Қазақстан мен Польша арасында тікелей әуе бағыты ашылады. Варшавадан Астанаға бірінші сапар 8 мамырға жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Польшаның LOT әуе компаниясының президенті Рафал Мильчарски мәлімдеді.
Ол екі ел арасында әуе қатынасын орнату туралы шешімге Қазақстан Президентінің былтырғы Польшаға жасаған сапары аясында қол жеткізілгенін атап өтті.
«Польша мен Қазақстан арасындағы тікелей әуе бағыттарын іске қосу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың 25-жылдығымен сәйкес келуі кездейсоқ емес. Біз Қазақстаннан Польшаға баратын жолаушылар ағынының және сәйкесінше Қазақстанның қандай екенін көргісі келетін поляктар санының артуына ықпал етеміз, – деді Р.Мильчарски. – Әуе қатынастары екі ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстарды арттыруға, сондай-ақ білім беру саласындағы әріптестікті күшейтуге бағытталған».
Компания президентінің айтуынша, Қазақстан жолаушылары LOT-тың ұсынысы арқылы тек Варшаваға ғана емес, сондай-ақ Краков, Вроцлав, Гданьск немесе Познань секілді Польшаның өзге де қалаларына баруларына болады. Сондай-ақ Брюссель, Будапешт, Бухарест, Гамбург, Милан, Мюнхен, Прага, Рига, Стокгольм және Вильнюс сияқты қалаларға да ауысып отыру арқылы әуе қатынасы жүзеге асырылады.
«Варшавадан Астанаға бірінші сапар 8 мамырға жоспарланған. Бағыт сәуір айында LOT әуе комнапиясы алатын Boeing 737NG ұшағымен жүзеге асырылатын болады. Польша тасымалдаушысы Астанаға аптасына 4 рет ұшады. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және сенбі күндері ұшақтар Варшавадан 22:50-де ұшып, Астанаға таңғы 07:45-те келеді. Кері сапар сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері сағат 13:00-де жүзеге асады. Варшава әуежайына ұшып келу уақыты – жергілікті уақыт бойынша 14:15-те», – деп атап өтті Р.Мильчарски.
Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".