Өркениетті елдерде бірінші кезекте адам денсаулығына, өмір сүру сапасына ерекше мән беріледі. Озық инновациялық жобаларды өндіріске кеңінен енгізудің арқасында хлорланбаған тіршілік көзін пайдалану тәжірибесінің кеңінен қанат жаюы да сондықтан. Енді осы тектес технология еліміз бойынша алғаш рет М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қолға алынғалы отыр.
Іргелі оқу орнында «Таза экологиялық су» инновациялық бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өтіп, оған қатысқан экологтар, профессор-оқытушылық құрам, табиғат жанашырлары Ресейдің Том политехникалық университетінің ғалымдары ұсынған бағдарламаның маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті. Жергілікті жердегі жоба жетекшісі Ирина Голодованың айтуынша, оны жүзеге асыруға 150 миллион теңге бөлініп, тиісті құжаттар ресімдеуге жолданыпты. «Қызылжар су» ЖШС, Қазсушар республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Есіл су» филиалы секілді іргелі кәсіпорындар су тазартқыш құралдарды пайдалануға мүдделілік танытып отыр.
Өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін жалғыз тіршілік күретамыры – Есіл өзенінің барған сайын лайланып бара жатқаны, зиянды заттар көп тасталатыны белгілі. Әсіресе, түрлі иондар, ауыр металдар, қышқылдар аз кездеспейді. Қар еріп, ылғал көп болған уақыттарда суды тазартатын коагулянттарды қолдану мөлшері күрт ұлғаяды. Мұның өзі адам денсаулығына кері әсерін тигізері сөзсіз. Ал, бұл процесс «Аэрозон» су тазартқыш кешені арқылы атқарылса, суды хлорламай-ақ зиянды заттардан жүз пайыз арылтуға болады.
Судың сапасын жақсартатын құрылғыларды жасаумен Киров атындағы зауыт айналысады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы