«Еленбей жүрген бір есім», «ЕҚ», 03.12.2010 жыл
Мен – Ақмола маңындағы Амангелді деген қазақ ауылында туып-өскен татардың қызымын. Ауыл тұрғындары негізінен қазақтар болатын, сондықтан бәріміз де қазақша таза сөйлейміз. Мектепте де қазақша оқыдық.
Жасымнан өнерге құштар болдым. Алты жасар шамасында болсам керек, әлі есімде, бірде үйде жатқан ескі сырнайды қолыма алып, көп әуреленіп, ақыры құлағымда жүрген бір әуенге өздігімнен салдым. Менің қылығымды жабық есіктің ар жағында әкем тыңдап, құлағын түріп тұр екен. Оны көрген соң ұялып, сырнайды тастай салдым. Бірақ әкемнің екі көзі қуаныштан бал-бұл жайнап, қатты риза кейіпте екені сезіліп тұрды. Сол көріністі өмір бойы ұмыта алмай келемін. Ол менің қасыма келіп, маңдайымнан иіскеп, «Ойна, қызым, ойнай ғой, жақсы ойнадың», деді. Сол сөздер маған ғажайып өнер сандығының кілтін ұстатқандай болды. Осыдан әрі менің қолымнан ескі сырнай түспейтін. Ұзамай әкем аудан орталығынан бір айлық жалақысының жартысынан астамын жұмсап, әдемі сырнай сатып әкеліп берді. Үйдегі 9 баласының аузынан жырып, өнерлі баласын өбектеген қайран әкенің сол әрекетін қалай ұмытарсың...
Өнер өріне ұмтылған өскелең үмітіме демеу берген екінші қадам аяулы ұстазым, мектеп директоры Ақан Әубәкірұлының жазған мінездемесі болды. Ол менің талабымның зор екенін айта келіп, мінездеменің соңында: «Үлкен искусство шебері болуы мүмкін», деген сөздер жазған екен. Осы сөздерді күні бүгінге дейін ұмыта алмаймын. Сегізінші сыныпты жаңа ғана бітірген жас қызға берілген осынау үлкен баға менің арманыма қанат бітірді. Өзімнің өнер адамы болатыныма деген сенімім беки түсті.
Өнер жолындағы үшінші ұстазым білікті кәсіби шебер, ұтымды ұйымдастырушы, қайталанбас қайырымды тұлға Сайлау Боранбаев ағамыз еді. «Егемен Қазақстанға» шыққан ол туралы жазылған мақаланы («Еленбей жүрген бір есім», «ЕҚ», 03.12.2010 жыл) қайта-қайта оқып, көзімізге жас алдық. Ол біздің білім берген ұстазымыз ғана емес, ата-анамыздай ақылшымыз, жанашырымыз, үлкен мәдениетке үйретуші тәлімгеріміз де еді. Оқудан тыс уақыттарда да ол біздің жағдайымызды бақылап, жаны қалмай жанашырлық білдіріп жүретін.
1965 жылы Целиноградтағы С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институтта ашылған музыка факультетінің іргетасын қалаған бірден-бір адам сол кісі болғанын жақсы білеміз. Ал бұған дейін музыкалық жоғары білім беретін оқу орны Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория ғана еді ғой. Онда барып түсу солтүстіктік балаларға оңай болмайтындықтан өнерлі жастар музыка мектебі немесе училищемен (қазіргі колледждер) шектелетін.
Осы күні өзіміз ұстаз болғанда ол кісінің жанкештілігіне таңқаламыз. Бұрын музыкалық білім беру дәстүрі болмаған ортада оқу бағдарламаларын жасау, керекті музыкалық жабдықтар табу, сабақ өткізілетін орындар, студенттердің толып жатқан проблемаларын шешу оңай болмағаны анық. Әрине, ол кейін жанына білікті оқытушыларды топтастыра алды, бірақ олар да мәселе туындай қалса «Сайлау Боранбаевич қайда екен», десіп жүгіріп жүретін.
Мен аталған оқу орнына 1969 жылы түстім. Бұл – еліміздің терістік өңірінің бәрінен жиылған өнерге жақын жастардың шын мәніндегі орталығы еді. Біз Сайлау ағаны институтта күнде көретінбіз, кешке жатақханаға келсек, ол бізден бұрын осында жүретін. Таңертең тұрғысы келмей, жалқаулыққа салынып, керіліп-созылып жүрген студенттерді де таңғы жетіден сабаққа қуалап жүретін сол кісі еді. Барлық балалардың басқа пәндердегі үлгерімін де бақылап, оқудан шығып қалмауын қадағалап отыратын. Мәселен, ауылдан келген кейбір қазақ балалары орыс тілінің емтиханынан құлап қалса, сол пәннің мұғалімінің соңында студенті үшін Сайлау Боранбайұлы жүретін. Аманжол деген бір баланы оқудан шығарайын деп тұрған жерінен ректордың алдына алып барып домбыра тартқызып, алып қалғанын білеміз. Қазір сол жігіт Державиндегі музыка мектебінің директоры.
