25 Қаңтар, 2017

«Жамбыл елінің жайсаңдары» кімдер?

1150 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
001-1Жуырда ақындар мен батырлар елі атанған қасиетті Жамбыл ауданында ақпа-төкпе жырдың сүлейлері Сүйінбай мен Жамбыл бабамыздың ұрпақтары бас қосқан салтанатты кеш өтіп, онда  белгілі журналист Күмісжан Байжанның «Жамбыл елінің жайсаңдары» атты кітабы таныстырылды. Кейінгі жас ұрпаққа берер тағылымы  бар бұл еңбектен киелі топырақта дүниеге келген би, шешен, батыр, ақын бабалары жайлы толғаныстар,  бүгінде  еліміздің  дамуына  елеулі үлес қосқан белгілі тұлғалар мен танымал азаматтардың  өмірбаяны жайлы  танымдық  дерегі мол мәлімет аласыз.  Әкімі ақынын ардақтаған ел ардақты деген, жиынды ашып, кітап авторы жайлы жылы сөзін арнаған аудан әкімі Жандарбек Далабаев Жамбыл жері мен елі ерлігі мен өнері халықтың қазынасына айналған ерен тұл­ғалармен танымал екендігін айта келіп, солардың арасында табиғи дарынымен ерекшеленіп, аудан өмірінің жаршысы болған төл басылым – «Атамекеннің» шығармашылық өсуіне өзіндік үлес қосқан, әсіресе, ғасырлар тоғысындағы қиын кезеңдерде газеттің ыстығына күйіп, суы­ғына тоңа жүріп аттай жиырма жыл басқарған, сондай-ақ, он жылға жуық аға басылым «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып, Жетісу өңірінің тыныс-тіршілігіне қалам тербеген жерлестері белгілі қаламгер Күмісжан Байжан есімін құрмет­пен атайтындығын үлкен ілти­патпен жеткізді. Сондай-ақ, Жандарбек Ер­мек­ұлы былтыр Жамбыл ба­ба­ла­рының 170 жылдығы той­ланған кезде Жәкең туралы энциклопедия шығару жоспарда болғанын, бүгін сол кітаптың жарыққа шығып, қол­ға тигені жайлы жағымды жаңалықты да айтып, сүйінші сұрады. Және де осы еңбектің құрас­тыру­шысы, жерлестері М.Әуезов атын­­дағы Әдебиет пен өнер инс­титутының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанға халық атынан алғыс білдірді. Алғаш еңбек жолын Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғы­ла» газетінен бастаған Күміс­жан Құдайбергенқызы жур­налистік еңбектің сан қилы сатысынан өтіп, шығармашылық қарымын шыңдайды. Екі мәрте Журналистер одағы сыйлығының иегері, Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құр­метті азаматы атанған оның қа­­ламынан шыққан «Кие», «Жақ­­сы­лардың парызы», «Көз іл­­мейтін көңіл», «Сөнбейтін сенім» сынды кітаптары көп­шілік көңілінен шық­қан тартымды көркем дүние­лер. Ал қаламгердің жаңадан тұсауы кесілген көлемді туындысы 2003 жылы алғаш жарық көрген «Жамбыл елінің жайсаңдары» кітабының жалғасы. Бірінші кітаптың алғы сөзінде автор бір ғана кітаппен ойға алған мақ­сатының толығымен жүзеге аспайтынын, ел мен жердің өркендеп дамуына еңбек сіңірген азаматтардың барлығын қамти алмайтынын айта келіп, амандық болса алдағы уақытта ойға алған істі жалғастырып, жерлестерінің алдындағы парызын орындайтынын айтқан еді. Енді, міне, сол уәдесінен шығып, қалың оқыр­манға жаңа еңбегін ұсынып отыр. Мұнда күні кеше дүбірлеп өткен батырлар мен бағландар, әулие-әмбиелер, Елбасынан бас­тап мемлекет және қоғам қайрат­керлері, қарымды қалам­герлер, ғылым, мәдениет пен өнер көгінде танылған талант­тар, ғарышкер, ауданға, облысқа, елімізге та­ны­мал құрыш білекті еңбек майтал­манда­рының өмір жолдары тарихи шежіреге пара-пар әдемі туындыға кейіп­кер болған. Сон­дықтан да бұл кеш кітап авторы­ның ғана емес, ондағы кейіпкерлердің де өмірін­дегі елеулі оқиға болды. – Ақындар мен батырлар елі деп аталатын Жамбыл ауданының тарихы қазақтың тарихымен тікелей байланыс­ты. Бізге тарих не үшін керек? Осында жастар көп отыр. Олардың өз елінің тарихын тануы – ол өз ұлтына қызмет етудің басы. Оның үлгісін Елбасының өзі де көрсетуде. Естеріңізде болар, Нұрсұлтан Әбішұлы 1986 жылы Жамбыл ауданына келгенде: «Мен халықтан дауыс жинауға келгенім жоқ, ұлы бабаларыма Құран оқытып, соларға тәу етуге келдім», деп ұлы бабаларын санамалай келе, күні кеше дүниеден өткен Нұрғиса қайда? – деп ұлы сазгерді іздеген еді. Міне, сол үде – сол үде. Бүгінгі Қазақстанның шыққан биігі қандай? Қазақтың етектегі басы төрге шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем мойындаған ұлы саясаткер атанды, – дей келе, белгілі мем­лекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан кітап авторына өз ілтипатын білдіріп, «Күмісжан – ауылымыздың, ауданымыздың, еліміздің жылнамашысы» деген баға бере кетті. Сондай-ақ, кеш қонағы көр­некті жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы аталмыш еңбектің қажет, керек кітап екеніне, бұл да қаламгердің келешек ұрпаққа сыйлаған рухани мұрасы еке­ніне тоқталды. Ал Жамбыл ауданының өсіп-өркендеп, дамуына үлес қосып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған Әскербек Абаев ағамыз аудан ақсақалдары атынан сөз алып, бұл еңбектің ертең тарих болып қалатынын, келешек ұрпақтың ата-бабалары кімдер болған, кімдер еңбек етіп, маңдай терін төккен дегенде энкциклопедиялық мәлімет алатын үлкен дүние екенін айта келе, аудан азаматтарының атынан сый-сияпат жасап, алғыстарын жеткізді. Туған жерге туың тік деген, халық алдында есеп беріп, еліне деген жүрегінің жылуын, ыстық ықыласын білдірген Күміс­жан Құдайбергенқызы перзенттік парызын осылай атқа­рып, елге, жерге қызмет етудің үлгісін көрсетті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы