Алматыда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының 2016 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын табыс етті. Стипендиялар мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ, айтулы шығармашылық жетістігі үшін дарынды шығармашыл жастарға Қазақстанның мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.
Биылғы стипендия иегерлерін құттықтай келе, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова «Бұған дейін табысталып келе жатқан мәдениет саласындағы стипендия мен Президент стипендиясы біріктіріліп, бұдан былай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы деп аталатын болды. Биылғы жылғы стипендияның ерекшелігі – әдебиет пен өнердің аға буын қайраткерлерінің құрамы сол қалпында сақталып, олардың қатары жемісті еңбек етіп жүрген жастармен толықтырылып отыр. 2016 жылғы стипендияның толық құрамы 9 % – 25 пен 35 жас аралығындағы жастар, 12 % – 35 пен 60 жас аралығындағы орта буын, 79 % – 60-тан асқан аға буын өкілдері болып табылады. Жалпы, тізімнің 12 пайызын әртүрлі этнос өкілдері құрайды»,– деді. Мемлекеттік хатшы кездесу аясында зиялы қауыммен бірге әртүрлі мәдениет мәселелерін талқылап, руханият әлеміндегі ортақ істер туралы пікір алысты.
Елбасы мен ел Үкіметі көрсетіп отырған қолдауға алғысын білдірген жазушы Смағұл Елубай қаламгерлер қауымын көптен бері толғандырып келе жатқан қаламақы мәселесін қамтыған жаңа заң жобасының талқыланып жатуы әдебиетке және оның өкілдеріне танытқан жанашырлық екенін атап өтті. Жиырма бес жылдан бері күлбілтеленіп, шешімін таба алмай келе жатқан кино туралы заң жобасының да кеш те болса қолға алынып, Парламентке жол тартуы бұл саладағы көп түйткілді реттейтін жаңа қадам болмақ. Жазушының ойынша, мәдениетке жасалған қамқорлық – халыққа жасалған қамқорлық. Ал, мұндай қамқорлық сөзсіз жемісін де, жеңісін де бермек. Қаламгер Мемлекеттік хатшыға «ұлттың рухын көтерген «Алмас қылыш» фильмі сияқты алдағы уақытта қазақтың дәстүрлі дінін байтақ елге таратқан ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауи туралы тағы бір фильм түсіріліп жатса, халықтың еңсесі көтеріліп қалар еді» деген ұсынысын айтты. Биыл бірінші рет Елбасының Мемлекеттік стипендиясын иеленіп отырған ақын Бауыржан Жақып атын атауға тыйым салған Алаш арыстарының ортамызға қайта оралып, шығармаларының оқырманмен қауышқанына қуаныш білдіре келіп, қазақ әдебиетінің азат ойлы, еркін әдебиетке айналғаны тәуелсіздіктің ең үлкен жаңалығы екенін айтты. Мемлекеттің шығармашылық өкілдеріне қолдау білдіруі оларды жаңа шығармалар жазуға жетелеп, биік белестерге талпындыратынын қадай айтқан ақын жүрекжарды алғыс сөзін тәуелсіздік туралы жырымен түйіндеді. Достық үйіндегі жылы – шырайлы жүздесуде өнер мен әдебиеттің басқа да дара тұлғалары сөз алып, еңбегін бағалаған Елбасы мен мәдениеттің жанашырларына алғысын білдірді.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова алдағы уақытта мәдениет және өнер қайраткерлерімен, әдебиет өкілдерімен түрлі форматтағы кездесулер жоспарланып отырғанынан хабардар етіп, стипендия иегерлерін сол кездесулерге атсалысуға шақырды. Бұл басқосулар еліміздің рухани-мәдени дамуының өзекті мәселелері мен мәдениет, әдебиет өкілдерінің келешек шығармашылық жоспарларын ортаға салып, пікір алысып, тиісті шешімдер қабылдау үшін ұйымдастырылмақ. Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова шығармашыл зиялы қауым өкілдері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілетуге, Қазақстан мәдениетін одан әрі дамытуға елеулі үлесін қосатындарына сенім білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