23 Қаңтар, 2017

Семейде жаңа ықшамаудан салынуда

787 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
unnamed Семей қаласында Ертістің жағасында, қарағайлы орманның арасында Қарағайлы аталатын жаңа ықшамаудан салынып жатыр. Бұл жер алаштың рухани астанасы саналатын Семейдің ең көрікті ауданы ғана емес, қаладағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, семейліктердің сейіл құратын, шынығатын, тынығатын, білім алатын тамаша орынға айналады деп күтілуде. Қарағайлы ықшамауданында 64 тоғыз қабатты, 7 он екі қабатты және 10 жетті қабатты тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланған. Бұған бірнеше әлеуметтік және мәдени-спорттық нысандарды қосыңыз. Олардың қатарында әлемдік стандарттарға сай келетін, 5 мың адамға шақталған «Абай-арена» спорт кешені, қазақ-түрік лицейі, медицина университетінің 7 жатақханасы мен мүгедектерге арналған оңалту орталығын айтуға болады. Келешекте бұл ықшамаудандағы тұрғындар саны 18,1 мың адамды құрайды деп межеленіп отыр. unnamed (2) Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге жасаған жұмыс сапары аясында жаңа ықшамауданның бас жоспарымен танысты. -Біркелкіліктен бойды аулақ салу керек. Кейбір үйлерді кірпіштен, кейбір үйлерді шыныдан тұрғызған ләзім. Ең бастысы, жұрттың көңілінен шығатындай болуы қажет. Бұл Семейдің тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше үлгідегі, жаңа тұрпаттағы ықшамаудан болады деп ойлаймын, - деді Даниал Ахметов. unnamed (1) Бір айта кетерлігі, биыл Семей қаласын абаттандыруға айрықша назар аударылмақ. Шаһарды абаттандыру жұмыстарына қала бюджетінен 360 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражатқа Ертіс жағалауынан бөлек Қабанбай батыр алаңы мен Мұхтар Әуезов ескерткіші өңделіп, жөнделетін болады. Қала көшелеріндегі жолдарды жөндеуге қосымша 1,1 млрд теңге бөлінеді. Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейдің жылу жүйесіндегі олқылықтарды реттеу үшін биыл 3,4 млрд. теңге қаражат қарастырылатынын және осы арқылы жылу мәселесін біржола шешуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Азамат Қасым, "Егемен Қазақстан". Шығыс Қазақстан облысы.