27 Қаңтар, 2017

Мұң және муза

1561 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Эссе Түн және Мұқағали Адам үшін тапжылмай үш күн, үш түн шалқадан таңылып төсекте жату қасірет екен. Созылып барып, әзер дегенде бас жағымдағы тумбадан Мұқағали Мақатаевтың кітабын алдым. Қай кітапты болса да қолыма қарындаш алып сызып, белгі түсіріп оқушы едім, қарындашқа қолым жетпеді. Мұқағали поэзиясынан кеңдік, шыншылдық, зиялылық, мейірбандық атойлап белгі беріп тұрады. Өкінішті... Мына құрғыр сырқаттың беті күшті. Жүрегім көтеріліс жасап жатыр, Бұзбақ болып кеудемде бекіністі. Өкінішті...   О, Жүрек! Менің алтын қазығым-ау! Қайтейін, қажыдың-ау. ...Қытықтаған бауырдың «назы» мынау. Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!   Не істемекпін? Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!. Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін: Жүрегім — Африка, бауырым — Кипр Миым Мұзды мұхиттай... Не істемекпін?.. Сырқат меңдеген Мұқағали халы ауыр. Мұқағалидың жаны азапта. Не істеуге білмей дал болған, дағдарған, ауруы меңдеген Мұқағали жалғыздық құшағында. Ақиық ақын, сыр бөлісер, мұң бөлісер адам іздейді. Кісілігін жоғалтпаған адамға зәру. Алматы аспанының астында Мұқағали ақын шын жалғыз қалып еді. Өкінішке қарай, бауырдан жазылмас дерт те жабысқан. Ақын мен ауру егеске түскен. Сондай текетірес тұста ақын мұңын айтар дос іздейді. Таппайды. Пендешілікке берілген қазақтардан мейірім, ықылас, кісілік күту бекершілік қой. Сонан да саналы, ойшыл, қазақтардың барлығы да жалғыздық құшағында. Мұң басқанда, Не жетсін сырды ашқанға, Келейінші бір барып сырлас жанға. Көзім алды — көк тұман, жанарда — жас, Көлеңкелеп көңілді кір басқан ба? Келейінші бір барып сырлас жанға. Бірге бастық өмірдің кезеңдерін Бірге кештік көлдерін, өзендерін. Бір жан мені тыңдаса, сол тыңдар-ау, Түсінер-ау, жанымды сезер менің. Басында Алатауы, аспанда Ай, Жұлдызы, астында шалқыған Ана-Жері тұрғанда жанын жеген жалғыздық зарымен кіммен бөлісерін білмей дағдарған сәтте ақын өзін табады. Ақын өз өлеңімен өз жүрегіне шағынады. Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені... Көрмейсің ғой кереметті мендегі. Түсінсеңші сарсаң болған пендені, Түсінсеңші! Ақыл-ойым кем бе еді?!   Неге бұлай? Неге жүрмін көңілсіз? Жаным менің жылап жатыр, тек үнсіз. Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз, Кетем бе деп қапаланам өмірсіз.   Сана тірек тапқан кей сәтте, ақын бойына қуат жиған Қобыландыдай арпалыс ойға түседі. Бәрін түсінгісі, бәрін ұққысы келеді. Ал пенделік кірген жүректі әзәзілдің билейтінін ақын кейде ұмытады-ау. Оны ұмытпаса ақын бола ма Мұқағали?!. Олай көрем өзімді, бұлай көрем, Өзімді-өзім патша, құдай көрем. Кесілмеген тұсауы нәрестедей, Кездескеннің бәрінен құлай берем.   Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып, Жүрген жәй бар, осылай күй ақтарып. Билей алмай жүрмін мен бір басымды, Роботы біреудің сияқтанып.   Бәріне де түсінем, Бәрін білем, Бірақ білмен өзімнің әлімді мен... Бірақ осынау жан тебіренткен толғауы күпті сұрақтарды қоймаса, ол Мұқағали ақын бола ма?!. Сергелдеңге түсіп, сандалып жүрген кезінде де дауылпаз ақын Мұқағали санасын шайтанға жеңдірмеуге барын салыпты.