Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры сахнаcынан «Жандауа» психологиялық драмасын көріп, терең ойға кеттік. Қойылымның авторы – осы театрдың режиссері әрі драматург Болат Ұзақов.
Ең алдымен, біз бұл шығарманың қоғамдық кеселмен кектесе күреске түсіп жүрген, үлкен азаматтық жүк көтеріп жүрген туынды екенін айтсақ дейміз.
Енді оның қандай кесел екеніне келсек, ол – талай-талай отбасыларын ойран етіп, шаңырағын ортасына түсіріп, қоғамға және әлеуметке зор зиян келтіріп, тақсірет тартқызып отырған нашақорлық. Автор сол ғасыр кеселінің бет пердесін сыпырып тастап, жалаңаштап көрсетеді. Бір отбасының трагедиясын көз алдыңнан өткізе отырып, нашақорлықтың сап-сау адамды айуандық күйге түсіріп, адамгершілік қасиеттерден жұрдай етіп, қандай зардап шектіретінін сахнада жан түршіктіре суреттейді.
Қалада оқып жүрген ұлы мен қызы туған-туысқандары мен қадірлес ағайынның ортасында аман-есен тұрып жатқан әкесі мен шешесін үйлерін сатқызып қалаға көшіріп әкеледі. Сөйтсе, ұлы да, қызы да есірткінің тұтқынына түскендер екен. Оқуларынан шығып қалған. Елден қалаға бекер көшіп келгеніне шал қатты күйінеді, өкінеді. Бірақ, «көресіңді көрмей көрге түспейсің» дегендей, нашақор ұлынан көресінің көкелерін көреді. Нашақор ұл үйдегі заттарды бірде сұрап сатып, бірде ұрлап сатып жүдеушілікке ұшыратады. Шал мен кемпірдің зейнетақыларын алған сайын берсе қолынан, бермесе жолынан алып, апталап жоғалып кетіп, әке-шешесін әлекке салады. Қарындасын да есірткі шегуге үйретіп, өмірін қараң етеді, тұрмысқа шыққалы жүрген жігітімен төбелесіп, екеуін айырып жібереді. Сол жігіттен туған баласын қалай асырап, қалай күн көрерін білмеген байғұс қыз қасірет шегеді. Баласын жетімектер үйіне апара жатқан жерінен шешесі әрең тоқтатады.
– Тек! Аузың қалай барады? Бәріміз тірі тұрып қалай тапсырамыз! Ол біздің немереміз, ұрпағымыз емес пе! Мұндай ой қайдан келді басыңа. Өзінің іштен шыққан баласын көзінің тірісінде жетімдер үйіне тапсыру деген не сұмдық! ...Әй, қызым-ай, мұнша тасжүрек болармысың. Ей, айуан екеш айуан да өз баласы үшін ақырғы демі қалғанша арпалысып өлмей ме. Оның жанында біз адамбыз ғой! Мына тас үйлер, тас көшелер, тас қабырғалар жүрегіңді әбден тас қылыпты-ау... Қой, мынауыңды әкең естімесін.
– Енді қайтем, апа... не бітірген оқуым жоқ, не жұмыс жоқ, байсыз бала тауып отырған түрім мынау... Сендерді бағудың орнына тірі масыл болдым ғой. Кейде басым ауған жаққа қаңғып кеткім келеді.
– Қой, жаным, түңілме. Мұның бәрі уақытша ғой, айналайын... Е.., жалғыз балаға жете алмай зар болып жүргендер қаншама... Құдайға тәубе де!
Көз алдымызда екі ана бейнесі. Бірі – жас ана, бірі – қарт ана. Бірінің жүрегін есірткі мен тас қала, тас жүректі адамдар тасқа айналдыра бастаған. Екіншісі – салт-дәстүрі мен адамшылық қасиеттерінің қаймағы әлі бұзыла қоймаған ауылдан келген ана. Ол баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын.
Санасын есірткі улап, ар-ұяттан айырыла бастаған ұлын жаманатқа қимайды. Қайран мейірімді ана жүрегі-ай, деп өз анаңды еске аласың, жетесіз ұлдың қылығына ашынасың.
