Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың бөлінуіне тұрғындар тарапынан аздаған сенімсіздік туындауда. Құқық қорғау және бақылау органдарының жүргізіп отырған қатаң қадағалауына қарамастан, халықтың басым бөлігі балабақшаға бала қабылдау кезегінің не себепті алға жылжымай жатқандығын түсінбейді. Осы мәселеге байланысты Қарағанды облысында балабақшаға электронды кезекке тұру жобасы әзірленіп жатыр.
Қарағанды облысы білім беру басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов айтып өткендей, қазіргі таңда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 87,6 пайызы және 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 98 пайызы мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтылған. Жоба аясында енді ХҚО арқылы мектепке дейінгі мекемелерге балаларды автоматты түрде кезекке тұрғызып қана қоймай, балабақшалардағы орындардың бөлінуі де жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл аталған қызметтерге адамдардың тікелей байланысына шектеу қояды. Аймақ тұрғындары толық ақпарат алуы үшін белгілі бір мектепке дейінгі мекемедегі топ құрамының толықтырылуы, босаған орындар туралы мәліметтер, кезектілік пен рейтинг жағдайы онлайн режімде көрсетілетін болады.
Кезектілік жағдайы жайлы тоқсан сайынғы СМС-хабарлама жолдауды да қарастырып отыр. Сонымен қатар, СМС-хабарлама мектепке дейінгі ұйымдарға есепке тұру және одан орын алу кезінде де жіберілетін болады.
Қарағанды облысында балабақшаға электронды кезекке тұру жобасын осы жылдың аяғына дейін білім беру бөлімдерінің сайтында жариялау жоспарланған.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