25 Қаңтар, 2017

Қауіпті дағдарыс

641 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сайын Борбасов 1түйінін тарқатуға талпыныс бар Сирия біршама бай, қуатты ел болатын. Көне өркениет отанында 20 миллионнан астам халық тұрды. Жерінің көлемі – 186 мың шаршы шақырым. Ішкі жиынтық өнімінің көлемі 96 млрд АҚШ доллары деңгейінде. Мұнай, газ, темір, фосфат қорларына бай ел. Мұсылмандар халқының 90 пайызын құрады. Қалғаны күрділер, армяндар, христиандар. Сирия әлемге немесе көршілеріне қауіп төндірген агрессор мемлекет емес-тін. Алайда, соңғы 6 жылда бейбіт елдің тас-талқаны шыққаны белгілі. Сирияға пәле билікке таласудан келді. 2006 жылғы табиғат қуаңшылығы билікке наразы бедуиндер тайпаларының көтерілуіне себеп болды. Билікте 45 жылдай отырған Асадтар әулеті халықтың 60 пайыздайын құрайтын сүниттік ислам бағытын ұстанушыларға еш ұнамады. Сондықтан елдегі оппозицияның негізін осы сүниттік топтар құрады. Кейбір басым державалар қолдаған соғыс салдарынан Сирияның Дамаскіден кейінгі ірі қаласы – Алеппо тас-талқан етілді. АҚШ, Ресей, Батыс Еуропа дип­ломаттары қаншама рет кездесіп келіссөздер жүргізгенімен, күрмеуі шиеленісіп кеткен Сирия дағдарысы шешілмей келеді. Осындай аласапыран жағдайда «исламдық жиһад» идеясын басшылыққа алған әлемнің көптеген мемлекеттерінен келген лаңкестік топтар мен экстремистік күштер Ирактың, Сирияның, Ливияның біршама жерлерін қамтыған ИЛИМ (ДАИШ) деп аталатын «Ислам мемлекетін» (Қазақстанда тыйым салынған) құрып алды. Бұлар бүкіл әлемдік қоғамдастыққа қауіп төндіретін «ислам жиһады» идеясын басшылыққа алып отыр. Оның мақсаты – әлемдік империализмге және кәпірлерге аяусыз соққы жасау, әлемдік мұсылман мемлекетін құруға қол жеткізу. Сирия дағдарысында ерекше маңызы бар мемлекет – Түркия. Түрік басшылығы көршілес Сириядағы соғыс өртінің өршуіне мүдделі емес. Олар Ирак, Сирия, Түркиядағы күрділер бірігіп, Түркияның шекаралық тұтастығына нұқсан келтіруінен қорқады. Сондықтан ел Президенті Р.Т.Ердоған Ресеймен қайтадан жақындаса бастады. Батыс мемлекеттерінің Түркияның ішкі жағдайында демократиялық үрдістердің шектелуіне наразылығы Ресей мен Түркияның біршама жақындасуына, өзара сауда, экономикалық санкциялардың алынып тас­тауына әкеледі. Батыс санкцияларынан зардап шеккен Ресей Түркиямен сауда-экономикалық байланыстарын күшейтуге аса мүдделі. Сирия мәселесіне байланысты келесі ойыншы – Иран. Бұл ел Башар Асадтың режімін қолдауда. Себебі, алавиттік топ Иранға діни жағынан жақын. Екіншіден, Иранға өзінің мұнайы мен газын әлемдік нарыққа Сирия жері арқылы шығарған тиімді. Сонымен бірге, елде ішкі теке-тірестер, өзара жауласу, бәсекелес топтардың уақытша мәмілеге келіп, одан кейін әрі қарай жауласа беруі сияқты күрделі құбылыстар өте көп. Лаңкестік топтар кей кезде өзара сауда жасасып, азық-түлік, қару-жарақ, оқ-дәрі саудасын қыздырып алып, өз позицияларына барып соғысуды жалғастыра береді. Сондықтан АҚШ пен Ресей Сирияда соғысып жүрген қай топ оппозиция, қай топ шын мәніндегі террористер екендігін нақты біле алмай отыр. Ал жалпы Сирия халқы елінің егемендігін, тәуелсіз дамуын толық қолдайды. 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыстың салдарынан 300 мыңнан астам сириялық ажал құшса, 4,5 млн адамы босқындар қатарына қосылды. Сириялық босқындар лагерьлері Түркияда, Иорданияда, Ирак, Ливияда орналасқан. Босқындардың мақсаты – дамыған Еуропа елдеріне барып паналау. Ең сорақысы – Сириядағы соғыстан бейкүнә балалардың зардап шегуі. Бес жылда 15 мыңға жуық бала құрбан болды деген дерек бар. Із-түзсіз жоғалып кеткен балалар саны да ондаған мыңнан асып кетті. Көне заманнан келе жатқан Шам елінің болашағына балта шабатын соғыс болып жатыр. Босқындық, аштық, ауру жайлаған Сирияның көптеген аймақтарын әлемдік қоғамдастық гуманитарлық қасірет жағдайында деп жариялады. Сирияға түрлі елдерден келген лаңкестер саны 40 000-ға жетті деген мәліметтер бар. «Исламдық жиһад» идеясына бас бұрғандарда отан жоқ, туған халқы мен елі жоқ. Ол үшін маңыздысы – жер жаһанда исламдық билеудің орнауы. Міне, осыншама көп санды, аса күшті дайындықтан өткен лаңкестік топтар әлемде терроризм өртін қоздыруды мақсат етуде. Сөйтіп, Сириядағы соғыс әлемдік терроризмнің Ауғанстаннан кейінгі екінші ошағына айналуда. Әлемдік қоғамдастықты осы қауіп ерекше алаңдатады. БҰҰ бастаған бейбітсүйгіш күштер Сириядағы соғысты тоқтатудың, күрмеуі қиын шиеленісті шешудің тиімді жолдарын іздестіруде. Сирия дағдарысын шешудің жолдары ондаған мәрте талқыланды. Осы мәселеге қатысты келіссөздерге Түркия, Иран, Батыс Еуропа мемлекеттері де тартылды. Биліктегі Башар Асад пен оған қарсылас оппозициялық топтар да келіссөздерге белсене қатынасуда. Өкінішке қарай, соғысты тоқтататын нақты істер басталмай тұр. Қазақстан да Сирия дағдарысына бейжай қарай алмайды. Әлемдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен теңдікті жақтаушы мемлекет ретінде Қазақстан Сириядағы дағдарысты келіссөздер арқылы, қарсылас жақтардың ымыраға келуі арқылы шешуді ұсынуда. Басты мақсат – Сириядағы соғысты тоқтату және бейбіт өмірге жол ашу. Осы істер арқылы ғана жаһандық қауіпке ай­налған Сирия дағдарысының бетін қай­та­руға болады. Астанада аяқталған Сирия мәселесін реттеуге байланысты келіс­сөздер осы мақсатты орындауы тиіс еді. Бірақ та, келіссөзге бірнеше ірі топтардың өкілдері қатысқан жоқ. Олар – «Ислам мемлекеті», Ахрар аш-Шам, Шебхат-ан-Нусра сияқты қарулы топтар. Бұл топтармен келіссөз жүргізу де мүмкін емес. Қиыншылық та осында. Себебі, қарулы топтар қарамағында біршама жер, біршама ел бар. Олардың Сириядағы ықпалын да жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ барлық қиыншылықтарға қарамастан, келіссөздер жүруі тиіс. Астанаға дейін Ресейде, Швецияда өткен келіссөздер барысында Сириядағы соғыс уақытша тоқтатылғанымен, әрі қарай жалғасып кете берген. Астанаға Сириядағы шешуші күштер өкілдері келді. Себебі, Сирияның халқы, билігі, оппозициясы соғыстың жалғасуы елді толықтай талқан қылатын хаостық жағдайға әкелетіндігін түсінген сияқты. Мүдделі топтарға бейтарап Қазақстан Астана алаңын келіссөздер алаңы ретінде ұсынды. Бізге Ресей, Түркия, Иран мемлекеттері келіссөздер өткізу туралы өтінішпен шықты. Сонымен қатар, Астана – мұсылман халқы басым елдің астанасы. Сирия оппозициясы да, ресми билігі де Астананың келісімдер алаңы болуына қарсылық танытқан жоқ. Сирия дағдарысындағы негізгі ойыншылар АҚШ, Ресей, Түркия, Иран Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста. Осы ыңғайлы себептер Сириядағы дағдарыс мәселесін талқылауда, келіссөздер жүргізуде Астана ұтымды екендігін дәлелдеді. Көпжақты, көптарапты келісімдер барысында бұл жағдайдың өзінше маңызы бар екенін атап өткен жөн. Әлемдік басым державалардың Қазақстанға деген сенімі, дұрыс қатынасы және елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы да келіссөздердің белсенді жүргендігінің кепілі болды. Сирия дағдарысының күрделі табиғатын, оған қатынасу­шылардың қайшылықтарының тереңдігін есепке алсақ, Астанадағы келіссөздердің өте күрделі, шиеленісті қарсыласу жағдайында өткені айтпаса да түсінікті. Әрине, келіссөздердің кезең-кезеңмен өтетіні белгілі. Келіссөздердің келесі негізгі раунды Женевада жүреді. Ең маңыздысы – бейбітшілікке қарай, халықаралық шиеленісті азайту жолында оң қадамдар жасалатындығы ақиқат. Себебі, бейбітшілік үшін, әлемдік қауіпсіздік үшін күрес жолында әрбір қадамның маңызды екендігін өркениетті адамзат жақсы біледі. Сирия дағдарысын шешуге, Таяу Шығыста ахуалды тұрақтандыруда Астана келіссөздері тиімді жол бастап бергені тағы ақиқат. Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор АЛМАТЫ  Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»