Инфрақұрылым • Бүгін, 17:03

Ақылы жолдарда жүргізушілердің ұйықтап кетуінің алдын алу үшін лазерлер қойылады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізуді жалғастырып жатыр. Бүгінде елдің ақылы автомобиль жолдарында лазерлік визуалды бағыттау жүйелерін орнату негізгі шешімдердің біріне айналып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақылы жолдарда жүргізушілердің ұйықтап кетуінің алдын алу үшін лазерлер қойылады

Жобаны «Ақылы автомобиль жолдарының дирекциясы» филиалы жүзеге асырып жатыр. Жұмыстар республикалық маңызы бар 22 учаскеде жүргізілуде. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, Орал – Ресей Федерациясының шекарасы сияқты стратегиялық маңызды бағыттар бар.

Жаңа технология ең алдымен көріну нашарлаған жағдайда және түнгі уақытта қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Дәл осы кезде адам факторының рөлі күшейіп, апат қаупі арта түседі.

Елдегі ақылы жолдарда төлем мерзімдері өзгерді: Жүргізушілер нені ескеруі керек?

Лазерлік қондырғылар жүргізушінің көз алдынан анық жарық сызықтарын проекциялап, жол бойында нақты визуалды бағыт береді. Бұл жүйе бірнеше маңызды артықшылыққа ие:

• көлік жылдамдығын және қозғалыс траекториясын дер кезінде түзетуге көмектеседі;
• ұзақ әрі біркелкі жол учаскелерінде жүргізушінің ұйықтап кету қаупін азайтады;
• зейінді арттырады және жол жағдайын жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді;
• жолдағы көріністі қабылдауды жақсартады.

Бұл жүйе әсіресе ұзақ трассаларда тиімді, себебі мұндай жерлерде дәстүрлі жол белгілері мен таңбалар кейде жеткілікті деңгейде көрінбеуі мүмкін.

Халықаралық тәжірибе мұндай технологиялардың тиімді екенін көрсетіп отыр. Шетелдік пилоттық жобаларға сәйкес, лазерлік сигналдарға жүргізушілердің реакциясы дәстүрлі белгілерге қарағанда әлдеқайда жылдам. Ал кейбір учаскелерде жол-көлік оқиғаларының саны 40-50 пайызға дейін азайған.

Ақылы жолдар: Елімізде қай бағыттарда төлем алынады?

Қазақстандағы ақылы жол пайдаланушылары да жаңа жүйеге оң бағасын берді. Көлік жүргізушілері түнгі уақытта жолды бағдарлау жеңілдегенін, қозғалыс қауіпсіздігі артқанын және жалпы жүргізу ыңғайлылығы жақсарғанын атап өтті.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы интеллектуалды көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. Лазерлік жүйелерді енгізу – тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар адам өмірін сақтауға қосылған маңызды үлес және заманауи қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қадам.

Соңғы жаңалықтар