Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сырқат жаныңа батқанда денсаулық сақтау мекемелерін жағалап, жаныңа шипа іздейсің. Тіпті жекеменшік емханаларды да қош көретіндер бар. Бұл – әр адамның қалауы. Жасырып қайтеміз, «мемлекеттік медициналық мекемелермен салыстырғанда жекенің иелігіндегі емханаларда жақсы жағдай жасалған, ұзын-сонар кезек жоқ, мықты дәрігерлер сонда, сырқатыңа шипа табасың» дегендей пікірде жүргендер де жоқ емес. Тағы да қайталасақ артық болмас, әр науқас қандай емхананы қалайды, ол – еркі. Тіпті мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, ауруханалар мен емханалардан бойын аулақ салып, балшы-балгер мен емшілерге де жүгінетіндердің көп екендігін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Әйтеуір, науқас адамның бар ойлайтыны – сырқатынан айығу ғой. Күні кеше әлеуметтік желілерде елді елең еткізген бейнежазба жарияланды. Ер адам, өзінің қарамағындағы қызметкерлер болса керек, алдындағы оларға қарап тепсініп тұр. Айтып тұрғаны – ақша. Ақылы ем алушылардан мейлінше көбірек ақша жинау керектігін, оның жолдарын «түсіндіріп» әлек. Бұл бейнежазба Санжар Боқаевтың Facebook-тегі парақшасында жарияланды. Бейнежазба 2015 жылы Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық аурухананың жиыны өтіп жатқанда таспаға түсірілгені күні кеше белгілі болды. Ақшаны көбірек табуға тапсырма берген адам осы аурухананың бас дәрігері Әнуар Аманов екен. Ол 2016 жылы №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасына бас дәрігер болып ауыстырылған. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Ә.Аманов қазір қызметінен босатылған. Біздің мақсатымыз – осы бейнежазбадағы мәселе қазіргі уақытта өте өзекті екенін айту, ой салу. Өйткені, ондағы айтылған жайттарға құлақ түрсең, төбе шашың тік тұрады. Онсыз да сырқаты жанына батып, тез айығуды ойлаған адамның денсаулығынан ақша аямайтынын біледі олар. Қара аспанды төндіреді, ауруының үстіне ауру жамап, одан емделу үшін қымбат медициналық қызметтер мен дәрігерлерге «жол сілтейді». Қалай болғанда да, бұл – емделушінің қалтасын қағу. Ол қарызданып-қауғаланып жатыр ма, несие алып, шырмалып жатыр ма, оған олардың басы ауырмайды. Қайткен күнде де негізгі ойлары – көбірек ақша табу. Бір сөзбен айтқанда, құлқынның құлы. Адамның өмірі мен денсаулығын ақшаға тәуелді етіп қойғандардан не күтуге болады сонда? Олар сырқаттарды құлан-таза емдеуді емес, олардың ақшасын ойлап отыр ғой. Есіл-дерті көбірек ақша табуды ойлаған дәрігерлер шипалы ем жасайды дегенге сенесіз бе? Әй, қайдам. Ақша бірінші кезекте тұрғанда, ем-дом артқа сырыла беретіні анық. Жасырып қайтеміз, ақ халаттылардың айтқаны – науқас үшін заң. Бұлжытпай, айна-қатесіз орындауға тырысасың. Денсаулықтан ақша аямайсың. Қаптатып жазып берген емдік шаралардың бәрін қабылдауға тырысасың. УЗИ, ФГС, физиоем және басқа да түр-түрі көп емес пе? «Осының бәрін қабылдағанда ғана сырқатыңыздан жазыласыз» деп тұрса, пайдасы болса да, болмаса да, соның бәрін қабылдайтын әдетіміз бар ғой. Бейнежазбадағы бас дәрігер осының бәрін бес саусақтай біледі, сырқаттардың психологиясын әбден «зерттеген». Науқастың осал тұсын жақсы біледі. Қармаққа түсіріп, ақша үстіне ақша жасауға әбден дағдыланған, осы «мектептен» өткен адам. Енді сол тәжірибесін алаөкпе болып қарамағындағы қызметкерлерге жанұшыра үйретіп жатыр. Тіпті бұл жоспарлы жұмыс екендігін де ұмытпайды. Яғни, ақшаның жоспары бар деген сөз. Соны орындау керек. Асыра орындаса, тіпті жақсы. Иә, денсаулық сақтау саласында осындай келеңсіздіктер аз емес. Әне бір жылдары мемлекеттік мекемелерге емделуге келушілер үшін дәрі-дәрмекті қай дәріханадан алу керектігі жайлы «нақты нұсқау» берілетіні айтылып, әжептеуір шу болған еді. Тіпті кейбір бас дәрігерлердің мемлекеттік мекемеде жеке дәріханаларын ашып, дәрі-дәрмек саудасын қыздырғаны ел ішінде біраз талқыға түскен болатын. Оның бәрі реттелді. Денсаулық сақтау саласындағы осындай олқылықтар жойылып еді, енді ақылы медицинаның небір қитұрқылары ашылып жатыр. Әрине, мұның бәрі реттелетін шығар. Оған күмәніміз жоқ. Кеше ғана Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігін қайта құрды. Осы саланың білгір маманы Елжан Біртановты министр етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Жұрт бұл жаңалықты жылы қабылдағаны анық. Өйткені, денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелерді шешумен тиісті министрліктің түбегейлі айналысуы керек екені – уақыт талабы. Ең қымбат байлық – адам денсаулығы мен өмірі. Халықтың өміріне араша түсетін адамдар құлқынның құлы болмауы тиіс. Оның антына адал болғаны жөн. Алдымен ақшаны емес, адамның денсаулығын ойлауы керек. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»
«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше