23 Қаңтар, 2017

Жерар Гоу: «Қайрат» маған үлкен мүмкіндік сыйлады

303 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ghou «Қайрат» сапында ойнайтын ивуар шабуылшысы Жерар Гоу Қазақстан премьер-лигасы жайлы, алдағы уақытта ұлттық құрамалардың бірінде ойнағысы келетіні жайлы uefa.com сайтына сұхбат берді. Бұл туралы sports.kz хабарлады. Соңғы екі маусымда ол Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені атанған ол осы жетістігі жайлы: «Өзіме деген сенімділігімнің арқасында үшінші жылымды ойдағыдай аяқтадым. Маған берілген басты тапсырма – гол соғу. Алаңда жүргенімде тек осы жағын ғана ойлаймын. Көңілімдегі кірбіңді жою үшін қарсы қақпаға гол соғуым керек. Жанкүйерлердің артқан сенімі маған ерекше күш береді», – деді ол. Жасындай жарқылдап жүрген ойыншы әйгілі клубтардың көзіне түспеуі мүмкін емес. Бірақ ол «Қайраттан» кетер ме екен? «Рас, маған бірнеше клуб қызығушылығын білдірді. Бірақ қазіргі командаммен келісімшартым әлі бір жылға дейін жарамды. Нақтырақ айтар болсам, арабтардан, қытайдан, сондай-ақ Еуропадан бірнеше ұсыныс келіп түскен. Әзірге «Қайраттар» кетер ойым жоқ», – деді Жерар. Кей футболшылар бірнеше команда ауыстырғанмен, өзінің стиліне келетін клубты әрең жолықтырып жатады. Ghou 3 «26-28 жаста ойыншыларға ерекше күш бітіп, футболдың не екенін шынайы түрде сезініп жатады. Мен де дәл қазір сол жастамын. Өзімді дамыту үшін күн сайын еңбектенемін. Ал «Қайрат» маған бәрін берген команда. Бір кездері Ресейдің «Краснодарында» аздап доп теуіп үлгердім. Үздіктердің бірі екенімді дәлелдеуім үшін алаңға жиі шығуым керек. Бірақ ылғи да шет қалып жаттым. Командам жеңіске жетіп жатқанның өзінде көңілімдегі мұң сейіле қоймады. Егер мүмкіндігім көп болғанда нәтижелі форвардтың бірі болар едім», – деп еске алды. Сұхбаттарының бірінде ол Андрей Аршавин мен Анатолий Тимощукті бұған дейінгі әріптестерінің ішіндегі ең үздігі деп атаған болатын. Неліктен? «Тимощук Бундеслигадағы әйгілі «Бавария» командасында, ал Аршавин «Арсенал» мен Ресей құрамасында көшбасшы ойыншылардың бірі болды. Әлемдік деңгейдегі қос жігіт бізге келіп, кәсіби деңгейге көтерілуімізге септігін тигізді. «Қайрат» маған дейін де өзіндік орнын қалыптастырып қойған, ал таңдаулы легионерлер келгеннен кейін жақсара түсті. Қайрат Боранбаев (клуб басшысы) команданы дамыту үшін үлкен істер атқарып жүр», – деді ивуар ойыншысы. Мансабын аяқтаған Анатолий жаттықтырушы болуы мүмкін екендігі жөнінде ақпарат бірнеше рет тараған. Футболда адам жақсы ойыншы болғанмен, бапкер ретінде өзін оң қырынан көрсете алмайтындар жетеді. Мәселен, әйгілі Марадонаны алайық. Аргентинаны әлем чемпиондығына сүйрегенмен, бапкерлік жолда Германиядан ойсырай ұтылып, орнынан қуылғаны бар. Ал Тимощуктің жолы қандай болмақ? tymoshchuk «Ол алаңда бізге жөн сілтейтін жандардың бірі болатын. Футболдың қыр-сырын жетік біледі. Бұл істе де үлкен жетістіктерге жететініне сенім артамын. Әлемдік футболда үлкен белестерді бағындыруына тілектеспін!» – деді. Жақында ол Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғағысы келетінін мәлімдеген болатын. «Мен Ұлы дала еліне көшіп келгеніме екі жылдан асты. Журналистер де, жанкүйерлер де осы сұрақты жиі қояды. Мен әрине, дайынмын. Бірақ бұл іс жүзеге асуы үшін бірінші менің төлқұжатым болуы керек әрі федерациядан ұсыныс түсуі керек», – деп ағынан жарылды ол. Алматының командасы өткен маусымда чемпиондықтан кезекті мәрте құр қалып, ел Кубогының финалында «Астанаға» жол берген. «Бір жағынан алып қарайтын болсақ, маусымды жақсы аяқтадық деп айтуға болады. «Қайратты» Қазақстанның үздік клубы деп сенімді түрде айта аламын. «Астанамен» төрт мәрте кездесіп, үшеуінде жеңіске жеттік. Ал финалда ауа райының қолайсыздығына байланысты есе жібердік. Көбіне комбинациялы футболға үйренгендіктен, толассыз жауған қардың салдарынан бұл жоспарымызды жүзеге асыра алмадық», – деді Гоу. Ивуар ойыншысы бұған дейін әріптестерінің әзілге жақын екендігін мәлімдеген. «Бізде ешкімге көрсетуге болмайтын бір видео бар. Бірақ оны әлеуметтік желілерге шығармаймын, журналистерге көрсетпеймін. Бірде Исламбек Қуат киім салатын сөмкеме ойыншық өрмекшіні салып қойып, бүкіл команда болып, осыны түсіру үшін тығылып күтіп отырған екен. Бөлмеге кіріп келіп, сөмкемді аша бергенім сол еді әлгі ойыншық көз алдыма тірі жәндік сияқты елестеп, шошып кеттім. Бұл жайтты ешқашан ұмытпаспын», – деп еске алды. Болашағынан зор үміт күттіретін Бауыржан Исламхан 23 жасында капитан болып үлгерді. Премьер-лиганың бірнеше рет үздік ойыншысы атанды. fckayrat «Ол жоғары деңгейлі чемпионаттарда ойнауға қабілетті. Жас болса да бізге бас болып жүр. Осы қалпында тоқтап қалмай, шыңдалып, біраз белестерді бағындырады деп үміттенемін», – деді әріптесі жайлы. «Астана» мен «Шахтер» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап үлгерді. Ендігі қазақ жанкүйерлері тарихы терең «Қайраттан» да осы нәтижені күтіп жүргені белгілі. «Қазақстан командаларының мұндай чемпионаттарда өздерін көрсеткеніне іштей қуанамын. Қазақ футболының дамуы үшін мұның үлкен септігі тиеді. Ал біз келесі маусымда осы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Командамыз үшін де, жігіттер үшін де бұл жақсы болар еді. Әр маусым сайын осыған жетсек екен деп армандаймыз. Бірақ болмашы бір қателіктің салдарынан жолымыз болмай кетеді. Мәселен, «Маккабиге» қарсы бірінші ойынның соңғы секундтарында гол жіберіп қойсақ, 2015 жылы «Бордоға» қарсы матч та дәл осылай өрбіді. Іріктеу кезеңінде өзгелерге қарағанда жолымыз ұзақ, төрт ұжыммен кездесеміз. Дегенмен, топтық кезеңге түсу үшін барымызды саламыз», – деді Гоу.