Кеше елорда төрінде Сирия мәселелерін реттеу бойынша екі күнге созылған халықаралық келіссөздер өз мәресіне жетті. Алқалы жиынның қорытындысы бойынша тараптар Шам еліндегі бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыстарды бітімгерлік жолмен шешу бағытында бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.
Оқ пен оттың ортасында қалған Сириядағы зобалаңның толастамай жатқанына алты жылға жуықтағаны мәлім. Қақтығыс тұтанған сәттен бастап өзінің бейтарап ұстанымын білдіріп қана қоймай, баршаны бейбіт бітімге келуге шақырып, сол үшін араағайындыққа жүруге дайын екенін Қазақстан ашық айтқан болатын. Жыл санап күрмеуі күрделеніп бара жатқан мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған маңызды қадам да Астанада жасалды. Ресей, Түркия және Иран мемлекеттерінің ұсынысымен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қызу қуаттауымен Сирия мәселесі бойынша ымыраласуды көздеген келіссөздер Астана төрінде өтетін болып шешілген.
Соның нәтижесінде алғаш рет қақтығысқа араласқан түрлі тараптың өкілдері 23 қаңтар күні бір үстелдің басына жайғасып, баршасына ортақ проблеманы жүзбе-жүз талқылауды бастаған болатын. «Жабық есік» жағдайында өткен жиынға Ресей, Түркия, Иран үкіметтерінің өкілдері, Сирияның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Башар әл-Джафари бастаған ресми Дамаскінің делегациясы, Сирияның қарулы оппозициялық топтарының өкілдері, сонымен қатар, АҚШ тарапынан осы елдің Қазақстандағы елшісі Джон Крол қатысты. Жиынның алғашқы күні еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми Астананың негізгі миссиясы тараптардың жүйелі түрде келіссөздер жүргізуіне жағдай жасаумен шектелетінін, өзінің әуел бастағы бейтарап ұстанымын сақтайтынын білдірді.
Алғашқы күні қас қарайғанша созылған келіссөз жұмыстары 24 қаңтар күні тағы да жалғасын тапты. Алдын ала жоспар бойынша келіссөздер түске салым аяқталып, 14:00-де қорытынды баспасөз мәслихаты өтуге тиіс болатын. Үзіліссіз жұмыс істеген келіссөз жұмыстары кешке қарай бір-ақ толастап, сағат 17:00-де журналистерге қорытынды баспасөз мәслихаты туралы хабар берілді.
Келіссөздердің қандай рәуіште өткені туралы баяндап өтейік. Жалпы, халықаралық кездесу барысында қатысушы тараптар, жұмыр Жердің түкпір-түкпірінен келген БАҚ өкілдері арасында өзара жылы қарым-қатынас орнағаны айқын байқалды. Бұған барлығы үшін ыңғайлы үнқатысу алаңын әзірлеп, ұсынған Қазақстан тарапының өлшеусіз еңбек сіңіргені түсінікті. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтып өткендей, ресми Астана барша қатысушыларға Астанадағы кездесу кезінде барынша достық ахуалды қамтамасыз ету үшін барлығын жасады. Бұл туралы министр өзінің алқалы жиын соңындағы сөзінде былай деді:
– Астана Сириядағы мәселелерді реттеу жөніндегі халықаралық кездесуді қабылдады. Баршаңыз білесіздер, кездесу Ресей мен Түркия президенттерінің Астанада Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы мәселеге қатысты келіссөздер өткізу туралы бастамасының негізінде өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастамаға толықтай қолдау көрсетті және процесті жүзеге асыру үшін Қазақстан елордасында тұғырнаманы қамтамасыз етуге дайын екендігін жариялады. Біз, халықаралық және жергілікті БАҚ-тарды қоса алғанда, қатысушылар үшін Астанадағы кездесу кезінде барынша достық ахуалды қамтамасыз ету үшін барлығын жасадық.
Келіссөзге қатысқан тараптар халықаралық шараның ұйымдастырылу барысы мен оның ойдағыдай өтуіне жағдай жасаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еңбегіне жоғары баға берді. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура:
– Бірінші кезекте БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің атынан осы маңызды шараға мұрындық болған Қазақстанға, Сирия жерінде бейбітшілік орнату үшін маңызды үлес қосып келе жатқан Президент Н.Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін. Н.Назарбаев конференция табысты өтуі үшін тікелей үлес қосып, барлық мүмкіндікті жасады. Бұған дейін Сириядағы ахуалды оңынан шешуге белгілі бір жүйе, тиісті механизм болмады. Бұл жолы біз нақты бір жүйе бойынша жұмыс жүргіздік. Гуманитарлық көмекке дейін талқылауға мүмкіндік алдық. Сириялықтар соғыстан мезі болғаны баршаға аян. Ендігі меже – қақтығыстарға жол бермеудің тетіктерін табу. Бұл ретте кешелі-бері Астана процесі аясында қыруар шаруа атқарылды. Сонымен қатар, Ресей, Түркия және Иран елдеріне Сириядағы соғыс режімін тоқтатуда кепілгер болу сынды жауапкершілікті өз мойындарына алғанына алғысымды білдіремін. Біз соғысты тоқтатуымыз керек. Сирия тарапынан Сирия үкіметі мен оппозициясының рөлін атап өткім келеді. Осы жерге келіп, ұзақ жылдардан кейін алғаш рет келіссөз үстелінің басында қатар отыру үшін үлкен саяси күш-жігер керек. Келесі аптада мен Нью-Йоркке ұшамын. Сол жерде Женевадағы келіссөздерге дайындықты бастаймыз. Астана процесінен біз үлкен әлеует көрдік, – деп атап өтті.
Астана процесінің нәтижесіне қатысты Сирия үкіметінің делегациясы да көңілдері толатынын білдірді. Бұл елдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Башар әл-Джафари өздерінің басты мақсаты соғысты тоқтату, бітімге қол жеткізу екенін мәлімдеді.
– Астанадағы екі күнге созылған кездесуде біз күні-түні жұмыс істедік. Тараптар өзара мәмілеге келудің қаншалықты зор маңызға ие екендіктерін түсініп отырғандарын байқатты. Келіссөздер барысында біз өз мақсатымызға қол жеткізуге, атысты тоқтатуды қамтамасыз етіп, дағдарысты дипломатиялық жолмен, бейбіт саяси шешімдер жолымен шешуге тырыстық. Нәтижелі жұмыс істеуімізге жан-жақты жағдай туғызған Қазақстан Республикасына және Президент Н.Назарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Астана процесін ұйымдастыру арқылы Қазақстан өзінің күш-жігері жоғары ел екенін көрсетті деген сенімдеміз. Сирия үкіметі елде бейбітшілік орнатуға ұмтылады. Өкінішке қарай, қазір қантөгістер орын алып отыр, соны тоқтату үшін әртүрлі елдерден арнайы делегация жиналды. Баршасы қантөгісті тоқтатуға тырысты. Астана – нақты қадамдар талқыланатын жер. Біз нақты қадамдарды талқыладық және белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл процестің орны бөлек. Астананың аты – Астана, Женева кездесуі бір басқа, – деді Башар әл-Джафари.
«Жабық есік» жағдайында өткен келіссөз барысында Сирия дағдарысын оңалтуға бағытталған қадамдар жасалғаны анық. Бірінші кезекте, тараптар атысты тоқтатуды қамтамасыз ететін тетіктерді қарастырды. Қарапайым халықтың бейбіт өмір сүруіне жағдай туғызу үшін олар бір-біріне тиісті талаптарын жеткізді.
Астана процесінің арқасында қол жеткізілген ірі жетістік – Сирияда атыстың тоқтатылуына және тараптардың бір-бірін арандатуына жол бермеуіне кепілдік беретін үшжақты тетік қалыптастырылды. Ресей, Түркия және Иран елдері атысты тоқтату режіміне кепіл болатын болып шешілді. Келіссөз қорытындысы бойынша Ресей, Түркия және Иран тараптары бірлескен мәлімдеме жасағанын жоғарыда айтып өткенбіз. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жеткізген мәлімдемеде «үшжақты механизм құру туралы» шешім қабылданғаны, ол «атысты тоқтату режімінің сақталуы, арандатушылықтың орын алмауы мен басқа да тиісті мәселелерді қарастыратыны» туралы айтылған.
Астана процесінде тараптар атысты тоқтатуды қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берді. Бес жылдан бері жалғасып жатқан, шеті мен шегі көрінбейтін соғыстан зардап шеккен Сирия халқының тағдырына көз жүгіртсек, оның қаншалықты маңызды екені түсінікті. БҰҰ мәліметтеріне жүгінсек, оқ пен отқа оранған елдің аумағында қалған 13 миллион адам қазір ас-суға тарығып, сырттан келетін гуманитарлық көмекке зәру болып отыр. Осы орайда, олардың мұқтажын өтеу үшін басқа елдермен қатар, Қазақстан да қолынан келген жәрдемін аяп қалған емес. Күні кеше Елбасы айтып өткендей, 700 мың доллар қаржы мен 500 тонна азық-түлік жөнелтілді. Шам елін шырғалаңнан біржола құтқаруға үлес қосу үшін халықаралық келіссөздер алаңын ұйымдастырды. Бұған дейін бастары бір қазанға сыймай келген тараптардың Астанада бас қосып, маңызды шешімдер қабылдағанының өзі жетістік.
Осылайша, екі күн бойы қызу талқылаулардың кіндігіне айналып, әлемдік қоғамдастықтың назарын аударған Астана процесі де мәреге жетті. Бұл орайда, халықаралық шараға қатысты шетелдік һәм отандық саясаткерлер мен саясаттанушылардың басым көпшілігінің пікірі бір арнаға тоғысқаны байқалады. Олар Астана кездесуін бітімгерлік бағыттағы ірі қадам деп бағалауда.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Қатысушылар не дейді?
Махмұд Әли ХАМИД,
«Киодо Цусин» ақпарат агенттігінің тілшісі:
– Егер біз Сирия халқының басына түскен трагедияға шынайы жанашырлықпен қарайтын болсақ, онда келіссөздерді оң нәтиже берді деп бағалауға болады. Талқылаулар кезінде тараптар Сирия жағдайының шешімін табуға тырысты. Астана процесін Женевамен салыстыруға болмайтын шығар. Мақсаттары бір болғанымен, екеуінің де өзіндік орны бар.
Егер Сирия дағдарысына қатысты тараптар мәселені өз беттерінше шеше алатын болса, онда Астанаға келудің де қажеті болмас еді. Тараптар өзара ымыраға келе алмағандықтан да Қазақстанға жиналды. Бір қуанарлығы, келіссөздер жүргізілді. Ешқандай қадам жасалмаса, қорқуға болар еді. Бітімге келу үшін тараптар бір бағытта жылжуға ниет білдіре бастады.
Андрей МАМЫКИН,
Еуропалық Парламент депутаты:
– Тараптардың Астана алаңында кездескені көңілге сенім ұялатты. Қазақстан тарапының араағайындық жасауымен Сирияда бітімге келе алмай жатқан тараптар өз мүдделерін алға тарта беруді тоқтатып, елдің болашағына алаңдаушылық білдіргенін көрдік. Әрине, бұл жағымды жаңалықтың басы деп ойлаймын.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тараптардың өзара мәмілеге келуі үшін барлық жағдайды жасады. Н.Назарбаевтың бұл еңбегі еш кеткен жоқ деп есептеймін.