Қазақстан Президентінің бітімгершілік рөлі жоғары
Ресей және Түркиямен әріптестігі тұрғысынан Қазақстан аймақтағы ахуалдың бейбіт шешім тапқанын қолдайды. Сондықтан, Астана Сирия мәселесінде Анкара мен Мәскеудің ортақ мәмілеге келгеніне мүдделі. Былтыр Ресей мен Түркия қатынасының алшақтаған кезінде Режеп Ердоған мен Владимир Путин арасында дипломатиялық қатынастың қалпына келуіне Қазақстан Президентінің қосқан үлесі орасан. Осы тұрғыда Қазақстанның Сирия мәселесінде де араағайындық таныту мақсатында жасаған алғашқы қадамдары алдағы уақытта өз жемісін беруі тиіс. Осыдан бірер жыл бұрын Алматыда өткен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша ресми Тегеран мен Германия бастаған бестіктің келіссөзі де кейіннен Иранға қарсы салынған Батыс санкцияларының алынып тасталуына алғышарт жасағаны белгілі. Ал биылдан бастап Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтуі елдің халықаралық аренада төрелік айтуына толықтай құқық береді. Михаэль Лаубш, немістің Орталық Азия елдері бойынша саяси сарапшысыРесми Астана аймақтағы тұрақтылыққа мүдделі
Қазақстанның Сириядағы саяси дағдарыста араағайындық танытуы, ең алдымен, бұл елдің аймақтағы бейбітшілікті қалайтынын байқатса керек. Бұл тұрғыда ресми Астана Башар Асад режімі мен оппозицияның бірінің сойылын соғып отырған жоқ, Астананың мақсаты – Сирияда бейбітшіліктің қайта орнауы. Өңірдегі ең дамушы елдердің бірі ретінде Қазақстанға аймақтағы Ресей, Түркия мен Батыс елдері ықпалының тепе-теңдігі маңызды. Сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанған ресми Астана жоғарыда аталған елдердің ешқайсысымен дипломатиялық қатынасын бұзып алмауға ұмтылады. Екінші жағынан, Сириядағы радикалды түрлі топтардың аймақтағы қауіпсіздікке кедергі келтірмеуі үшін Қазақстан Сириядағы жағдайды Ресей, Түркия мен Иранның бақылап отыруына мүдделі. «Ислам мемлекетінің» (Қазақстанда тыйым салынған) Орталық Азияға төнген ең басты қауіп екенін ескерсек, Қазақстан Сириядағы ахуалдың тезірек реттелуі үшін қолдан келгенін жасайды. Джелаладдин Явуз, Түркияның отставкадағы полковнигі, әскери сарапшы, бұрынғы сыртқы істер министріАстананың жолы – дипломатия
Сириядағы саяси дағдарысты тоқтату үшін, ең алдымен, Сирия халқының бірлігі, қазіргі ресми билік Башар Асад режімінің халықты бір қол астына топтастыруы керек. Халықаралық қоғамдастықтың бұл тұрғыда елдегі түрлі топтарды жеке-жеке қолдағанынан гөрі, шынымен де аймақтағы бейбітшілікті қалайтын болса, ресми биліктің нығаюына мұрша бергені жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанның еңбегін атап өту керек. Елдегі қандай да бір саяси топтың сойылын соғудың орнына, барша Сирия халқының бірлігі үшін өңірлік державалардың басын біріктіре отырып, ортақ үнқатысу алаңын ұсынуы Астананың Сирия мәселесінің шешім табуына ықпал етуге ұмтылатынын көрсетеді. Қазақстанның сыртқы саясаттағы бейбіт ұстанымы Түркия мен Ресейдің осы мәселеде өзара ымыраға келуіне жағдай жасайды. Жалпы, өңірдегі саяси мәселелердің оң шешім табуы үшін Қазақстан Батыс елдерімен де ынтымақтастықты үзбек емес. Оған Астанадағы шараға АҚШ елшілігінің қатысуы дәлел.