұмыс iздеп барады. Сол тұста бұл аймақ әкiмшiлiк жағынан Түр­кiстанға қарайтын. Осындағы депо­ға темiр ұстасы болып қабылданады. Кейiннен Арыс қаласына ауысады. 1931 жылы Арыс өзенiне бөгет-тоған са­лы­нады. Колхоздастыру тұсында ол Шә­уiлдiрге оралып, тоғанның бас ұс­та­сы болған. Тоғанның құрылысы аяқ­талған соң, яғни 1936 жылы оған ең жоғары награда – Ленин орденi табыс етiлген. Ордендi ұстаның орны қашан да төрде болары белгiлi. Қалдаяқ 1937-1938 жылдары «Темiр» МТС-дегi ұс­таханада еңбек еттi. 1939 жылы колхоз бас­қар­масының төрағасы Әлішер Смай­ловтың шақыруымен «Қызыл Түр­кiстан» кол­хо­зына ауысқанда бес саусағынан өнерi тамған Қалдаяқты өзiмен бiрге ала кеткен. 1944 жылдың 20 ақпанында ол №125 Темiр түйе зауытына жұмысқа ауысады. 1969 жы­лы әйгiлi «жаман қыстан» соң Арыс өзенi тасыған кезде өзен жаға­сындағы қоржын тамдардың көбi суға кеткен ғой. Мiне, осы апатта Қалдаяқ ұстаның үйi де, бүкiл құжаттары, дүние-мүлкi суға кеткен. Соның ішінде орден де кеткен... Қалдаяқ қазақ қо­л­өнерiнiң аса бiл­гiр шеберлерiнiң бiрi десек, қате­лес­пеймiз. Ол ағаш ша­бу, металл өң­деу, сүйек пен мүйiзден түрлi бұ­йымдар жа­сау­дың әдiстерiн то­лық меңгерген. Қо­лындағы ма­те­риалдарды жо­нып, қа­лаған пiшiнге келтiру, ию, ою, шегелеу, отқа қыз­дырып соғу, қалыпқа құю, кеп­теу, тiнiкелеу, қаралау, бе­дерлеу, бе­зеу, сiрке алу, қақ­тау, дәнекерлеу, ұла­малау, тағы бас­қа да әдiс-тә­сiл­дерiн жетiк бiледi екен. Сол жылдары кол­хоздарға ал­ғаш­қы ауыл­ша­руа­шы­лығы тех­ни­­ка­ла­ры келе бас­таған ғой. Әйт­се де дала жұ­мыс­та­рына көптеген құрал-сайман керек едi. Сондықтан ұста қолғабысы ауадай қажет болатын. Бi­ле­тiндердiң ай­ту­ын­ша, сол тұста тех­никаға қажет қосалқы бөлшектiң кез келген түрiн Қалдаяқ ұста зауыттан шыққандай етiп өзi жасап жүрген. Станок, басқа да қажеттi жабдықтар жоқ кезде оларды қалай жасады екен деп таңырқайсыз. Бұ­лар­дан бөлек арба, шана сияқты сүйретпе көлiктердi, жер ағаш, темiртас, мойын­тұрық, тырма, айыр, күрек, кетпен, дән үккiш, орақ шалғы, қы­рықтық, пышақ, қақпан, мыл­­тық, кiсен, шаппашот, байтесе, қай­шы, қысқыш, кепсер, қыр­ғыш, керней, темiр пеш, үш аяқты темiр ошақ, кебеже, сандық, басқа да ша­руа­шы­лықта, күнделiктi үй тұр­мы­сында қол­да­ны­латын құрал-жабдық, сайман­дар­ды жасап шығарған. Зергер ретiнде жүзiк, сырға, бiлезiк, шашбау, шаш­тең­ге, шол­пы, өңiржиек, құдағи жү­зiк, кемер белдiк жасап, қамшы өрген. Ер-тұрман жасайтын да өнерi болған. Соғыс жылдарында майданға арбалар жөнелтiледi екен. Эшелонға ти­ей­тiн арбалар түгелдей ұстаның сынынан өткiзiлетiн көрiнедi. Кей арбалардан ақау шығып, оны Қалдаяқ қалпына келтiретiн болған. Жалпы, Сарысудан Сарыкөлге де­йiнгi қалың елде Қалдаяқтың қолынан жа­сал­ған талай қолөнер туындысы қал­ған. Бертiнде Отырардағы Әбу На­сыр Әл-Фа­раби музей-кiтапханасына ұс­та­ның қолы­нан шыққан құрал-сай­мандар жинала бастады. «Қызыл Түр­кiстан» колхозында Қалдаяқтың бал­ға­шысы болған Келдебек деген кiсi шаппашот, дән үккiш, қолтөс, шалғы орақ­тың мойын те­мiрiн, балта шо­тын тап­сырған. Қал­даяқтың Арыс қала­сында, Шәмшi ауы­лында тұратын ұрпақ­тары мұражай үшiн атаның көзiндей жәдi­гер­лердi тапсырған. Солардың бiрi – Арыс қа­ла­сында тұратын келiнi Сағ­дия Гафан­қызы Минуллина (Қал­даяқ­тың Қадiр деген баласының әйелi) ши барқыт шапа­нын, ағаш балғасын, Шәм­шi ауылында тұ­ратын кенже ұлы Бақыт қобдишасын, үлкен қол ша­ры­ғын, бiлiк төсiн, зер­герлiк әшекей зат­тарын, немере келiнi Аманкүл Мәу­лен­қызы қырғыш пен қант қайшысын өт­кiзген. Пернекүл Бақ­жа­нова әжей қыс­қыш тапсырған. Ол Қал­даяқ атамен көршi болған. Шәуiлдiрлiк ардагер ұстаздар, ерлi-зайыпты Құрманбай Әлшериев пен Алма Мағжанова отбасында қадiрлеп сақтап келген Қалдаяқ дүкенiнiң те­ре­зесiне қо­йылған айшықты темiр тор мен кезiнде қол­қалап жасатып алған кепсердi, әкесi Әлішерге жасап берген ұстараны мұ­ражайға сыйлаған. Халық ақыны, белгiлi айтыскер ақын Әселхан Қа­лыбекова ел iшiнен тағы бiр осын­дай ұстара тауып, мұражай қазы­на­сы­на қосыпты. Отырар мемлекеттiк ар­хеологиялық қорық-му­зе­йiнiң негiзiн салушы Асантай Әлiмов Қал­даяқ ата­сынан алған төстi мұражайға өз қо­лымен әкелiп берген. Белгiлi ақын Айт­бай Белгiбаевтың зайыбы Хан­ша­йым әжей де ұста жасаған шап­па­шот­ты сақтап қалған екен. Шәмшi ғұмырының соңында оты­рар­лық достарына әкесiнiң дүкенiн, ол жасаған қолөнер туындыларын табыс­таған. «Халық менi ұмытса да, дүкен ұстаған әкемдi ұмытпаса екен» деп аманат еткен. Бәлкiм, бұл перзенттiң әке алдындағы үлкен парызы шығар. Қалай дегенде де халық жадынан Шәмшiнiң мәңгi өлмес әндерiмен қатар әкесi Қалдаяқ ұстаның қолөнер туындылары да шықпауы тиiс. Қазаққа Шәмшiдей ұл сыйлаған Қалдаяқ ата мен Сақыпжамал апаның өнерi өз алдына зерттеудi қажет ететiн қазына. Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Шымкент.