Қойылым бір актілі, екі көріністі ғана ықшам болғанымен айтары көп. Автор кеселдің өзін және сол кеселге ұшырағандардың трагедиясын ғана көрсетіп қоймайды, сонымен, жастарды нашақорлық дертіне шалдықтырған себептерді де қоса әшкерелеп, кеселдің неден өршіп таралып жатқанын айтып, соған назар аудартады.
Ол азғындатушы күш – есірткі бизнесі. Есірткі кәсіпкерлері үшін нашақор жастардың көп болғаны пайдалы. Қойылымда Ұзын және Қысқа деп шартты ат қойылған екі кәсіпкер бар. Жастарды наша тартуға баулып, өнімдерін өткізіп, содан қыруар табыс тауып жүреді. Ақшалары жоқтарға өнімдерін қарызға бере-бере өздеріне тәуелді етіп қояды, сөйтіп, қарызға батырады. Кемпір мен шалдың ұлы оларға 10 мың доллар қарыз боп шығады. Үйлеріне келіп «пәтерлеріңді сатып, қарызды төлеңдер» деп күш көрсетеді. Бұған ашынған шал оларға қамшы ала ұмтылады. Қара күш иесі Ұзын шалды шалқасынан түсіреді. Оған болыспақ болған кемпірін де, қызын да торғайдай шырылдатады.
– Сен, әзәзіл ит, оны осыған жеткізген сенсің, сен қанішер жалмауызсың! Құдай жазаңды берсін! – дейді ашылған әке.
– Ол аспанда. Ал жердегі құдай бізбіз. Сондықтан бізге сыйынғаның дұрыс болады. Біздің артымызда сан мыңдаған әскеріміз бар. Олар біз не айтсақ, соны бұлжытпай орындайды. Олар үшін әке-шеше де, туыс та, әйел, бала да керегі жоқ. Оларға тек біз керекпіз. Және ол әскер ешқашан қартаймайды, өйткені, үнемі жаңарып, жасарып тұрады. Біреуі өлсе, орнына үшеуі келеді… өздері келеді. Біз оларды зорламаймыз. Тек дер кезінде керегін тауып беріп отырамыз… – дейді – Қысқа.
Қойылым авторы кеселдің көзін, міне, осылай ашып береді. Көп сөзбен емес, аз сөзбен, аз да болса дөп сөзбен жастарымыздың неден бұзылып, неден сүрініп жүргендерін анық айтып көрсетеді, кіммен күресу керектігін нұсқайды. Нашақорлар үшін қасиетті де ештеңе жоқ. Шал мен кемпірдің жұпыны үйінде екі ғана қадірлі зат қалады. Бірі шалдың күмістелген ері, екіншісі, кемпірдің алтын білезігі. Ұлы ерді “музейге қойып елге көрсетеді” деп алдап сатып жібереді. Қойылым соңында шешесінің қолындағы алтын білезікке жармасады.
Міне, осы көріністен-ақ нашақор ұлдың адамдық қасиеттен мүлдем айырылғанын көресің. Шешесінің өз еркімен бермейтінін білген ол тартып алмақ болып, қолына жармасып сүйрелеп төсектен құлатады, араша түскен қарындасын да, әкесін де ұрып жығады. Осы кезде қыздың татуласпақшы болып жүрген спортсмен жігіті Азамат кіріп келіп, оны көтеріп алып, жерге атып ұрады. Есін жиған шал жүгеннің тізгінімен есіріктенген ұлының қолын байлап тастайды.
Қандай ғана жауыз ойлап тапты бұл сұмдықты?! Адамды малдан бетер құбыжық қылуға кімнің қақысы бар! Тұқымымызды тұздай құртатын жеті басты жалмауыз ғой мынау. Қайдан… қайдан ғана душар болдың бұл пәлеге.
Жоқ! Бұған жол бере алмаймын! Қарғыс атқырлар! Сендер менен баламды ала алмайсыңдар! Кемпір жинал! Тарттық ауылға. Қызым ора немеремді. Балам, ешкандай дәрінің де, дәрігердің де керегі жоқ. Туған жердің қасиетті таза ауасы мына пәледен мәңгі құтқарады! – дейді бір кезде оқыс шешімге келген әке.
“Жандауа” психологиялық драмасы шалдың осындай тебіреністі сөздерімен аяқталады.
