31 Наурыз, 2011

Апта айшықтары

331 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
КӨКПЕКТІДЕГІ ЖАҢА АУРУХАНА «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Көкпекті ауданы­ның орталығында салынған 100 орындық аурухана мен тәулігіне 150 адам қабылдайтын емхананың салтанатты ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз байғазысын ала келді. 30 мың тұрғыны бар ауданда бұ­ған дейін күн талабына сай салынған аурухана болмаған. Енді, міне, үш операция блогы, жапондардың наркоз аппараты, басқа да құнды жаб­дық­тары бар аурухана іші керемет. Сырқаттар жататын бөлмелер кең әрі жарық. Салтанатты ашылуда Бердібек Мәшбекұлы аудан тұрғындарын келе жатқан Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтады. –Ал мына ауруханаға тарту ретінде «УАЗ» көлігінің кілтін тапсыруға рұқсат етіңіздер, – деді өңір басшысы өз сөзінде. Сол күні облыс әкімі бірқатар ғимараттарды ашып, өткен жылы су тасқыны орын алған лайлы су қоймасында болды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ҮКІЛЕГЕН ҮМІТТЕР Былтыр «Алаштың асқақ рухты жастары» атты облыстық VI форум өт­кен. Сол кезде алдағы уақытта «Сыр үміті» атты сыйлық тағайындала­тыны туралы сөз айтылған еді. Айтылған сөз айтылған жерінде қалмай, іске асты. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов облыс шеңберінде әр сала бойынша еңбек етіп, жұрт аузына іліккен жастарды «Сыр үміті» сыйлығымен марапаттады. Сонымен, облыс шеңберіндегі тұңғыш сыйлық Жандос Базартай, Бауыржан Мастеков, Абдулсаид Төлегенов, Бақытбек Қарамырзаев, Әлібек Қуаныш, Айбол Қозыбақов, Руслан Қаюпов, Нұрбол Бәкіров, Жанболат Досымханов, Төребек Дәрмағамбетовке берілді. Айта кетерлігі, марапатқа ие болған жастардың барлығы әлі 30-ға толмаған. Яғни, орда бұзатын кездері алда. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда. * * * «ҚОРҒАУ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ Облыстағы білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіптік одақта­рының «Қорғау – Защита» қауымдастығы білім беру саласы қыз­меткерлерінің әлеуметтік мәселелері мен құқықтарының сақталуын, еңбек қатынастарының орнығуына қатысты мәселелерді және үшжақты ұжымдық келісім-шартты орындаудағы бастауыш ұйымның белсенділігін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Аталған қоғамдық ұйым төрағасы Кенжебек Омарбаев жылжымалы оқу семинарын Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандары мен Қап­ша­ғай қаласында өткізіп, бүгінгі қоғамдағы білім беру саласы қыз­мет­керлерінің жауапты міндеттері, олардың құқығының бұзыл­мауына байланысты ой бөлісіп, пікір алмасты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * ЖАПОНИЯ ТАҚЫРЫБЫНА АРНАЛДЫ Жуырда Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Германияның доктор-инженері, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар­бек Құсайынов Семейге келіп, Шәкәрім атындағы Семей университетінде, педагогика және қаржы институттарында жас ұрпаққа білім берудің жа­пон­дық феномені туралы мастер-класс өткізді. Тартымды әңгіме бары­сында Жапонияның қазіргі ахуалы туралы да дәйекті мысалдар молынан айтылды. Осыған дейін әлемнің бірқатар елдерінде болып, білім мәселесі жө­ніндегі алқалы жиындарда сындарлы баяндама жасап, ел мерейін асқақ­татып келе жатқан көрнекті педагог ғалым жоғарыда аталған жоғары оқу орын­да­рының құрметті профессоры атанды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * *   ОРАЛ ҚАЛАСЫ ФОТОСУРЕТШІ КӨЗІМЕН Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Орал қаласының көрікті келбеті мен әсем табиғаты қай кезде де фотосуретшілердің назарын аударып келеді. Міне, осы фототуындылар өткен аптада тұтас көлемді альбом түрінде жарық көрді. Оған енгізілген фотоматериалдардың бояуы қанық, ажары айшықты. Оның қай-қайсынан да кәсіби шеберлік пен шығармашылық ұшқыр ойдың ізі байқалады. Ең бастысы – аталған фотожинақты таяу және алыс шетелдерден келген қала қонақтары мен лауазымды тұлғаларға ұялмай ұсынуға болады. Өйткені, онда Қазақстанның көне де жаңа, бүгінгі сәулеті келіскен қаласының көркем көріністері мен өткеннен сыр шертетін тарихи орындары өзара үйлесім тапқан. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. * * * «АЛТЫН САҚАНЫҢ» ТҰСАУКЕСЕРІ С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орайластырып «Алтын сақа» сыйлығын белгіледі. Оның тұсаукесері Халықаралық театр күні кесілді. Сөйтіп, оның алғашқы жеңімпаздары анықталды. Театрдың жиі қонағы Петропавл қазақ гимназиясының директоры Майгүл Мұхамеджанова «Тілектес, ниеттес көрермен» жүлдесіне ие болды. Костюм цехының меңгерушісі Роза Уәйісова, балетмейстер Жанна Темірбаева, суретші Серік Ғаббасов, тағы басқалары топ жарды. Театр актерлері арасында да 8 номинация бойынша ең үздіктердің есімдері әйгіленді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * ОЙЫЛДЫҚ ӨНЕРПАЗДАР ӨНЕРІ Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік унивеси­теті­нің Жастар сарайында өткен ойылдық өнерпаздардың концерті ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығы мен Ойыл ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналды. Облыс орталығында тұрып жатқан ойылдық өнер­паздардың концертіне жиналған жұрт бір-бірімен қауышып, қуанышқа кенелді. Мұның өзі ән кешінің мәні мен маңызын арттыра түсті. Концертке жиналғандар алдында Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев, мәдени шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ынталы топтың жетекшісі — Ақтөбе қаласындағы «Nobel» баспа­хана­сының директоры Нұрлан Жұмағалиев сөз сөйлеп, игі бастамаға ілтипат білдірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.