Ақиқаттың ауылы Кеңес елінде де, Кеңес мемлекетінде де орнамайтына көзі жеткен күйікті ақын жалғыздық теңізіне сүңгіді де жалғыз кетті. Ақиқат өлген жерде ақын да өледі. Ақын мен ақиқаттың жаны бір. Рухтары ортақ. Аяғының астында алып Жер-Ана,  төбесінде алып Аспан-Ана,  бір жанға бәрі жетерлік, бірақ пендеге жетер сый Ақынға жетпек емес. Ақын Тәңірдің құлы, Тәңірдің жаушысы, Тәңірдің тілеушісі. Ақынға керегі сый емес, Сенім. Тәңірге деген Сенім. Адамға деген Сенім.Дауылпаз ақынның жүрегінен Сенім жоғалған сәттен бастап дауылпаз ақынның басына айықпас дерт жабысқан.Айықпас дертпен ауырған ақын оқырманын тағы бір қырға тарта жөнеледі. Ол — өлім жолы. Немкеттілік жолы. Ол үшін ақынды сен жазғырма. Сен оның ақиқатқа ұмтылудан бір таймаған жүрегіне үңіл, оқырман. Сені мен көрсем деймін, көрсем деймін, Жазыпсың қартайдым деп, мен сенбеймін. Мойнымда қарызың бар, берсем деймін, Сонан соң өлсем, мейлі, көмсең мейлің.   Италия ақындары Мен Мәскеудегі КСРО Жазушылар одағында жиырма жыл әдеби-кеңесші болып қызмет атқарыппын. Ол кез бүкіл Қазақ әдебиетінің толуға, толысуға бет қойған, жойқын туындылар әкелген дәуірлі сәті еді. Қазақтың жаңа оянған тарихи романдары, терең психологиялық повестері, өжет әңгімелері, әрине, өркен жайған поэзиясы ерекше белеске көтерілген. Ұмытпасам 1977 жылы мен Мұқағалидің «Жан азасын», тағы да бірнеше өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аударып,  атақты орыс ақыны Михаил Курганцевке бердім. Екі күн өткен соң, Михаил Абрамович маған телефон соқты. Роллан, Мұқағали ақынның өлеңдерімен таныстырғаныңа рахмет. Өзімен таныссам бақытты болар едім. «Жан азасы» керемет реквием! Керемет!.. деп, бөгелді Михаил Абрамович. Өмірден ерте кеткен екен. Аянышты. Мұқағалидің өлеңдерін аударам. Біз осы байламға тоқтадық. Он-он бес күн өткен соң, Михаил Курганцев тағы да телефон соқты. Роллан, Италияның атақты екі ақыны Мәскеуге келген. Мен оларға тамақ берем. Сен келсең қайтеді?.. Мұқағали туралы да сол арада сөйлесер едік, деді. Жазушылар үйінің ресторанында Михаил Курганцев дастархан жайды. Михаил Курганцев қазақтарша дастарханды мол қылып жайып тастаушы еді. Михаил Курганцев итальяндық ақындарға Мұқағали туралы, оның тамаша реквием жазғанын, жақында өмірден озғанын айтты. Данте Алигеридің «Тозағын» қазақ тіліне ғажап аударғанын да хабарлады. Итальяндықтар қызығушылық танытты. Мен портфелімнен Дантенің қазақша кітабын алып шығып көрсеткенде тіптен таң қалысты. Альберт Гурьевтің «Тозаққа» салған суреттерін де қызыға тамашалап еді. Итальяндық ақын маған тесіле қарап:  Сіз, қазақ ақынының аудармасын орысшаға жолма жол аударыңызшы, деп сұрады. Михаил оны жолма жол итальяншаға аударсын, ал мен оны итальянша көркем аударайын, ал менің досым Стефан оны көне итальян тіліне жолма жол аударсын. Данте көне итальян тілінде жазған ғой, деді. Бұл эксперимент маған ұнады. Мен қазақ текстін жолма-жол орысшаға аудардым, Михаил жолма-жол итальяншаға аударды. Ал төрт жол тексті итальян, әм көне итальян тіліне итальяндықтар аударды. Қазақ ақынының аты кім? деп сұрады Стефан. Мұқағали, деді Курганцев. Мұқағали өте үлкен ақын екен. Оның аудармасы көне итальян тіліндегі текстен аумайды. Ұлы ақынды ұлы ақын ғана аудара алады деген шындық осы, деп Стефан орнынан тұрып маған басын иді. Ұлы Мұқағали үшін, ұлы қазақ поэзиясы, ұлы қазақ халқы үшін көтерейік мына итальян шарабын, деді. Итальяндық ақындардың қуанышында шек болмады. Михаил Курганцев те қуанышты еді. Әнуар Әлімжановқа айтып, мына итальяндық ақындарды Қазақстанға шақыру керек. Мұқағалидай феномен ақын туралы итальяндықтар сөйлесін. Сол дұрыс болады. Ұлы Ұлтқа Ұлы азаматтарын аспанға көтеру жарасады, деді Михаил Курганцев. Мен Мұқағалиды орыс тіліне аудардым. Шығыс кітапханасына да кіргіздім. Олег Волков деген композитор «Жан азасына» оратория жазып жатыр. Орыстың майталман аудармашысы Михаил Курганцев, Мұқағалидің аруағына адал қызмет жасап еді. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Қазақстан Жазушылар одағы екі итальян ақынын да, композитор Олег Волковты да ел-жұртымызға шақырмады. Бізді құртса немкеттілік құртады ғой...   Тағы да Мұқағали Жетпісінші жылдары Қазақтың әдеби сыны Мұқағалиды көзге ілмеді, алып ақынның аты газет-журнал беттерінде аталмайтын болды. Сырласатын, мұңдасатын, ашық әңгіме құратын бір қазақты таппаса да, Мұқағали бір сәтке де тынған жоқ.  Ақын өлеңін, өлең киесі ақынды тастамады. Алып ақын, алып өмірді, ақын көзімен, азамат санасымен бойлай бағалап, терең зерделеуден тайған жоқ. Ақын көргенін, сезгенін, танығанын поэзияға айналдырып, өлеңнің алтын сандығына салмақтап жинай берді. Ақын сол дел-сал кезінде жүргеннің өзінде 20 000 жол асыл өлең қалдырды. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары қазақтың ақын-жазушылары Мұқағали ақыннан бойларын алып қашып кеткенде, Мұқағали ақын ел-жұрты үшін, поэзия өлкесі үшін аянбай еңбек етіпті. Мұқағали ақын халқынан, халқы Мұқағалидан ара суытқан емес. Сол кездегі асау ақынның өлең жолдарына  тағы бір мәрте көз салыңыз. Асығу керек, Асығу керек, Асығу керек, асығу! Алдыңда — биік асуың. Асығу керек, жылдамдығындай сәуленің, Артыңа тастап найзағайлардың жасынын!!!   Асығу керек, Тындыру керек барлығын. Ешкімнің күтпей жарлығын! Апармай кешке, асығу керек, асығу, Түстегі ісіңнің қалдығын!!!   ...Қолымнан келсе, Уақыт деген өлшемді, Жоқ қылып мүлде көрсем бір. Қолымнан келсе, Ойымның жылдамдығындай, Жарықтың дағы тездігін тежеп, Жеңсем бір. Асығу керек, Асығу керек, қалайда! Уақыт саған қарай ма?! Асығу керек, Асығып жеткен арманның Әппақ сәулесі, Түссін де тұрсын самайға. Ертеде қасында жүрген жақындары ақыннан бойларын алыс салғанда да, сыншы інілер сыңаржақ кеткенде де, доссымақ, тілектессымақ ақындар оның сөзін тыңдамай, ниетін қабыл алмай, қыр арқаларын берген кезде де, дауылпаз ақын ол пенделердің біріне де назар тоқтатқан емес. Өкпе де артқан емес. Өзінің поэзия кемесін теңіз толқынында ойнатқан білгір Капитандай, сабыр мен салқынқандылық танытқан. Мұқағали ақын өлең өлкесінде өзінің кім екенін анық танып болған. Енді оны оқырманы жазбай танып алуы керек еді. Көрер едің, Шаламын ба, отпын ба, Білер едің, Ақынмын ба, жоқпын ба?.. Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда, Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда. Түсінер ең, Езбін бе, әлде ермін бе, Байқар едің, Артықпын ба, кеммін бе?.. Мен Спартак бола алмадым, не шара, Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!   Сырым да — осы, Жырым да — осы, Алдыңда. Байқашы бір, Бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты — Мұқағали Мақатаев бар мұнда! Нағыз ақын, алып ақын, дара ойдың дарабоз ақыны, Дешті Қыпшақтың асыл арғымағындай жыр әлемінде талмай шабады екен-ау!.. Өліммен қатар қонып жатып та, Мұқағали ақын, қуатты ойға берілген ерке жырын халқына тартуға асығыпты. Жиырмасыншы жылдары Мағжан Жұмабаевша, қырқыншы жылдары Қасым Аманжоловша, алпысыншы жылдары Төлеген Айбергеновше, жетпісінші жылдары Мұқағали Мақатаевша жазамын деушілер көбейгені ақиқат. Бұны қазақ поэзиясының эстетикалық талғамының, пәлсафалық кеңдігінің толығуы деп қуануымыз керек. Батар күн, Келер түн, Атар таң, Шығар күн, Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын! Осы мен,            осылай мәңгілік тұрармын, Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын! Қадірлі ағамыз, үлкен ақын, ғалым Әбділдә Тәжібаев Мұқағалиды қатты құрметтеген абзал ақсақалдарымыздың бірі болған. Осы арада Әбекеңнің Мұқағали поэзиясы туралы ойын беруді жөн көрдім. «...Қандай ғажап! Әркімдер-ақ өз жазғанындай қуанбай ма? Әрине, осындай өлеңдерге түсінер, ақынша қабылдар сыншы керек емес пе, ол сыншы осыларды талдауы, бұл өлеңдердің сиқырын бізге баяндауы керек емес пе? Жаны ақын емес, жаман сыншы осыларды талдай ала ма? Әрине, жоқ!» деп күйзеле ойын түйеді қарт ақын.  Сол ақынға Мұқағали ақынның арнау өлеңі бар. Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың, Мен қалай, Әбе, сені жат санайын. Абыржып асаңды ұстап отырғаның, Ашулы Грозный патшадайын.   Сөйлесең, Бурадайын лықсып-тасып, Жаралы жауынгердей сылтып басып, Әбігер боп жүргенің қашан көрсем, Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып. Келісті жыр. Келісті ой. Үлкенге деген құрмет. Ізгілікті сыйласым. Поэзия алдындағы тазалық. Ақындық киеге деген құрмет әм бас ұру. Ұлылар ғана бірінің бағасын бірі білген ғой. Ұлылықты ұлы ғана таныр. Жазылар естеліктер мен туралы, Біреулер жан еді дер өр тұлғалы. Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.   ...Жазылар естеліктер нешелеген, Көрерміз оның бәрін пешенеден. Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе — Көшеді өлең немесе өшеді өлең!   ...Қулары, таудың қызыл түлкісі дер, Момындар, біздің үйдің кірпіші дер. Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер!? Жалғыз аралда жалғыздықпен күн кешкен Мұқағали Мақатаевты Қазақстан Жазушылар одағы  сапынан шығарғанымен, Мұқағали ақын алып поэзия дариясына тинәмдай кіршік түсірмей, өмірді, махаббатты, өлімді талмай жырлап жатты.   Таң. Аурухана. Тағы да Мұқағали Таңғы Астана аспаны бұлыңғыр. Түні бойы талмай жауын жауған. Батыстан соққан салқын желдің қауқары қалың бұлттардың қатарын бұзуға шамасы келер емес. Кең, ұзын көшелердің бойын су алып жатыр. Су жайлаған көшелердің бойында машиналар легі тығырыққа келіп тірелгендей кептеліп тұр. Аздан соң қайтадан жауын себеледі. Ақ жауын еді. Енді күні бойы ақ жауын жауады. Су алып кеткен ұзын көшенің бойында кептелген машиналар суда қалқи қозғалып, бірімен-бірі қағысып жатыр еді. Сол суда қалқыған машиналар легі «Хан шатырларға» қарай асықпай лықси қозғалып барады. Сатыр-күтір күн күркіреді. Найзағай ойнады. Тағы бір рет найзағай ойнағанда палата іші жап-жарық болып кетті. Таңғы укол ауыр болатын. Күркіреген күн астында, жарқ-жұрқ етіп найзағай шатырлаған қорқынышты сәуле астында ауруыңды да ұмытқандайсың. Өйткені Ана-Аспанның құдыретті қуатының алдында пенде-Адам не тәйірі?!. Пенденің қолынан не келеді?.. Түк те келмейді. Біз Мұқағали ақынның алып тұлғасына, алып ойлы өжет сөздеріне, сәулелі, нұрлы, нәзік жыр тынысына қызыға да, құмарта да көз салғанбыз. Санамызды ақынның саналы жырларымен тұнықтағанбыз. Өмірге ғашық Мәжнүн ақындай айқындалған Мұқағали жырлары таза, ашық, мөп-мөлдір еді-ау!.. Ұрылар да емеспіз, қарылар да! Қарғыс таңба біздерден арылар ма?! Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге, Қарғыс аяз біздерді қарығанда. Жасамаймыз қиянат жаны барға. Жаны бар жан, бірақ та табылар да? Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?! Біздер — жетімдерміз! Жетімдерміз! Жетім болып жүріп-ақ жетілгеміз: Дөңгелек жердің шарын допша қуып, Мазасын тіршіліктің кетіргеміз. Тіршілікте біреуін біреу күндер, Бізге жат — өлі кімдер, Тірі кімдер... Бұл Алып ақын ғана айта алар Ақиқат жыр! Поэзиясына жанын, жанына поэзиясының ерке сәулесін дарытқан айрықша ақын еді-ау Мұқағали! Қазақ поэзиясына барын берген, сол поэзияның асыл көмбесінің нұрлы да, сырлы болуына барын төккен, сол жолда өзін-өзі аямаған, ерекше тұлғаның бірі де Мұқағали. «Жан азасы» — ХХ ғасырдағы құдыретті Реквием. Ол Мұқағали Реквиемі болып қазақ поэзиясының тарихына енді. «Жан азасы», ХХ ғасырдың поэзия қақпасын жапқанымен, XXI дүлей ғасырдың аяусыз жетімдері жалғар үрейлі Реквиемнің бастауы болып қала бермек. «Жан азасы» — ХХ ғасырдағы қазақтардың Ел-жұрт, Ана-Жер, Ана-Аспан тағдырларына алаңдап мазасыз күй кешкен ең қайғылы, ең сұрапыл, ең қатал Реквиемі. Дүниеде өзі өлсе де, жыры өлмеген құдыретті ақындар бар.  Мұқағали ақын сол санаулылардың санатынан.  Ана-Жердің төсінде, Ана-Аспанның астында бақытқа малынып өмір сүрген ақын болмапты. Бәрі де күйбең тіршіліктің құлы болыпты. Тірліктерінде ер-тұрмандары жөнделмей, қу дүниеге жарымай жапа-жалғыз күн кешіпті. Олай болса, о дүниедегі бақыт Ақынға не керек екен?!. Біз оны білмейміз. Мұқағали ақынның аруағы да біздің сұрағымызға жауап бере алмайды. Тылсым дүние жұмбаққа толы...Тәңірдің өзін ұқпаған адам, оның терең жұм-бақтарын қайдан да ұқсын?!. Тірісінде күйі келмей күйреген Мұқағали ақын, о дүниеге өткен соң, жырлары өзге ғарыштық биікке шарықтап шығып мәңгі қозғалысқа түскен. Роллан Сейсенбаев