Жуырда Парламент депутаттары өңірлерге шығып, онда сайлаушылармен кездесіп, олардың көптеген мәселелерін тыңдап, шешілуіне депутаттық сауалдар арқылы атсалысуға, жаңадан қабылданатын заң жобаларында олардың алаңдаушылықтарын ескеруге уәде беріп қайтты. Біз депутаттардың арасынан Сенат Төрағасының орынбасары Бектас БЕКНАЗАРОВҚА жолығып, барған сапары жөнінде айтып беруін өтінген едік.
– Халықпен тікелей кездесіп, көтеріліп жатқан мәселелерді олардың өз ауыздарынан естіп, қайтып келген соң олардың бәрін жүйелеп, тиісті ұсыныстар беру – Парламент депутаттары жұмысының басты бағыттарының бірі. Мен Оңтүстік Қазақстан өңірінен сайланған сенатор Әли Бектаевпен бірге түстікке сапар шектім. Халық өте тығыз қоныстанып, көп мәселелер туындайтын өңірді өзім таңдап алдым.
– Ат басын алдымен қайда тіредіңіздер?
– Алдымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстық мәслихаттың жаңадан сайланған хатшысы Қайрат Балабиевпен кездестік. Кездесу барысында облыстағы жалпы экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салалардың жағдайы туралы жан-жақты сөз болды. Ерекше тоқталған мәселелер қатарында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту, фермерлер мен шаруа қожалықтарына берілетін көмек мәселесін жақсарту, мал басын көбейтуге қолайлы жағдай туғызатын жайылымдар мәселесін шешу туралы әңгімелер айтылды.
– Айрықша көзіңізге түсіп, жақсарған дүниелер бар ма екен Оңтүстікте?
– Бар екен. Соның ең бастысы – қай бағытқа жүрсеңіз де жарқырап жатқан, заулатып жүруге мүмкіндік беретін тас жолдар болды. Бұрын жолдар үлкен проблемалар тудырып жататын еді ғой. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын Түркістан мен Шымкенттің арасындағы жолдың қиыншылығын өз басымнан кешіп едім. Қазір жағдай мүлдем өзгеше. Осы жолы жарқырап жатқан кең жолдарға тап болып, әбден риза болдым. Қазір біздің экономикалық жағдайымыздың жақсара түскендігінің бір көрінісі. Сонымен қатар, жол үстіндегі көліктің өте көп екендігі көзге түсті. Бұл – халықтың тыным алмай, өз шаруаларымен, өз тірлігін күйттеп, үнемі қозғалыста жүргендігінің белгісі.
– Халықпен болған кездесулерден не түйдіңіз?
– Кездесулерден халық көңіл-күйінің оптимистік райда екендігі көрініп тұрды. Түркістан қаласындағы кездесуге ақсақалдар, аудандық мәслихат депутаттары, шаруа қожалықтарының басшылары келді. Қазығұрт, Төле би және Сайрам аудандарындағы кездесулерде де сондай, халықтың белсенді тобының өкілдері көп болды. Солардың бәрінде халықтың жасалып жатқан оң істерге қуанып, қолдап отырғандығы бірден көзге түсті. Бұрынғы қиындықтардың бәрі артта қалған. Ағылшынның ғұламасы Вольтер: «Ұлы қиындықтарсыз – ұлы жеңістерге жете алмайсың» деген екен. Сол айтпақшы, біз үлкен қиындықтардан өтіп, енді ұлы жеңістердің даңғыл жолына түскен сияқтымыз.
– Дегенмен проблемалар да бар шығар, мысалы қандай мәселелер халықты толғантады?
– Әрине, проблемалар жоқ емес. Мәселен, Түркістан қаласында ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылғасын Әзіретбергенов өңірде мал ұрлығының тыншымай тұрғанын айтты. Полиция тарапынан оны тыюға жасалып жатқан шаралар ықпалсыз, заңның жұмсақтығынан олар күдікті деген адамдардың үйіне, мал қораларына тінту жасай алмайды. Күш қолданып аулаларға кіруге заң рұқсат бермейді. Ұрлығы үшін ұсталып, сотталып жатқандарға берілетін жазалар өте жеңіл деген пікірлер айтты.
Сонымен қатар, осы ақсақал білім саласындағы проблемаларды да айтты. Ақсақал үш тілділікке ешкімнің қарсы еместігін айтты, алайда оны үйретуді ептеп, үлкен дайындықпен бастау керек еді ғой. Қазір химия, биология, информатика деген пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастады. Ал оны сапалы деңгейде оқытатын мұғалім жоқ, екіншіден жаңа тілді бала бірден меңгеріп кете алмайды. Үшіншіден, тарих пәнін орыс тілінде оқыту туралы шешім қабылданғанын түсінбей дал болып отырмыз, дейді ақсақал. Мұны естіп мен де таң қалдым. Бәріміз де бұрын тарихты қазақ мектептерінде ана тілдерімізде оқыған едік қой. Мен мұны қазір анықтап жатырмын, халыққа осылай жеткен шешімнің қайдан шыққанын, неге шыққанын бәріміз де білуіміз керек. Сонымен бірге, халық ана тілімізді қолдап, дамыту мәселелеріне қатты алаңдаушылық білдірді.
Жалпы, қай мәселеде де «ат тұмсығы жарға тірелген емес», шешуге болатын дүниелер. Мысалы, ауылдағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын өсіріп, оларды басқа да мемлекеттік компаниялар мен ұжымдардікіне жақындату – толғағы жеткен мәселе екендігі рас. Қазығұрт ауданында Аманбай Омаров деген ақсақал, Өрісбай Көпеев, Бекзат Сәбетханқызы сияқты азаматтар, Төле би ауданында Құдайберген Оңғаров, Сайрам ауданында Әлібек Байназаров деген ақсақалдар кадр даярлау мәселесінің сапасы нашар екендігін айтты. Аудандағы мамандар дайындайтын колледждің материалдық базасы төмен, оқушыларды үйрететін құрал-саймандардың жоқтығы тілге тиек етілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарына жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармайларды сатып алудың тендерлері наурыз-сәуір айында өтетіндігі айтылды. Ал бұл уақытта Оңтүстіктегі егіс науқаны аяқталып та қалады екен. Соны қаңтар айында өткізуге болады ғой деген тілектің неге орындалмайтынына таңғаласың.
– Жұмыс күші артық оңтүстіктен солтүстік облыстарға қоныс аудару мәселесі туралы халық не айтады?
– Бұл мәселені біз халықпен де, облыс әкімімен де қозғап, талқыладық. Жалпы, халық солтүстікке көшуге қарсы емес. Бірақ барған жерлерінде жұмыс орындары болмаса, тұратын мекенжай табылмаса, осындай мәселелерге жоғарғы өкімет назар аударып, арнайы бағдарлама дайындап, қаражат бөлмесе қайдан барамыз деген сұрақтар қойылды. Кейбір жеке азаматтар барып, іскерлік танытып жатқандар да бар екен.
Сонымен бірге, үлкен топ болып, тұтас ауыл болып бұрынғы тұрғындары тастап кеткен жері бос, елді мекендерге көшіп баруды қалайтындар да бар екен. Бұл біздің ағайыншыл, туысшыл екеніміздің көрінісі ғой, әрине, бұл мәселе мемлекет тарапынан қолдау тапса шешіліп те қалар еді деп ойлаймын. Халық та соны айтып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»