Әрбір курста 25 студент болды, сонда барлық төрт курста 100 шақты бала оқимыз. Сайлау аға соның әрқайсысын жақсы біліп, мүмкіндігі мен дарынына қарай болашағына болжам айтып отыратын. Мәселен, ақкөлдік Настя Максименко деген қызға: «Сен Ақкөлге барып, музыка мектебінің директоры боласың, сонда тұрмысқа шығасың», деген екен. Сол сөзі ақыры айдай келіп, қызымыз ұзақ жылдар Ақкөлдің музыка мектебінің директоры болды, сонда тұрмысқа шықты.
Ол барлық студенттерінің болашақтағы қызметін немесе өнер жолын осылай, көрегендікпен болжап отыратын. Олардың институттан кейін музыкалық білім беретін орта жоқ ауылдық жерлерге барғанын қалайтын еді. Көптеген студенттерінің жұмысқа орналасқан соң да тұрмыстық проблемаларын шешуге араласып жүргенін еститінбіз. Мұндай қамқорлықты шын мәнінде үлкен жүректі адамдар ғана жасай алады ғой. Біз 22 бала бітіріп шықтық, қазір соның бәрі де музыка саласында еңбек етіп жүр және бәріміз де кездескен сайын Сайлау ағаны сағынышпен еске алып жатамыз.
Ол талантты балалардан оркестр ұйымдастырып, жазғы демалысымызда тәжірибе болсын деп жақын аудандарға концерт апартатын. Біздің үлкен өнердің есігін ашуымызға осындай концерттердің пайдасы көп болып еді. Ауыл адамдары да мәз болып, қиын жұмыстан бір сәт дем алып қалатын.
Сайлау аға менің жеке басыма да үлкен қамқорлық жасаған-тын. Менің вокалдық мүмкіндіктерім жақсы еді. Оған өте жоғары баға берген мамандар да көп еді. Бірде Алматыдан атақты әншілер келе қалды, олардың арасында Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Сәуле Құрманғалиева болды. Сайлау аға мені, жүрегімді дүрсілдетіп, Тыңгерлер сарайындағы солардың ортасына қолымнан жетектеп алып барып, дауысымды тыңдатты. Бәрі де риза болып, өте дарынды екен, шақырту жібереміз, консерваторияға қабылдатамыз деп қалды. Бірақ, әрине, маған ешқандай шақырту келген жоқ... 1973 жылы институтты бітірген соң сонда оқытушылық жұмысқа қалдырылдым. Бірақ жоғары білім беруге білімімнің аздау екенін сезіп, консерваторияға түсіп оқығым келді. Сайлау ағаға сол ойымды айтқан едім, ол екі сөзге келмей консерваторияның ректоры, өзінің досы Еркеғали Рахмадиевке хат жазып берді. Онда біздің бір талантты қызымыз бара жатыр, мүмкіндігінше көмектесіңіз деген сөздер жазылған екен. Сөйтіп, 1974 жылы консерваторияға да Сайлау ағаның көмегінің арқасында түстім.
Содан бес жыл консерваторияда оқып, одан кейін 31 жыл Алматының Чайковский атындағы музыкалық колледжінде мұғалім болдым. Ол кезде консерваторияны бітірген өнерлі жас дайын, кәсіпқой әнші болып, әрқайсысы кемінде бес опералық партияны меңгеріп шығатын. Мен де солай, «Татьянаның әні», «Сараның ариясы» сияқты бес партияны меңгеріп, опера театрына жолдама алған едім, бірақ ол кезде аяғым ауыр болып, әншілікке бара алмай қалдым. Әйтеуір, қазір қызым Жәмила Жарқымбаева өнерімді жалғастырып, Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында әнші болып жүр.
Алматыға кеткен соң мен Сайлау ағаны көрген емеспін. Ол кісінің қаралы хабарын естігенде қатты қайғырдым. 2000 жылы 70 жылдығы болғанда осындағы институтта сол кісіге арнап өзімнің жеке концертімді бердім.
«Егеменге» шыққан мақала біздің Сайлау Боранбаев ағаны еске алуымызға қатты түрткі болды. Ол кісінің бізбен оқыған шәкірттері қазір бірігіп, ұстазымыз туралы естелік кітабын шығарғалы жатырмыз. Астанадағы №4 лицейдің домбыра оркестрінің жетекшісі С.Ахметжанов, Қорғалжындағы, Макинкадағы, Ерейментаудағы, Астанадағы музыка мектебі директорлары Д.Ахметов, В.Романенко, Б.Зәкібаев, В.Канцеров және т.б. естеліктерін жазып та қойды. Қазір Ресейдің Пенза қаласында тұратын Н.Настенко деген қызымыз да ұстазы туралы естелігін салып жіберіпті. Одан басқа университетімізде «С.Боранбаевтың музыкалық-ағартушылық және педагогикалық қызметі және осы заманғы көркемөнер білімін оқытудың проблемалары» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-практикалық конференция да өткізейін деп жатырмыз. Оған Сайлау ағаның шәкірттері ғана емес, Астанадағы белгілі музыка мамандары мен өнерпаздар қатысатын болады. Ұйымдастыру комитетіне департамент директорлары Г. Хусаинова, Г.Әлпейісова сияқты мамандар енгізілген. Біз Сайлау Боранбаев ағаның есімін жаңғыртумен қатар, оның жарқын есімінің ұмытылмауы тұрғысында шаралар жасауды жергілікті өкіметтен өтінетін боламыз.
Халида АБЫЛХАНОВА, Қазақ ұлттық «Шабыт» өнер университеті вокалдық өнер департаментінің директоры.
Астана.