25 Қаңтар, 2017

Қытайда тұратын белгілі ақын Задақан Мыңбай қайтыс болды

628 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

16358554_1831448803769833_1548326733_nҚаңтардың 25-іне қараған түні қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, сөз зергері, қадірменді ақсақал Задақан Мыңбай 78 жасында қайтыс болды.

Задақан Мыңбай 1939 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағы Дәрбілжін ауданының Қаракемел ауылында дүниеге келген. Ол қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ірі тұлғалардың бірі. 1960 жылы Шыңжаң институтын бітірген. 1960-1980 жылдары Қытайда жүргізілген солшыл саясат кесірінен 20 жылдай жазықсыз айдауда болған. Ақталғаннан кейін 1980-1997 жылдары аудандық сотта адвокат болып қызмет істеп, 1997 жылы демалысқа шыққан. Баспасөздерде шығармаларын жариялау құқығын да сол кезде әрең қалпына келтірген.

Задақан Қытай жазушылар қоғамының, Қытай аз санды ұлттар қоғамының мүшесі, Шыңжаң жазушылар қоғамының мүшесі және тұрақты өкілі, Іле Қазақ автономиялы облыстық жазушылар одағының мүшесі. Оның «Көкейтесті» «Бетпе-бет» атты өлеңдер, «Дала заңы» атты дастандар жинағы және өзге де кітаптары жарық көрген. «Бетпе-бет» жаңа дәуір әдебиеті үздік шығарма сыйлығына, «Дала заңы» Қытай аз ұлттар әдебиеті үздік шығармасы сыйлығына ие болған. Оның «Ей, отыншы!» дейтін өлеңі сол кездегі солақай саясаттың сойыл соғарларына арналған еді. «Ей отыншы, қыршын талды қимашы, Жұп торғайды үркітпеші, қумашы. Жасты қисаң қуарып жер құшады, Жұпты қусаң екі айырыл ұшады. Аза бойым қаза болып осыған, Балтаң маған тиердей-ақ шошынам. Неге десең, мен де айырылғам жұбымнан, Жас үмітім қыршынынан қиылған», -деп өзінің өксіп өткен жастық шағын, қиянатшыл  солшылдарға деген ашу, ызасын айтады ақын. Бұл баллада Қытайдағы қазақ оқушыларына арналған оқулыққа еніп, кеңінен танымал болған.

«Задақанның ақын жүрегі аталарынан келе жатқан адамшылық қасиет, асыл мұра, арлы сөз... бәрін-бәрін аялап өтті» дейді қаламдас, замандастары. Оған оның шығармалары жауап беріп тұрғандай. Өзінің ата-қоныс, туған даласын, айқыш-ұйқыш айғыздаған машинаның ізінен де қызғанатын қызғыш ақын былай толғайды:

Шофер балам, рахмет, кете бер, Машинаңа отырмаймын, кеше гөр! Қыстаулыққа жаяу жетем өзім-ақ, Сай-саланың бәрі маған төте жол! Әне қыстау, арамызда бір кезең, Сен зырлайтын тас жол емес бұл деген! Қыр айналып, шыр айналып жетесің, Жылға қуып, ылғи жайдақ жүлгемен... Май күреңсе, ақ бетеге шіркінді, Дөңгелегің түтелейді-ау, қыршиды. Бір жүргенде-ақ қос айылдың табындай, Қалады артта сұрқыл таңба бір түрлі... Рахмет!.. Машинаңды таятпа, Отырмаймын таянсам да таяққа!.. Бүйтіп мені жаяулықтан құтқарып, Батамды алып, батам деме сауапқа. Сүркейлі еді тыңға түскен із қандай, Қу жаныма сол батады ызғардай! Қиналамын машинаңда отырып, Жүрегімді қос қандауыр сызғандай.

«Поэзия тілінің құдіреті де сол ғой, анығында бұл даланы айғыздап жатқан қандай көлік, не техника? Әрине, ол далаға із қалдырып жүріп өткен машинаны ғана айтып отыр ма? Әлде өрісіне өзгелер иелік етіп, не бір алып техникалармен астын қазып алтынын алғанын айтып отыр ма?.. Міне, өлең осылай мазмұнын байыта түседі» деп тарқатады әдебиет сыншылары.

«Жалпы, Задақанның нәзік лирикаға толы өлеңдері оқырмандарын еш уақытта бей-жай қалдырған емес, оның өлеңдері нешелеген қабаттардан тұрады. Қызығы, әр оқырман өзінің өресіне қарай аларын алып, ары қарай тереңіне сүңги алғандар «мінсіз таза асыл тастай» маржандарын сүзіп алады» деп жазады әдебиеттанушы, журналист Б. Сұлтанұлы. Өле-өлгенше қазақ руханиятына қызмет етіп өткен қарымды қаламгердің жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Алды пейіш болғай!