Алматы • Бүгін, 15:30

«Бағанашыл» балалар үйінің бірнеше корпусы сүріліп жатыр: Алматы әкімдігі себебін түсіндірді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы тұрғындары «Бағанашыл» балалар үйі аумағында орналасқан ғимараттардың бірінің бұзылғанын, ал екіншісінің терезесіз қалғанын байқап, видеоға түсіріп алған. Қала әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бағанашыл» балалар үйінің бірнеше корпусы сүріліп жатыр: Алматы әкімдігі себебін түсіндірді

Алматы қаласының білім басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы 13 қазанда қала құрылыс басқармасы мен Integra Construction ЖШС арасында жаңа нысанды жобалау бойынша ынтымақтастық меморандумы жасалған. Техникалық тексеру нәтижесінде әкімшілік, оқу корпустары, спорт және акт залдары сейсмикалық тұрғыдан жарамсыз деп танылып, бұзуға шешім қабылданған. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары толық аяқталған.

Жоба аясында жатақхана корпусын қайта жаңарту, сондай-ақ жаңа оқу, спорт, әкімшілік ғимараттар мен асхана салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделген.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, балалар Алматыда қалған. Олар 2024 жылдың тамыз айында-ақ арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына көшірілген және сол жерде тұрып жатыр.

Айта кетейік, «Бағанашыл» балалар үйіне қатысты дау 2025 жылдың көктемінен бері жалғасып келеді. Алдымен балаларды Алматыдан Қонаевқа көшіру жоспарланғаны қоғамда резонанс тудырды. Кейін бұл шешімге қарсы пікірлер айтылып, түрлі тексерулер жүргізілді.

Соңында жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, балаларды көшіру тоқтатылды және қызметтік тексеру тағайындалды. Осы оқиғадан кейін бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылып, кейбірі қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар