Заңдарды жетілдіру құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемаларды жою мақсатында жүзеге асырылады десек, ең алдымен, заңдылықты жетілдіруді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі – ата-аналарынан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру мәселесі дер едік. Себебі, өткен жылдардың статистикалық көрсеткіштері алимент өндіру туралы сот шешімдерін орындау саласындағы жағымсыз жағдайдың қалыптасып отырғандығын көрсетеді.
Неке және отбасы туралы кодекстің 138-бабына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады. Кодекстің 139-бабына сәйкес, алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. Кодекстің 169-бабына сәйкес, алимент төлеу туралы атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі. Осы кодекстің 139-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
Ерекше алаңдаушылық туғызатын жағдай – «әлеуметтік-маңызды» санаттағы құжаттарды орындау және атқару (алимент, жалақы). Сот орындаушылары тарапынан қағазбастылық, атқарушы парақты және өндірісті жоғалту фактілері орын алуда. Борышкерлер кірістерін жасырады, өздері тығылады, оларды іздеумен ешкім айналыспайды. Барлық әлеуметтік маңызы бар санаттағы атқару құжаттары (алиментті және жалақыны өндіріп алу) жаңа жылдан бастап жеке сот орындаушылар қарауына кірді. Сондықтан, жеке сот орындаушылары қызметінің қолжетімсіздігіне байланысты азаматтардың наразылығы туындауда. Бұл проблеманың шығуы менің ойымша, жеке сот орындаушыларының сот шешімін тез орындамауы. Демек, әділет органдарының тарапынан қатаң бақылау қажет. Қазіргі кезде осы мәселені Бас прокуратура құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде қарастыруды жоспарлап отыр.
Елбасымыз 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, оның ішінде алимент төлемегені үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейту қажеттігін атап өткен болатын. 2015 жылға дейін балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару үшін жауапкершілік 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 136-бабында қарастырылған болатын. Осы бап бойынша қылмыстық істер жеке айыптау істеріне жатқызылып, өтініш білдірушілер кінәлілерді жауапқа тарту мақсатында тікелей сотқа жүгінетін. Соңғы жылдардағы кейбір мәлімет бойынша, осы санаттағы 2 304 өтініштің ішінде ақтап алу негізінде 1 қылмыстық іс тоқтатылған; ақталмайтын негіздер бойынша – 1 284 қылмыстық іс қаралған; 170 адам сотталып, қалғандары келесі жылға өткен. Істің көбісі аяқталып, кінәлі азаматтар жауапқа тартылған болатын.
Ал бұрнағы жылы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының 139-бабына сәйкес қылмыстық істер жеке-жария айыптау істеріне жатқызылып, сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын ішкі істер органдары жүргізетін болды. 2015 жылы ішкі істер органдарына ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамағаны туралы 8 487 құжат жолданған. Оның ішінде ақтап алу негізінде 7 882 және ақталмайтын негізде 210 құжат бойынша қылмыстық істер тоқтатылған. 104 қылмыстық іс сотқа жолданып, 61 адам сотталған. Осы орайда, ішкі істер органдары сотқа дейінгі тексеру барысында жауапқа тартылған азаматтар жұмысқа қабілетті болса да, олардың жұмыссыздығын алға тартып, жауапкершіліктен босатып, қылмыстық істердің 92%-ын ақтап алу негізінде тоқтатты. Бұл – кәмелетке толмаған балалардың мүддесін емес, олардың тұрмыс-тіршілігіне қажет қаражатты төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелерді қорғаудың айғағы.
Сондықтан балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтарып жүрген адамдардың жазасын заңнамамен күшейту қажет деп санаймын.
Балаим КЕСЕБАЕВА,
Мәжіліс депутаты