Серік Жұманғарин Ислам даму банкі басшысының Қазақстанмен әріптестікті дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтіп, сапар еліміз бен Ислам Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын растайтынын атап өтті.
«Соңғы үш жылда біздің қаржылық өзара іс-қимылымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. 2024 жылы инвестиция көлемі $1,1 млрд су шаруашылығы инфрақұрылымы объектілерін салу мен жөндеудің ауқымды бағдарламасын іске асыру басталды. Биылғы ақпаннан бастап біз арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға $1,3 млрд тарту туралы Негіздемелік келісімді іске асыруға кірістік. Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» және «Қызылорда қаласының айналма жолы» көлік жобаларын қаржыландыру мәселесі пысықталуда», деп атап өтті вице-премьер.
Қазіргі уақытта Ислам даму банкімен бірлесіп, 2027-2032 жылдарға арналған әріптестіктің жаңа стратегиясы әзірленуде. Ол Қазақстанмен одан арғы ынтымақтастығының басым бағыттарын айқындайды.
Ислам даму банкі президенті Мұхаммед әл-Джассер өзара іс-қимыл әлеуеті қазірдің өзінде іске асырылып жатқан жобаларға қарағанда әлдеқайда кең екенін атап өтті.
«Біздің мамандар арасындағы бірлескен жұмыс жылдарында жобалар портфелін кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді өзара іс-қимыл құрылды. Ислам Даму Банкі қатысушы елдердің алдында тұрған көптеген мәселе бойынша шешім іздеуде айтарлықтай икемді. Бұл ретте біз жобаларды дайындау және іске асыру үшін мемлекеттердің ішкі жүйелерін пайдалана отырып, ұлттық мүмкіндіктерді дамытуға ерекше назар аударамыз. Егер ел жобаларды негізінен өз күштерімен жүзеге асыра алса, бұл оның институттарының жетілгендігін және орнықты дамуын көрсетеді. Қазақстанмен бірге біз одан да көп нәрсе жасай алатынымызға сенімдімін», деді ол.
Доктор әл-Джассер сонымен қатар Ислам Даму Банкі тек қаржы институты ғана емес, сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін интеграцияланған топ екенін атап өтті. Мамандандырылған құрылымдармен топ ұзақ мерзімді жобалық қаржыландыруды, сақтандыруды және сауданы қаржыландыру құралдарын біріктіре отырып, жобаларға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің Астанада қосымша кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, Алматыда жұмыс істеп тұрған өңірлік хаб өз функцияларын табысты орындауда. Алайда ынтымақтастықты едәуір кеңейту орталық мемлекеттік органдармен, оның ішінде исламдық қаржыландыру тетіктерін дамыту мәселелері бойынша тығыз өзара іс-қимылды талап етеді.
«Ислам Даму Банкінің бай сараптамасы бізге инфрақұрылымды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, су және басқа да табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, сондай-ақ заманауи және «жасыл технологияларды» енгізуге арналған жобаларды одан әрі бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деп атап өтті вице-премьер.
Кездесу соңында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту бойынша Форвардтық лизинг туралы келісімнің қол қойылған даналарымен алмасу өтті.
Естеріңізге салайық, Қазақстан 1995 жылдан бері Ислам Даму Банкінің мүшесі. 1997 жылы ашылған Алматыдағы ИДБ өңірлік кеңсесі Банктің Шығыс Еуропа, ТМД, Моңғолия және Қытай елдеріндегі қызметін үйлестіреді.
1997 жылдан 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық кезеңінде Қазақстанда ИДБ тарапынан жобалар мен техникалық көмекті қаржыландыру көлемі $4,2 млрд-тан асты.
Қазіргі уақытта су, көлік және индустриялық секторларда жобалар бірлесіп іске асырылуда. Сондай-ақ Қазақстан мен ИДБ арасындағы 2027-2032 жылдарға арналған әріптестіктің жаңа стратегиясын әзірлеу жүргізілуде.