Іс қалалық білім басқармасының талап арызы негізінде қаралып, оны кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады.
Сот мәліметінше, жауапкер төрт кәмелетке толмаған баланың анасы. Балалардың әкесі шетелде тұрады және отбасындағы жағдайдан хабардар болған.
Сот барысында әйелдің балаларға қатыгездік көрсеткені дәлелденді. Ол өз әрекетін «тәрбиелік шаралары» деп түсіндірген.
Сот балалардың мүддесін ескере отырып, талап арызды қанағаттандырды. Нәтижесінде әйел ата-ана құқығынан шектеліп, алимент төлеуге міндеттелді.
«Шешім қабылдау кезінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР кодексінің нормалары және балалардың құқықтарын қорғау басымдығы ескерілді», деп хабарлады сот өкілдері.
Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар, 29 жастағы әйелге қатысты дене жарақатын келтіру және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу мәліметінше, төрт бала анасының тарапынан жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрген.
Психикалық ауытқу нұсқасы расталмады — сараптама әйелді есі дұрыс деп таныды. Алдын ала ақпарат бойынша, күйеуі Францияға жұмыс істеуге кеткен. Ұзаққа созылған жанжал салдарынан әйел ашуын балалардан алған.
Жаркенттегі қатыгездік: Баласын аяусыз ұрған әйел 7 жылға сотталуы мүмкін