Семейдегі төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушылары бұл күндері балық аулаушылардың арасында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тіпті, бұл рейд апта сайын жергілікті полициямен бірлескен түрде жүргізілетін болды, себебі, суға батып жатқандар бар.
Осымен тексеру жұмыстары жетінші рет жүргізілді. Балықшылардың бірі ұқса, бірі ұқпайды. Осы жолы Ертістің Затон аумағы мен «Семипалатинка» деп аталатын шағын өзені маңында тексерулер өтті. Мұнда балықшы ағайын өте көп екен. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері алдымен әңгіме-дүкен құрып, «сіз балықты тартамын деп тұрғанда, сізді балық тартып кетпесін», «аулаймын деп өзеннің орта тұсына кетіп қалмаңыз, мұз сынса опырылып құлап кетесіз», «жалғыз алысқа ұзамаңыз» деген сияқты қамқорлық, ескерту сөздерін айтқан соң, «Мұз бетінде қауіпсіздік сақтау» ережелерінің қағаз нұсқасы ұсынылды. Өйткені, осыдан біраз бұрын семейлік құтқарушылар екі ер адамды Ертістен сүзіп алып шыққан еді. Аяқ астынан мұз жарылып кетіп, екі балықшы мұздың бөлігімен бірге Ертіске аударылып түскен.
Және тағы бір айта кетер мәселе, қыстың күнінде балықшылар ғана суға батып жатпайды. Кейбір адамдар Ертіс үстіндегі көпірлерден секіріп, мерт болғысы келеді екен. Ондай көпір Семейде қала бойынша үшеу. Жақында ғана бір жарым жасар нәрестесін суға батырмақ болған әйел адам белгілі болды. Жұбайымен ұрысып қалған жас әйел 2015 жылғы сәбиін көтеріп, Ертіске келген. Алдымен бір жарым жастағы баласын суға лақтырып жібереді. Сөйтіп, өзі секірмек болғанымен, батылы бармайды. Бұл оқиға елді дүр сілкіндірді. Түнгі 3-тің кезінде орын алған оқиғадан кейін сәбидің денесін құтқарушылар күн сайын іздегенмен, су мұздай суық, бала табылмады. Ал әйел қылмыс үстінде ұсталды. Құтқарушы Ринат Бабаджановтың айтуынша, су аса терең, байғұс сәби не су түбіне батып кетті не күшті ағыс алып кетті. Ал Ертіс – еліміздегі ғана емес, әлемдегі ең күшті ағысқа ие ірі өзеннің бірі.
– Қыста мұз астынан балық аулау өзін-өзі ұстау ережесін қатаң сақтауды қажет етеді. Балықшыларға бір қарағанда мұз берік көрінгенімен, көктемнің соңғы және күздің алғашқы кезеңдерінде мұз үстінде балық аулауға шығуға болмайтындығын білу қажет, – деді Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының (ТЖБ) бас маманы Р.Рақымбаева.
Оның айтуынша, балық аулауға шыққанда өзімен бірге қарапайым құтқару құралдарын, мәселен, құтқару тақтасын және арқан ала шыққан жөн, балық аулау кезінде олар қажет болуы мүмкін. Күзгі және көктемгі мезгілдерде ойықтар маңына сол тақтайшаларды сенімділік үшін қойған дұрыс. Бұл балықшының мұздағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ТЖБ мамандарының айтуынша, өкінішке қарай, Семейде бірқатар балықшының су айдындарына жалғыз бару фактісі тіркелуде, бұл – өте қауіпті. Және су айдындарының жағалауы мұзының қалыңдығы 7 сантиметрден кем болып жатса, оған шығу өте қауіпті екендігін еске салуда.
Әсіресе, балық аулаушы қауым ағынды су және бұлақ көздері бар орындарда ерекше абай болуы керек. ТЖБ-ның бас маманы Р.Рақымбаеваның ескертуінше, мұз жарыларда шытырлайды, отырады, оның сыртқы түрі өзгереді, бетіне су шығады. Мұндай дабыл белгілері көрінсе, бірден өз келген ізіңізбен аяғыңызды мұздан айырмастан жылжып, кері қайтқан жөн. Және де бірнеше ойықты жақын қазбаған абзал. Олардың арақашықтығы 5 метрден кем болмауы керек. Мұз жарылып кетсе, дереу жолжапқышты шешіп, қолды екі жаққа қарай жайып, мұзға кеудемен немесе арқамен жатуға тырысу керек екен. Қайткен күнде де байбалам салмай, салқынқандылық танытқан жөн. Себебі, мүлде жүзе алмайтын адамның өзі құтқару жастықшасының арқасында су бетінде біршама қалқып тұра алады. Бірақ мұндай жағдайда киімнің суланғанын күтпей әрекет жасау керек. Адамның 10-15 минут мұздай суда болуы өміріне қауіпті екенін ұмытпаған жөн.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
СЕМЕЙ