25 Қаңтар, 2017

Гүлнар Сиқымбаева: Өнерге ешқандай өкпем жоқ

3204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ГульСих,Жұрт жақсы әншіні жоғалтқысы келмейді екен. Көрінбей қалса іздейді, сұрайды, алаңдайды. Қазір ел арасынан «Соңғы кездері белгілі әнші Гүлнар Сиқымбаева көрінбей кетті ғой, жағдайы қалай екен, қайда жүр?» деген әңгімелерді жиі естіп қаламыз. Қалың қауымға «Мен саған өкпелемеймін» атты әнмен танылып, ә дегеннен-ақ тыңдармандардың жүрегін жаулап алған Гүлнар Сиқымбаева расында соңғы жылдары көрінбей жүр. Қым-қуыт тіршілік. Уақыт – зымыран. Өмірде де, өнерде де ұрпақ, буын алмасып жатыр ғой деп көңілді жұбатуға да болар еді. Әйтсе де, біз елдің сүйікті әншісі Гүлнар Ермекқызымен хабарласып, жағдайын сұрап, азды-кем әңгімелесуді жөн көрдік. – Соңғы бір жарым жылдан бері Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сабақ беріп жүрмін, – дейді біз­бен әңгімесінде әнші, Қазақ­стан Рес­публикасының еңбек сі­ңір­ген әртісі Гүлнар Сиқым­бае­ва. – Аға оқытушы деген дәрежем бар. Жалпы, бұл жұмысқа осы оқу орнындағы өнер және мәдениет кафедрасының меңгерушісі Гүл­нұр Өмірбаева шақырған болатын. Шынын айту керек, біздің жасымызда әншілік өнерді тастамай, жалғастыру біршама қиындық тудырады. Ол үшін үнемі концерт, іссапарларда жүру керек. Отбасы, бала-шаға, тіршілік қамы бар дегендей... Әйтеуір, қазір ұстаз болып, дәріс оқып жүрмін. – Бұрын өзіңізді концерттерден бөлек, республикалық теле­арналардың бағдарлама­ла­ры­нан да жиі көріп тұрушы едік... – Иә, ойыңызды түсініп отырмын... Республикалық арна­лардың біразы Алматыдан Ас­танаға көшіп кеткендіктен бе, қазір баяғыдай тележобаларға, түрлі бағдарламалық түсірілім­дерге шақыру жоқтың қасы. Оның үстіне осындай істермен шұғылданатын продюсерім де жоқ. Экрандардан көрінбей, елдің назарынан тыс қалып жатқаныма өзімнің де жүрегім ауырады. Бірақ не істеймін? Рас, жан-жаққа хабарласып, бір-екі мәрте ізденіп көрдім. Алайда, «Сіз кешігіп қалдыңыз, кейінірек хабарласыңыз» деген жауаптар естігеннен кейін, тіптен жүрегім шайлығып қалды. Әрине, өнердің жолы қашанда ауыр. Өнерге ешқандай өкпем жоқ. Өнерімнің арқасында өндім-өстім, елге таныл­дым, абырой жинадым. Әйтсе де, әлі де болса маған бұл ба­ғыт­тағы жұмыстарды жандан­дырып, тыным таппау керек сияқты. – Дегенмен де, көшеде, көп­шілік ортада жүргенде жұрт танып, амандасып жататын болар... – Танып жатады. Әрине, жақын келіп амандасуға көбінің батылы бармайды. Бірақ, мені көргенде жалт қарап, кейбірі қасын керіп, таң қалып, кейбірі қолымен нұсқап, әңгіме етіп жататындарын байқаймын. Әйел болғаннан кейін майда-шүйде шаруамен «Көк базарға» жиі барамын ғой. Кеше ғана сол базарда жүргенімде бір жас жігіт көрген жерден қолымнан ұстай алды. Ол да «Әпке, көрінбей кеттіңіз? Қайда жүрсіз?» деген сұрақты жаудырып жатыр. Кейбір кезде сонау Атыраудан бір жан-ашыр жандар телефон шалып, жағдайымды сұрап, сізді телеарналардан қашан көреміз дейді... Шынын айтқанда, қазір көп нәр­се қаржыға келіп тіреледі ғой. Былтыр шығармашылығымның 35 жылдығын қаржының жоқ­тығына байланысты атап өте алмадым. Бірақ өз-өзімді қамшылап, бұл қуанышымды атап өтіп, ел алдында бір есеп беруден әлі де үмітім бар. – Әншілікті таңдауыңызға не себеп болды? Ең алғаш сах­на­ға шыққан кезіңіз, қат­ты толқыған, жүрексінген сәтте­ріңіз есіңізде ме? – Анам Сындар 39 жасында қайтыс болды. Кеңшарда сауыншы болып жұмыс істеуші еді, қасында қолқанат болып көмектесіп жүрдім. Сол аяулы анамның ән салғанын бір-ақ мәрте естідім. Сол дауыс мәңгілікке құлағымда қалып қойды. Бәлкім, анама деген ыстық сағынышым, іштегі мұңым, шерім болар, анамды ойласам, көбінесе сол ән салған сәті көз алдыма келеді. Жағымды үні құлағыма естіледі. Әншілік жолды таңдауыма осы жайт та көп әсер етті ғой деймін. Кішкентай кезімізде ауылда Уәлихан деген бала сырнай тартып, өнерімен елдің бәрін айран-асыр қылатын. Бойы бір қарыс, сырнайды құшақтағанда басы қылтиып, әрең көрінеді. Дәл сол баладай елді таң қалдырып, алғысын алуды мен де армандадым. Әрине, әкем мұғалім болуымды қалады. Бірақ, басқа жолды таңдағаныма еш ренжіген жоқ. 3-сыныпта оқып жүргенде Ментай Жалбиев деген ағайымыз көрші ауылға аудандық байқауға алып барды. Сонда сахнаға шығып, бір шумақ өлең оқыдым. Қаншама рет үлкен сахнаға шығып ән салдым, қаншама рет толқыдым, жүрексіндім... Бірақ бала кездегі сол сахнаға шыққаным, қатты толқып әбіржігенім, елдің риза болып қол шапалақтағаны, кәдімгідей арқаланып, ауылға бал-бұл жанып қайтқаным еш есімнен шықпайды. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»