27 Қаңтар, 2017

Тоғыз жасар актриса

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
киноОблыс орталығынан шалғайда, Ресеймен шекарада жатқан Қарабалық ауданының жұртшылығы, «Балалық шақ» фильмінің тезірек экранға шығуын күтіп жүр. Онда басты кейіпкер Самалдың бейнесін Қарабалық кентіндегі №3 қазақ орта мектебінің 4-сынып оқушысы, 9 жасар Карина Жолдыбек сомдады.  Өткен жылы Каринаның ата-анасы интернеттен балалар филь­міне кастинг болатыны жө­нінде хабарлама оқып, режиссер Дәулет Есжановқа хабарласады. Өйткені, Каринаның анасы Индира қызының өнерге өте қабілетті екенін кішкентай кезінен байқайтын. – Карина 1-2 сыныптарды оқыған Қостанай қаласындағы №5 «А» гимназиясында музыка мен театр ісінен сабақ бер­ген ұстазы Бағдат Оспанов шәкіртінің бойынан өнер ұш­қынын байқайды. Байқайды да, ұштайды. Карина мәнерлеп оқудан байқауда 16 мектептен қатысқан оқушылар арасында бас жүлдені жеңіп алған еді. Одан кейін театр өнерінің «әліппесін» де сол кісі танытты, – дейді Индира Арбабаева. Астанада өткен мамандардың фильмге іріктеуіне кіп- кішкен­тай қара қыз имене кірген. Оған «Әкең ауырып қалса қа­лай көмек берер едің?» және «Сы­ныптастарыңмен орманда саяхаттап жүріп, адасып кетсең не істер едің?» деген екі тапсырма беріледі. Каринаны іріктеу комиссиясына әкесі ертіп әкелген болатын. Алғашқы тапсырма беріл­генде қысылыңқырап әрі «ауыр­ған» әкесіне көзі боталап, бала­лық мейірімімен қараған қыздың бейнесі шынайылығымен тартымды болып еді. Комиссия мү­шелері бала қысылмасын деп оның әке­сінің шығып кетуін өтінеді. Екінші тапсырманы орын­дағанда Карина «орманда адасқан кез келген бала қор­қады, сосын жылайды» деп ойлады. Достарын шақырып, «қорыққанынан» айқайлап жы­­лаған Карина комиссия мүше­лерін образға соншалықты сен­діре білді. Осы фильмге түсу үшін 600 бала бағын сынаған екен. Солардың арасынан Кари­на теат­р өнерінен хабары барлы­ғын, кейіпкер бейнесіне кіре біле­­тіндігін, сахна тілімен сөйлеп, қажет кезінде жылай алатын­дығын да көрсетеді. Екі күннен кейін іріктеу қорытындысы шығып, комиссия мүшелері Каринаны таңдайды. Сол жазда ол «Балалық шақ» фильміне түсіп те үлгереді. Фильм режиссері Дәулет Есжанов көрермендерге «Тастанды», «Өмiр жолы», «Жү­ре­гіңді бір тыңдашы», басқа да фильмдерімен танымал. – Балалар фильмінің түсі­рілімі оңай болмайтынын шамалаймыз. Түсіру тобына әр дубль­ді 6-7 рет қайталауға тура келеді. Олар ыстық күнде түсіру ала­ңында 10 сағаттан жұмыс істеді. Жанында біз де болған жоқпыз. Бауырымыздан шықпаған ба­лаға жеңіл болған жоқ, бірақ режиссердің, түсіру тобының ойы­нан шығып келді, – дейді анасы Индира. «Балалық шақ» фильмі таяу­да отандық телеарналардан көр­сетіледі. – Менен сыныптастарым Самал туралы сұрайды. Мен олар­ға «әзірше құпия, фильмнің өзін көріңдер, сонда қызық болады» деп айтамын, – дейді Карина. Кішкентай актрисаның осындай шығармашылық ұстанымы да бар. Ал фильмнің режиссері Дәу­лет Есжанов Каринаны алда­ғы уақытта түсірілетін фильм­­де­рін­дегі лайықты рөлдерге шақы­­ратынын да айтып отыр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Қарабалық ауданы