Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВПЕН әңгіме
– Мәулен Сағатханұлы, 23 қаңтарда Астанада Сирия мәселесіне байланысты келіссөздер үдерісі басталады. Осыған аз-кем тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде бүкіл ел аумағын қамтыған Сириядағы азаматтық соғыс әлемдегі аса өзекті әрі өткір мәселенің біріне айналып отыр. Осы соғыстың салдарынан 500 мыңдай адам қаза тапты және 2 миллиондай тұрғын жараланды деген деректер бар. Сондай-ақ, бірнеше миллион адам босқын атанды, амалсыздан өзге елдерді паналауға мәжбүр болды. Олардың басым көпшілігі аналар мен балалар.
Көптеген бейбіт тұрғынды құрбан еткен, қалалардағы тарихи ескерткіштерді қиратқан, ел экономикасын тұралатқан жанжалдар мен қарулы қақтығыстарды тоқтату халықаралық қоғамдастық үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Ал біздің еліміз Сирия дағдарысын шешуге Астанадан келіссөздер алаңын ұсыну арқылы соғыс зардабын бастан кешіп жатқан сириялықтардың қиын жағдайын сәл де болса жақсартуға үлес қоспақ. Келіссөздер кезінде қандай мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілетінін айту әзірге ерте. Ең бастысы, осындай аса өзекті келіссөздер үдерісінің елордада жүргізілуі еліміз үшін үлкен мәртебе және сенім.
– Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған келіссөздердің өтетін орны ретінде Астана қаласының ұсынылуы жайдан-жай емес шығар.
– Еліміз егемендіктің бастапқы кезінен-ақ көпвекторлы саясат ұстанып келеді. Әлемнің жетекші елдерімен, сондай-ақ, Араб, және Азиядағы, Еуропалық одақ құрамындағы мемлекеттермен қарым-қатынасымыз жақсы, түрлі салаларда тиімді ынтымақтастық орнатқанбыз. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемдік деңгейдегі аса өткір халықаралық проблемаларды реттеуге үлес қосып жүр. Мысалы, еліміз Иранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған дағдарыстың оң шешілуіне, Ресей мен Түркия арасындағы ушығып бара жатқан саяси жағдайдың реттелуіне ықпал етті.
Қазақстан соңғы жылдары халықаралық қауіпсіздік және саяси тұрақтылық мәселелеріне байланысты бірқатар бастамалар көтерді. Соның бірі – Елбасымыздың БҰҰ Бас Ассамблеясының Вашингтонда өткен саммитінде жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі. Бүгінде осы манифест БҰҰ-ның ресми құжаты болып тіркелді. Құжатта бейбітшілікке жету және мемлекеттер арасындағы проблемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тарту адамзаттың ХХІ ғасырда аман қалуының негізгі мәселесі екені аталған. Жалпы, Қазақстан Сириядағы саяси дағдарысты реттеу мәселесі көтерілген кезден бастап оның табысты болуына қол ұшын беруге ұмтылып келеді. Соның нақты көрінісі ретінде Астана келіссөздерін атауға болады.
Біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысын бастағанына бір айға жуықтады. Мемлекет басшысы соған байланысты Саяси үндеуінде де Таяу Шығыстағы жағдайға арнайы тоқталды. «Кеңестегі жұмысымыз кезінде біз Палестина – Израиль арасындағы қарсылықты, – деді осы жөнінде, – Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, ТМД кеңістігіндегі қақтығыстарды, Корей түбегіндегі шиеленісті бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағдарыстарды шешуге қолдан келгенше үлесімізді қосуға ниеттіміз».
Қазақстанның қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары мен жүзеге асырған халықаралық деңгейдегі іс-шаралары аталған мәселелермен ғана шектелмейді. Олар өте көптеп саналады. Сирия дағдарысын реттеуге қатысты келіссөздерге Астана қаласының таңдап алынуының басты себебі осында жатыр. Екінші жағынан, бұл жерде Қазақстанның және оның басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделі ескерілді. Әлемдік маңызы бар мұндай басқосулар санаулы ғана елдерде өтеді. Келіссөздер үдерісінің Астанада жалғасын табуы еліміздің халықаралық саясатта алатын орнын, атқаратын рөлін айқындап отыр. Сонымен бірге, бұл еліміздің осындай аса маңызды үдерістерді қамтамасыз етуге қабілетті екендігін көрсетеді. Сондықтан да Астана келіссөзі Қазақстан үшін ерекше мәндегі саяси оқиғаның бірі болып саналады.
– Астана кездесуінде тараптар бір мәмілеге келуі мүмкін бе?
– Қазір әлемдік қоғамдастық Қазақстан астанасында өтетін келіссөздерге құлақ түріп, көз тігіп отыр. Өйткені, онда қарастырылатын мәселелер өте маңызды. Ал Қазақстан Сирия дағдарысының күш қолдану жолымен емес, саяси жолмен шешілуін жақтайды. Біздің еліміз бұл келіссөздерге тікелей араласа алмайды. Себебі, Сирия мәселесімен айналысатын тараптар өзара келісіп, бір уағдаластыққа келуі тиіс. Осы келіссөздерді өткізуге негізінен Ресей, Түркия және Иран бастамашы болды. Жиынға, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы елшісі Стаффан де Мистура қатысады. АҚШ атынан осы елдің Қазақстандағы елшісі Джордж Крол өкілдік ететіні белгілі болды. Соңғы ақпараттарға қарағанда, Астанаға Сирия үкіметінің және Сирия оппозициясының өкілдері де келген.
Ал Астана үдерісінде тараптар ортақ бір келісімге келуі мүмкін бе дегенге келсек, қазірге нақты болжам жасауға ертерек. Тараптар өздеріне қатысты мәселелердің төңірегінде сөз қозғап, соларды талқыға салады. Бұл кездесу Сириядағы проблеманың барлығын шешіп тастайды деуге болмайды. Мұны биылғы жылдың ақпанында Женевада өтетін жиынның басталуы деп атауымыз керек. Қай жағынан алсақ та, Астана үдерісі бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтын Қазақстан үшін және оның халқы үшін абырой болмақ.
Жүздеген бейбіт тұрғындардың өмірін қиған Сириядағы дағдарысты реттеп, онда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты жолы – саяси және дипломатиялық әдістерді қолдану. Бұл, әсіресе, соңғы жылдары қарқын алып келеді. Соның бірі ретінде жақында қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2336 қарарын атауға болады. Бұл құжатта Сирия аумағындағы соғысты тоқтату бойынша мүдделі елдердің күш-жігеріне қолдау және барлық сириялық тараптар арасында бейбіт келіссөздерге жәрдемдесу қажеттігі көрсетілген. Дәл осындай бейбіт келіссөздер көптеген түйінді мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»