Кеше Мәжілісте палата Төрағасының орынбасарлары Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаеваның қатысуымен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту және азаматтардың оған қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел болып өтті. Шараны Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов ашып, жүргізіп отырды.
Бұдан бұрын, Мәжілістің жалпы отырысында, Мемлекет басшысының Ұлт жоспарындағы 97 және 98-қадамдарды іске асыру мақсатымен ауылдық әкімдіктерге бюджет енгізу мәселесі туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын айтқан болатынбыз. Еске сала кетсек, оған сәйкес 2500-дей ауылдық, кенттік әкімдіктерде бюджет ашылып, оларға кейбір салықтар мен айыппұлдардан және коммуналдық меншіктерді сатудан түсетін 110 млрд теңгедей қаражат құйылмақ. Заң жобасын талқылау барысында ауылдық әкімдіктердің қаражатты дұрыс игеру, заңға сәйкес мақсатты жұмсау істеріне көптеген күмәндар келтіріліп, олардың сыбайлас жемқорлыққа жол беруі мүмкін делінген күдіктер де айтылған. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин Ұлттық экономика министріне арнаған қорытынды сөзінде әкімдерді қаражат игеру жұмысына үйрету тек семинар-кеңестермен ғана шектелмей, арнаулы курстарда оқыту керектігін де айтқан болатын.
Кешегі дөңгелек үстелде негізінен осы бағыттағы жұмыстар сөз етілді. Баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов ауыл әкімдерінің бюджетті игеруге дайындығы туралы сөйледі. Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы «Зерде» оқыту орталығының базасында 1381 ауыл әкімі арнаулы курстан өтіпті. Бұл – барлық әкімдердің 56 пайызы. Сонымен қатар, Мемлекеттік басқару академиясы аймақтық оқыту орталықтарымен бірлесе отырып, ауыл әкімдері мен оның аппаратының қызметкерлері үшін өзін-өзі басқарудың құқықтық негіздері, бюджетті жоспарлау мен әзірлеу, қорғау мен орындау тәртібі, бухгалтерлік есепті жүргізудің ерекшеліктері туралы семинарлар ұйымдастырған. «Әкімдер мен аппарат басшыларын оқыту үшін жаңа мақсатты бағдарлама іске қосылды. Ұлттық экономика министрлігі әкімдерді 4-ші деңгейлі бюджетпен жұмыс істеуге дайындау үшін жалпы үйлестіру жұмыстарын жүргізбек», – деді А.Жұмағұлов. Сонымен бірге, арнаулы дайындықтан өткен 36 оқытушы 14 аймақтық оқыту базаларында әкімдер мен аппарат қызметкерлеріне ұстаздық жасайды екен. Оқу мерзімі аяқталған соң әкімдер мен қызметкерлер тест тапсыратын көрінеді.
Баяндама аяқталған соң А.Жұмағұловқа көптеген сұрақтар қойылды және қосымша ұсыныстар жасалды. Депутаттардың бұл іске белсенді түрде араласқандығы мемлекеттік мүддеге жанашырлық екендігі көрініп тұрды.
Дөңгелек үстелге еліміздің аймақтарынан келген ауылдық округтердің әкімдері де қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды. Олар өздерінің сөздерінде бюджеттің енгізілгенін негізінен құптады. Ал оны игеру мен мақсатты жұмсауда соншалықты тығырыққа тірелетіндей мәселенің жоқтығы көлденең тартылды. Өйткені, көптен істеген әкімдер қаржы бөлінген жағдайда бюджетті қалай жұмсауды баяғыда-ақ жоспарлап қойғандарын айтты. Дөңгелек үстелге Қаржы, Ақпарат және коммуникациялар, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері мен Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар әзірленетін болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»