23 Қаңтар, 2017

Қаламгердің көңілі неге босады?

526 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
100132297781652512Өткен жылы «Егемен Қазақ­с­тан­­да» әнші, өнертанушы Ер­лан Төлеутайдың «Хабиба апа­ның арманы» (2.11.2016) атты ша­­ғын мақаласы жарияланды. Сондағы мына бір жағдай өзе­гің­ді өртейді. Автор былай дейді: ­«Мәселен, Қазақстанның ха­лық әр­ті­сі, әнші Рәбиға Есім­жанова ғұмыр бойы қазақ өнеріне байланысты құнды жә­дігерлер жи­наған екен. Олардың ішін­де құн­ды қолжазбалар, хаттар, фото­су­реттер, сирек орындалған ән­­­дер болған де­седі. Алайда, ән­ші дүниеден өткен соң пәтері са­­т­ылып, сақталған құнды мұра та­­лан-таражға түсіп кеткен. Өмірінің соңғы жылында Шәкен Айманов ағамыз өзінің сыралғы досы әрі операторы Берковичті шақырып алып, өз орындауында бірнеше халық әндерін кинотаспаға түсірткізген екен. Көп ұзамай, Мәскеуде Шәкен ағамыз қапияда қаза табады. Түсірілген таспа Берковичтің қолында қалып қояды. Арада біршама жыл өтеді. Берковичті де кәрілік меңдейді. Әйгілі кинооператор «Қазақфильмге» ха­бар­ласып, денсаулығының мәз еместігін айтып, Шәкен ән­дері жазылған кинотаспаны алып кетулерін сұрайды. «Қазақфильмдегілер» «күнде ер­­т­ең­мен» уақытты соза береді. Сөй­тіп жүргенде, Беркович дү­ние салады. Бұдан кейін таспаны іздеген ешкім болмайды. Ақыры, сол таспа жоғалып тыныпты». Атақты Беркович өмірінің со­ңына дейін Шәкен досына адал болып өткенін, аракідік еске алып көңілі толқып алатынын шығармашылық ортадағы әң­гімеде еститінбіз. Соның бір дәлеліндей, үзеңгілес досы ту­­ра­лы жақсы фильм де жасап кетті. Егер рас болса, өмір бойы ұлы режиссермен бірге жү­р­іп «жекеменшік» операторы болған Берковичтің сөзіне құ­лақ аспаған «Қазақфильм» бас­шыла­рының тірлігін қалай тү­сінуге болады? Бұдан артық нем­құрайдылық бола ма? Ал енді Рәбиға Есімжанова­ның да, Берковичтің де басын­да­ғы жағдай әлі де жалғасып жат­қа­ны белгілі. Бір мысал айтайын. Аманкелді Сембин деген ғажайып тенор болды. Димаш Ахметұлының қол­дауымен Мәс­кеудің Чайковский атын­­да­ғы консерваториясына тү­сіп, оны өте жақ­сы бітірді. Диме­кең­нің қам­қор­лы­ғы­ның арқа­сын­да Мәскеудегі рес­пуб­ли­ка­ның өкілдігінен ай сайын 100 сом алып тұрады. Ал консер­ва­торияның бе­ретіні 39 сом. 139 сом дегеніңіз ол кезде сту­дент үшін дүниенің ақшасы. Италия­ның Милан қа­ласындағы атақ­ты Ла-Скала театрында ста­­­жировкадан өтті. Сембин сөз жоқ аса да­рынды әнші еді. Ерте танылды. Белгілі өнер сын­­шыларының бағалауынша ерек­ше жаратылған дауыс иесі. Қыс­қа­сы, сах­надағы ғұмыры небәрі се­гіз жылға ғана созылса да ол қа­зақ операсының бір дәуірі іс­петтес әсер қалдырғандай тұл­ға. Шерхан Мұртазаның айт­қанындай, «бір заманда сондай жұлдыз туған, сол жұл­дыз­ды бәріміз жабылып жүріп өшір­­генбіз». Шерағаң демекші, бұл кісі «Қазақстан» телерадиокорпорациясын бас­қаруға барғанда осы әншінің даусын із­детеді. Бес-алты-ақ кадр қалған. Оның өзі жұ­лым-жұлым, жарамсыз болып шық­қан. Сөйтіп, сценарий жазып, арнайы фи­льм түсірмекші тала­бымыздың тауы ша­ғылған. Ке­зінде дүниені даусына жалт қарат­қан бір таланттың тағдыры осы­лай аяқталды. Ал енді осы сұм­дыққа кім жау­ап беруі керек? Бұл сауалға кезінде бір сұх­батының тұсында белгілі әнші­нің өзі былай деп жауап берген еді. – Бұл да бір қасіретпен тең жағдай. Менің ғана емес, әрине, ұлттық өнердің қа­сі­реті. Қа­ны­мыз­ға сіңген құнт­сыз­дық­тан ба, жалқаулықтан ба, жалпы хат­тау­ға, құжатқа салақ жұртпыз ба, осы бір мәселе әлі күнге дейін бір ізге, жүйеге түспей ке­леді. Талай керемет дауыстар өші­рі­ліп кеткен. Тарихта енді қай­та­ланбайтын, ұлт өмірінде ұлы ру­хани оқиғаға айналған спекта­к­льдер де жазылмай қалған. Менің дауысымның бірлі-жа­рымы ғана қалған, бұл жоқ­тың қа­сы деген сөз ғой. Осы те­ле­­дидар­дан түспейтін адамның бірі мен едім. Ал қазір сол дүниелердің қай­да еке­нін біліп болмайсың. Әсі­ресе, италия тіліндегі ариялар, әндер, тұтас спек­такль­дердің сақ­тал­мауы өкінішті. Осы дү­ниелер өзі­ме тым ыстық көрінеді. Ой­ды ой қозғайды. Таяуда ұлт­тық кино­мыз­­дың майталман ақсақалдарының бірі Ораз Әбішев Мұқан Төлебаевтың бір мерей­тойына орай менің орын­дауы­м­дағы «Тос, мені, тос» әнінің сақталғанын айтты. Қарт киногер біртүрлі көңілім босады деп, менің де көңілімді босатты. Сол кісі айтқандай, әр жерде жылт еткен осындай көріністер, дауыстар болуы мүмкін. Мен жө­нінде кезінде теледидардан талай мәрте хабар берілді. Италияға барған сайын, келген сайын, түрлі конкурстарға қатысып жүлдегер болып, атақтар алып жатқанда немесе ме­ре­келік күндерге орай болсын қаншама хабарлар түсірілді. Қа­зір соның бірі де таптырмайды ғой. Үш кассета, екі ру­лон концертім болды. Кім бі­ле­ді, үмітсіз шайтан, бәлкім, бір жерден шығар. Мен бұл жер­де мәселеге өз тұрғымнан қарап, өзімді қорғағалы отырған жоқпын. Жалпы, қандай дарын­ның басынан қандай қиын ке­зең, қиындық өтсе де оның мұ­ра­сы сақталуы тиіс. Бұл әрі-бе­рі­ден соң бізге емес, елге, оның мұрасына, көркемдікке жа­салған құрмет. Бұл әңгіменің бүгін емес, болашақ үшін маңызы зор екендігін айтып жатудың қажеттігі бола қояр ма екен. Ал халықтың рухани тарихына құрмет болмайды екен, онда оны қылмыстың ең зоры санау керек. Шет жұрт­тың рухани мұрағаттарға деген ұқып­тылығын көрсең, өзіңе-өзің қарадай қарның ашады. Естуімше, бір кезде теледидарда тасқын болып, алтын қор­да­ғы талай мұралар суға кеткен, содан қалпына келтірмеген деседі. Қалай дегенде де ұлт­тық мұраларға деген мұндай көз­қа­рас­ты тарих кешірмейді. Бұл әншінің сол кездегі Т.Жүргенов атын­дағы театр және ки­но институтының жеке ән салу ка­федрасының меңгерушісі қыз­­метінде жүргенде берген сұх­баты еді. Ал енді сәл шегініс жасасақ, Әбекең­нің кез келгеннің маң­дай­ына жаза бер­мей­тін опера өне­рі­нің Меккесі «Ла-Ска­лаға» сон­ша жұлдыздың ішінен қа­лай жолы түсті? 1970 жылы Мәскеу кон­­­серваториясының бесінші курсында жүргенде, ұстазы атақты П.Карин «Үл­кен театрда «Ла-Скалаға» тыңдау жүріп жатыр» деп жетелеп алып барады. Оның айрықша даусына жюри мүшесі С.Лемешев аса риза болып «Сен тек қазақ халқын ғана емес, совет елін танытатын боласың» дейді. Сонымен, «Ла-Скалаға» баруға бір қадам жасалғанымен, консерватория ректоры: «Ла-Скалаға» баратыныңа сенімім мол. Әуелі оқуды бітіру керек» дейді. Содан ол оқуын аяқ­тап, Алматыға келеді. Абай атын­да­ғы опера және балет театрына қызметке тұрады. Алғаш рет ол Б.Досымжанов қойған Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» қойы­лымында Төлегеннің пар­тия­сын орындайды (Жібек – Б.Төлегенова). Сөйтіп жүргенде бір күні Мәскеуден сол кездегі Мәдениет министрі Демичевтен хат келеді. Оны театрға ілдіріп қойыпты. Хат Италияға ша­қы­рады. Содан Үлкен театрға со­лист етіп қабылдайды. Ол кез­де солай істейтін. Сонымен Италия­ның Милан қаласындағы «Ла-Скала» опера театр­ында 1973-1975 жылдары екі жыл оқиды. Ұстазы Елизавета Коро­зио ел руханиятындағы аса ықпалды, танымал адам болған. Біздің осынша тәптіштеп, айтып отырғанымыздың себебі, тұлғаның орны, албырт жасында шыққан биігі туралы бейхабар оқырманға, тиісті орындарға мәлім ету еді. Әдетте, өзі дарынды адамның қақ-соқпен ісі болмайды, өзгенің тірлігіне араласпайды, тек көз алдында, санада болып жатқан, адам қолымен жасалып жатқан ұят тірліктермен іштей арпалысып өтеді. Бір қарағанда талантты адам – панасыз адам. Фариза апамыз айтқандай, «талантты адамдардың талантсыздардың ішінде өмір сүруі өте қауіпті». Қауіпті дегеннен шығады, Салахетдин (әріптестері Қалжан деп атап кеткен) Айтбаев аса дарынды суретші еді. Негізінен орыстілді болғанымен, туындыларының өзегі қазақтың рухы, жады, жаны болды. Сол жігітті бір заманда «Молодая гвардия» сынады. «Известный казахский живописец А.С. в картине «Молодые казахи» нескольких молодых казахов одел в одежду бывших казахских баев и феодалов. Интересно, что этим самим хотел сказать автор?..» деп жазды. Суретшінің бірде «Менің «Жас қазақ­та­­рымды» қатты сынға алыпты. Құдай-ай, бұларға не деуге болады? Бетімізге басып, еркін жұмыс істетпейді. «Жас орыстар», «Жас грузиндер» деуге болады. Сонда не «Жас қазақтар» деуге болмай ма?» деп күрсінгені де есімізде. Міне, «орыстілді» қазақ саналатын Салахетдиннің жан дүниесі осындай болатын. Оның осы ерекшелігін қанша тұқыртқысы келсе де суретші шовинистік бағыттағы өнертанушылардың талайын тіксіндірді. Онысы өзіне таяқ болып тиген кезі де аз емес. Осыдан соң барып, ол «Мен өз деңгейімді өзім жақсы білемін» деп шеберханасына өнер зерттеушілерін жолатпайтын. Ақыр соңында, тағдыры да қиын болды. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған, тарихи полотнолардың ғажайып шебері М.Аманжолов та жұмбақ жағдайда өмірден озды. Себебі, бұлар сол кезеңнің қалыбына сыймаған суреткерлер еді. Өзінің тарихи, рухани мұраларына немқұрайлы қарау – бұл ұлт алдында жасалған зор қылмыс, керек болса кісі өлтірумен бірдей. Кейінгі жылдары кешегі Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтер туралы сирек болса да жазылып, айтылып жүр. Ұлт үшін аса құнды саналатын жәдігерлеріміздің қасиетін сезінуде бүгінгілер арасында құлықсызы жоқ деп кесіп айтуға болмас. Алайда, мини-Жүргенов, мини-Омаров, мини-Жәнібековтер қайда? Марқұм Өзағаң «Бізде бұл мәселеде мемлекеттік реттеу жолға қойылмаған» деуші еді. Солай шығар. Өзағаңмен дүниеден көшерінен бірнеше күн бұрын өзінің пәтеріндегі жұмыс кабинетінде жолыққаным бар еді. Терезеден сыртқа көз салып отыр екен. Бөлмеден жаңа піскен сүттің исі шы­ғады. Қалихан тәтейді шақырып, ма­ған да сүт алдырды. Үстінде желбе­гей жамылған шапан, басында қара шал­дар­дың тымақ ішінен киетін топысы. Бөл­меден этнографияның лебі еседі. Этнос­тың табы сезіледі. – Не деген бейқам халықпыз? Мен де мә­дениет министрі болдым ғой. Қанша қыз­мет атқардым десем де, тағдырдан аяу көрмеген мына бір қазақты білмейді еке­нмін. Тозаққа түсіп шыққан екен. Му­зыкант, понимаешь, – деді. Алдында бір жұқалтаң кітап жатыр. (Айткеш Толғанбаев. «Исповедь судьбы жестокой», Әдеби өңдегендер – Игорь Саввин, Сәуле Толғанбаева. «Қазақстан» баспасы, 1993 жыл). Осы кітапты Өзағаңнан бір түнге сұрап алып, оқып шықтым. Кейіннен кітап кейіпкерімен кездесіп, «Егемен Қазақстанға» «Қазақтың Паганиниі» деген эссе жаздым. Өзағаңда өкініш көп еді. Әрине, ол жеке өміріне байланысты өкініш емес. Халқымыздың болашақ рухани келбеті, тұлғалы азаматтарының тағдыры бұл кісіні қатты толғандыратын. Соның бірі Әйткеш Толғанбаев кеңес кезінде Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда скрипкадан дәріс берген (онда да Ғазиза Жұбанованың арқасында), «Түркістан» легионында болған музыкант. Осы Әйткеш соғыстың лапылдап тұрған тұсында тұтқын бола тұ­ра бүткіл Еуропаны аралап концерт берген. Мені таңқалдырғаны – өзін сонша дерт меңдеп жүргеніне қарамастан талантты адамдарды түген­деп, солардың тағдырына араласып жатқан Жәнібековтің жанкештілігі еді. Және де осынша жыл мәдениетті басқара жүріп осындай адамның барын білмегеніне өзегі өртеніп өкінуі. «Талайлардың маңдайында оның аялы ала­­қанының табы жатыр» деп Әбіш аға­мыз айтқандай, Өзағаң Сембинді де іздеген. Бірақ, тым кеш еді. Әрине, ашқан қарын тойынар, салынбай жатқан көпір салынар. Ал сіздің «мәңгілігіңізге» қызмет ететін, «ұлы дала елі» екеніңді әлемге паш ететін рухани құндылықтарымыздың ер-тұрманын кім түгендейді? Өткенге көрсетілген құрмет – кемел келешектің кепілі. Қали СӘРСЕНБАЙ