“Жандауаның” авторы Болат Ұзақов әрі драматург, әрі режиссер болғандықтан оқиғаны шашыратпай, аз сөзбен көп мағына беруге, аз оқиғаға көп жайды сыйғызуға күш салған. Көшеде, аулада жастардың улаған-шулаған дауыстарын естіртіп, бей-берекет тәртіпсіз жүріс-тұрыстарын аңғарту арқылы қалалық жерлерде жастар тәрбиесінің бетімен жіберілгенін білдіреді. Қала жұртшылығы, тіпті қатар тұратын көршілердің бір-бірлерімен араласпайтындықтарын, қатыгездіктерін шалдың ой-пікірлері арқылы сынға алады.
Оларға қарама-қарсы кейіпкер – Нұрбол. Оның қалаға бір шаруамен келіп, шалдың үйіне сәлем бере кірген сәтін автор былай суреттейді. “Үйге ұзын бойлы, денелі, екі бетіне қан ойнаған, жиырмалар шамасындағы жігіт кірді. Оның ақжарқын күлкісі мен жылы жүзі кірген бойда бүкіл үйдің ішін көңілдендіріп жіберді. Ол кірісімен Шал мен Кемпір бүкіл ауыл көшіп келгендей қуанып, бәйек болып, әбден әбігерге түсті. Үстіндегі киімінен, сөз сөйлегенінен, мінез-құлқынан қазақтың кең даласының исі аңқып тұрғандай!”
Иә, мен бұл спектакльді жанарыма жас үйіріліп отырып көріп шықтым. Көз алдымнан бір отбасының ғана қайғы-қасіреті емес, мыңдаған адамдардың басындағы трагедия тізбектеліп өтіп жатты. Автор соны аңғарту үшін кейіпкерлерін шал, кемпір, ұлы, қызы, Ұзын, Қысқа, Спортшы деп қана атайды. Ат берілген Нұрбол ғана. Есірткіден, арақтан қаншама отбасылар ойран болып жатыр десеңізші. “Жандауа” драмасы, міне, қоғамдағы осы кеселден сақтандырып, адамдарға, жастарға ой салуды көздейді.
“Жандауаны” автор психологиялық драма деп атапты. Шынында, бұл трагедия. Бас кейіпкер өлсе ғана трагедия болады дегенге келісе беруге болмас. Қойылымда Қысқаның былай дейтіні бар: “… шал, менің саған айтар ақылым, ол балаңды ойламай-ақ қой. Ол біткен бала”. Онда оның өлгені емей немене?
Енді қойылымның кейбір кемшіліктеріне келсек, осындағы спортшы бейнесі ашылмаған. Ол қыздың жігіті, баласының әкесі. Ұнамды кейіпкер. Қыздан да, баладан да бас тартып жүрген жоқ. Қайта қызды қаратып, емдетіп нашақорлықтан арылтады. Ең соңында ата-анасын, қарындасын жәбірлеген ұлдан оларды арашалап аман алып қалады. Бірақ автор оның аузына сөз салмайды. Қызды нашадан емдеткенін де қыздың шешесіне айтқан сөзінен ғана білеміз. Бір рет қана үйге келіп, кемпірге ұлымды көрейін, қызыңызбен сөйлесейін деп едім деп бірер ауыз тіл қатысады.
Иә, “Жандауа” есірткіге қарсы нағыз дауа болуы үшін тағы бір акт жетіспей тұр. Қойылымда кеселді бүкіл зардаптарымен көрсету бар да, онымен күрес жоқ. Шалдың ұлы мен қызын алып, елге көшіп кетуі ұлын ғана құтқарар. Ал басқа нашақорлар тағдыр тәлкегінде, есірткі бизнесінің қанды тырнағында қала берсін бе? Драматургтің азаматтық мақсаты өз шығармасымен ғасыр кеселіне дауа табу емес пе еді. Сол үшін де “Жандауа” деп тақырып қойып отыр ғой. Олай болса, драматург нашақорлықпен күрес туын көтерсе дейміз. Спортшы Азамат сол күрес кейіпкері болуға сұранып-ақ тұр.
Жұма- Назар СОМЖҮРЕК, сыншы.