Қазақстанда 25 адам рақымшылықпен босап шықты, - деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
"Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңға қол қойғаннан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен пробация қызметтерінде материалдарды сотқа жіберу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. 24 қаңтарда сотқа сегіз мыңнан аса материал жіберілді", - деді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегілер.
Сондай-ақ, сотқа қамауда отырғандарды босатуға қатысты 2 мыңнан аса материал келіп түскен және бостандықтан айыру туралы шешімдер айыппұлға ауыстырылған. Қалған алты мыңнан аса материал пробация қызметіндегілерден келген.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 13 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық жасау туралы заңға жария түрде қол қойған болатын. "Рақымшылық 28 мыңға жуық азаматқа жасалады деп жоспарланып отыр. Бұл - ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңындағы маңызды адамгершілік акциясы", - деді Елбасы.