Оңтүстікте бір кездері облыстық соттың төрағасы болып Тілектес Бәрпібаев деген азамат жұмыс істеді. Ашуы алдында болғанымен, арты кең, руханиятқа жақын азамат журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп тұрады. Сондай емен-жарқын жүздесудің бірінде өзге өңірден келген сот төрағасынан: «Сізді Шымкентте өз салаңызда қандай жағдайлар таңғалдырады?» деп сұрағанбыз.
«Шымкенттің азаматтары өте ашық, кішіпейіл. Бірақ, өз құқықтарын біле тұрып білгісі келмейтін сияқты көрінеді. Қандай да бір жағдаймен сотқа шақырылса, сыйақы беріп кеткісі келіп тұрады. Өзіне ешқандай жаза көрілмейтіндігін де ескермейді», деген.
Расы сол. Баяғы патшалық кезеңдегі соттың езгісі өтіп кеткен бе, бәрі болмаса да сот алдына барған азаматтардың көбі ешқандай қылмысқа тартылуға негіз жоқтығын байыптап жатпай, «шәй ішіңіз» деп қалтасына қолын салып, сол жерден аулақтағанша жаны шығып кете жаздайды. Судья алса қуанады, алмаса сотқа тартылардай ұнжырғасы түсіп кетеді.
Бұл бұрынғы жағдай дегенімізбен, Қылмыстық кодекстің баптарын тереңдетіп оқып, парағын сапырып отыратындар әлі де аз. Оны өзіміз де жұмыс барысынан байқаймыз. Тілшілер қосынына да болмайтын нәрседен қарадай үркіп, араша сұрап телефон шалып жатады. Зерделеп көрсең, түк те емес, жазаға тартылатындай негіз жоқ.
Кәсіпкерлік саласында да солай. Әр ауданда кеңес беретін, бизнес-жоба ұсынатын Кәсіпкерлік мектептері жұмыс жасап тұрса да, «анау анандай деп айттыға» көбірек сенетіндер әлі де байқалады. Сондықтан, облыстағы Кәсіпкерлер палатасы «өзің кел» деп отыра бермейтін жаңа жобаны іске қосты. Палата мамандары базардағы сатушылар мен шағын кәсіпкерлерге сұраған сұрақтарына жауап береді.
Ол үшін қаладағы ірі сауда орындары – «Самал» және «Айна» базарларынан кеңес беретін кабинеттер ашылды. Бұл кабинеттерде заңгерлер және есепшілер, салықтық заңнама қызметкерлері азаматтар қызықтырған сауалдарға жауап береді. Бұл – мәжбүрліктен туындаған жоба. Өйткені, шағын кәсіп иелері салық төлеу, өз жұмыстарының есеп-қисабын жасауда түрлі қиындықтарға душар болып жатады. Жаңа қабылданған құжаттардың нормаларын білмегендіктен, жоқ жерден әкімшілік жазаға тартылып жататындары және бар.
Кәсіпкерлер палатасы осының бәрін ой елегінен өткізіп, республика бойынша ең алғашқы жобаны іске асыруға кірісіп кетті. Болашақта бұл бастаманы кеден саласының қызметкерлері толтырады.
Облыс прокуратурасында өткен бір жиынға қатысқанымызда, жаңадан ашылған фирмалардың ай айналмай жатып тез жабылатындығы туралы дабыл көтерілген еді. Енді бизнес өкілдері сәт сайын алдарынан шыға беретін кедергілерден құтылады. Ал кәсіпкер сауатының ашылғаны өз шаруашылығын оңтайлы жүргізуіне мүмкіндік береді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы