01 Сәуір, 2011

Су мен желдің қуаты далаға кетпесін

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жел электр стансаларын салу үшін облысқа 1 миллиард АҚШ доллары тартылды Зілзалаға ілесе келген цунами қырғыны күншығыс халқын сан­сыратып тастады. Бұл аз болған­дай, аралдағы елге енді апатқа ұшы­раған атом электр станса­лары­ның қаупі төніп тұр. Жа­қында Токио қаласының мыңнан астам тұрғыны «елдегі барлық атом электр стансаларын жабу керек» деген талаппен «Tokyo Electric Power compani» әкім­ші­лігі кеңсесінің алдында қарсылық шарасын өткізді. Шынында, бейбіт мақсаттағы атом электр стан­саларының қаупі бүгінде жапон халқын ғана емес, сонымен бірге жер-жаһан жұртын да алаңдатып отыр. Дегенмен, АЭС-терге деген сұраныс шартараптағы сол ел-жұрттардың электр қуатына деген тәуелділігінен туындаған мәжбүрлік екені тағы шындық. Бұл шындықтан, әрине, қазақ елі де қашып құтыла алмайды. Тәуел­сіздік алған жиырма жыл ішінде ел экономикасы аса қарқынмен өркендеп, алып зауыт, фабрикалар мен ірілі-ұсақты кәсіп­орын­дардың көбейгені сонша электр қуатына деген сұраныс бұрын­ғы­дан бірнеше есеге көбейе түсті. Ел Үкіметі де қол қусырып отыр­ған жоқ. Соның нәтижесінде электр қуатын үнемдеу мақса­тын­дағы «кезекпен өшіру» тәжі­ри­бесі тоқтатылды. Бірақ электр қуатына деген тапшылық әлі де сезіледі. Бірақ одан шығатын жол бар. Ол жол табиғаттың өзінде. Қазақ менеджерлері оны енді қолға алып жатқанымен, шет ел бұл тәсілге әлдеқашан көшіп алған. Шетелдік кәсіпкерлер мен шаруалардың шаруасын шал­қы­тып жатқан бұл тәжірибені енді жамбылдықтар да қолға алып көр­мекші. Атап айтсақ, облыста 400 мегаваттық және 200 мега­ват­т­ық Жаңатас және Шоқпар жел электр стансаларының құры­лысы басталып кетті. Елдегі ірі жобалардың бірі болып табы­ла­тын бұл іске «Central Asia Green Power», «Relight Group» және «Visor» компаниялары 1 миллиард АҚШ долларын салмақшы. «Бармасаң, көрмесең жат бо­ла­сың». Аталған компания өкі­л­дері үлкен жобаны қолға алу үшін істі облысқа жұмыс сапарынан бас­тады. Сөйтіп, Жамбыл облы­сы­ның әкімі Қанат Бозымбаев, «Visor» холдингтік компания­сы­ның директорлар кеңесінің төр­ағасы Алмас Чукин, «KEGOK» АҚ вице-президенті Бақытжан Қажиев және «Жамбыл электр жүйесі» АҚ директоры Юрий Ким жаңғыртылған қуат көздерін дамыту туралы құжатқа қол қо­йып, ұйымдастыру іс-шараларын ақылға салды. Сөйтіп облысқа қыруар қаржымен келіп отырған инвесторларға жер телімін бөліп беруден бастап барлық жағдай жасалатын болды. Жел электр стансалары – экологиялық тұрғы­дан таза, яғни қоршаған орта мен халыққа, жан-жануарларға зиян­ды әсері жоққа тән. Сонымен бірге өңірдегі электр қуатына деген қасқалдақтың қанындай тапшы­лық­ты азайтады. Жылдан-жылға шарықтап бара жатқан баға саясатын тұрақтандыруға да септігі тиюі мүмкін. Электр қуатының тапшы­лы­ғынан туған ізденіс, облыста шағын су электр стансаларын са­лу­ды да жолға қойды. Ондай стансаның біреуі өткен жылы іске қосылса, биыл сондай 12 ша­ғын су электр стансасы салын­бақшы. Олар іске қосылған кезде сағатына 90 мегават электр қуаты өндірілетін болады. Облыс әкімі Қанат Бозым­баев­тың бастамасымен қолға алынып жатқан бұл жобалар іске асып, халық игілігіне толық берілген кезде өңірдегі су және жел электр стансаларынан 500 мега­ватқа дейін қуат өндіріледі екен. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» деген осы. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.