«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі бюросының кеңейтілген отырысы болып өтті.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі талқыланды.
Жиынға қатысушылар Елбасының ұсыныстарын қолдап, еліміздің әрі қарайғы дамуында мұндай шаралардың маңызды орын алатындығы жөнінде бірауызды байламға келді. Талқылау үстінде кейбір өкілеттіктердің Үкіметтің құзырына берілуі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді тиімді жүзеге асыруға қосымша серпін беретіндігі айтылды. Үкімет мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттерді толық көлемде жүзеге асыруға, қазіргі заманның сын-қатерлеріне дер кезінде үн қатуға, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге қабілетті болмақ.
Талқылау кезінде халық үшін маңызды шешімдерді әзірлеу мен қабылдау жолында барлық деңгейдегі мәслихаттардың қызметін одан әрі дамыту мәселелеріне де тиісінше көңіл бөлінді.
Отырыста сөз сөйлегендер Мемлекет басшысының Үндеуі елдің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатын, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екендігін айрықша атады.
Бюроның кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлаушылармен кездесу ұйымдастырып, конституциялық реформалар бағдарламасына қатысты кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және ұсыныстар жинақтауға шешім қабылданды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»