Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың Үндеуін қолдау туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының
МӘЛІМДЕМЕСІ
Құрметті отандастар! 2017 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері туралы Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының елдің мүддесі мен заманның талабына сай келетін, биліктің барлық тармақтарының өкілеттіктерін және жауапкершілігін арттыру бастамасын толық қолдайтынын білдіреді. Елбасының басшылығымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық жетістіктері, Бес институттық реформаны іске асыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жұмыстарының жүргізілуі, «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің қабылдануы – Президенттің өз құзыретінің бір бөлігін Парламентке, Үкіметке және атқарушы билік жүйесіне беру туралы тарихи шешіміне мемлекет пен қазақстандық қоғамның толығымен дайын екендігінің сөзсіз дәлелі. Үкіметтің және атқарушы биліктің Парламент пен жергілікті өкілді органдар алдында есеп беруін күшейту – Қазақстанның демократия жолындағы одан әрі орнықты да бұлжымас жаңа қадамы. Бұл Үкіметке де, Парламентке де Қазақстан халқының алдында зор жауапкершілік жүктейді. Елбасының бастамасы Қазақстанның дамуына соны серпін қосатыны сөзсіз. Қазақстанның әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу, Болашағы біртұтас ел болу жолындағы міндеттері ұтымды шешімді талап етеді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдаған шешімі аса пәрменді саяси жаңашылдық және қоғамдағы әлеуметтік ахуалдың күрделенуіне, әлемдік саяси үдерістің жаңа үрдістеріне жауап болып табылады. Өкілеттіктермен бөлісу – Президенттің баршаға белгілі саяси қолтаңбасының, бүкіл әлем мойындаған «қазақстандық жолдың» жарқын көрінісі. Бұл қадам Қазақстанның бейбітшілік пен келісім стратегиялық саясатына, сенім саясатына толығымен үндес және қоғамның мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері заң шығарушы биліктің рөлін арттыру арқылы халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайтуға бағытталған және Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жалғастыруға тың серпін беріп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл тұрғыда, Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттарына, мәслихаттардағы ҚХА депутаттық топтарының мүшелеріне, қоғамдық келісім кеңестеріне, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының барлық өкілдеріне зор жауапкершілік артады және саяси реформаларды әзірлеу мен іске асыру үдерістерін қолдау үшін жоғары азаматтық борышын өтеуге шақырады. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, президенттік жаңа реформаны талқылауға қатысушылардың барлығын – саясаткерлерді, сарапшыларды, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерін, жастарды, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін осы мәселеге ерекше азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарауға шақырамыз. Біз Президенттің Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға және өркендеуі үшін жүзеге асырылатын жаңа бастамасының табысты жүзеге асатынына кәміл сенеміз! Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Астана қ., 2017 жылғы 26 қаңтар