02 Сәуір, 2011

Мақта кластері жеңіл өнеркәсіпті өрге бастырады

1034 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстанның күн сәулесі көбірек түсетін жері Оңтүстік Қазақстан. Оған көктем ерте келеді дегенімен осы Оңтүстіктің өзі оңтүстік пен солтүстікке бөлінетіндігін былайғы жұрт байқай бермейді. Солтүстігі қысы алты ай бойы арқырап жататын Арқаның етегін басып қонған Созақ пен Бәйдібек ауданы болса, оңтүстікке Мақтаарал, Сарыағаш, Отырар, Түркістан сияқты аймақтар жатады. Қазақстанның өзге өңірле­рін­­де өспейтін ақ мақта осы аудандарда, аны­ғы­рақ айтқанда, Мақтаарал ауда­нында өседі. Мақта – бұл өңір­дің өмірі. Мақтааралды Оңтүс­тіктің бір ауданы дегенімізбен, кезіндегі ықшамдал­ған үш ауданның орнында отыр­ған аймақта 300 мыңдай халық бар. Ал, Сарыағашқа бұрынғы Келес ауданы қосылғанын ес­кер­сеңіз, Мақтаарал мен Сары­ағаштың халқы Қазақстанның кейбір облыстарының халқы санынан кем болмайды. Өңірде 400 мың тоннадан астам шитті мақта дайындалады. Мақта өте нәзік, кірпияз өсім­дік. Жауы көп. Құрттар мен түр­лі зиян­ке­тердің алдын алып отырмаса, мез­гілінде су ішпесе, агротех­никалық талаптар орындал­маса өнім бермей қалатын сәттері бар. Ливерпуль мақта биржасындағы ба­ғаға тәуел­ділігі де шаруалар­дың қал­тасына әсер етеді. Ди­қандар 40-50 градус аптаптың ас­тында ерте көктемнен қоңыр күзге дейін өсірген осы өнімін шитін ғана айыратын мақта зауыттары арқылы шетелдерге су тегін сатып келді. Былай айт­қанда, өздері өсірген ақ мақ­­тадан дайындалған өнім Қа­­зақстанға 5-6 есе қымбат ба­ғаға келеді. Шаруалар осы мәселені жоғары билікке білдіріп, Үкімет қарауына ұсынып келген. Диқандардың бұл та­лабын орындауға қажетті ал­ғышарттардың бәрі жаса­л­ды. Мақта кластерін дамыту мәсе­лесін көтерді. Жеке меншік мақта зауыттары шаруа­лар­дың еңбегін қанамас үшін мемлекеттік алып мақта зауы­тын Жетісай өңірінде мемлекеттік бағдарла­ма­мен салдыр­ды. Біз арнайы тоқталғалы отыр­ған «Оңтүстік» арнайы эко­номикалық аймағы 2005 жылы тоқы­ма өндірісін дамыту мен бәсе­келестікті жоғарылату, отан­­­­дық мақта тұтынуды арт­тыру және қосымша құн салығы жо­ғары дайын тоқыма өнімдерін шығару, жаңа жұмыс орын­дарын және жо­ғары техноло­гиялық өндіріс­терді құру мақсатында құрыл­ған болатын. «Оңтүстік» ай­мағында бизнесті құру және дамыту үшін барлық қолайлы экономикалық жағдайлар жа­са­ған. Инвесторлар Қазақстан Рес­публикасының заңнама­сы­на сәйкес корпоративті табыс, мүлік және жер салықтарын, сондай-ақ кедендік баж са­лық­тарын төлеуден боса­тылған. “Оңтүстік” арнайы эко­но­микалық аймағының бас­шы­сы Бақыт Мәуленовтің  айтуын­ша, бүгінгі таңда АЭА аума­ғында 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік үдемелі ин­дустрия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы аясын­да екі ин­вестициялық жоба іске асы­­рыл­ған. Біріншісі, есілген және иірілген жіптердің өндірісі бой­ынша «OXY TEXTILE» ЖШС – «Кешенді автомат­тан­дырыл­ған иіру-ширату фабрикасы» жобасы. Жоба «Қазақстанның даму банкі» және «Қазақ­стан­ның даму банкі – Лизинг» АҚ-тың қолдауымен жүзеге асы­рылды. Жобаның жалпы құны – 5 879,8 млн. теңге. Жаңа 260 жұмыс орны құрылды. Жоба – жергілікті мақта тал­шығын қайта өңдеу үлесін ұлғайтуды, аумақтың және елі­міздің то­қыма өнеркәсібін да­мы­туды, экономиканың бір-бі­рімен бай­ланысты салаларына оң әсер етуді көздейді. Екіншісі, гигроскопиялық мақта, целлюлоза және кабоксометилцеллюлоза өндірісі бой­ынша «Хлокопром-Целлюлоза» ЖШС – «Құрамында мақ­тасы бар шикізаттан ылғал жұтқыш мақта, мақта целлю­ло­засы және техникалық карбоксиметилцеллюлоза өндірі­сін ұйымдастыру» жобасы. Жоба «Қазақстанның даму банкі – Лизинг» АҚ-тың қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 3 850,0 млн.теңге. Жаңа 237 жұмыс орны құрылды. Бақыт Мәуленов сондай-ақ төмендегідей инвестициялық жобалар іске асырылып жат­қа­нын тілге тиек етті. Атап айтқанда, «Ютекс-KZ» АҚ иірілген жіптер мен дайын маталар өн­дірісі бойынша «Жаңа­шыл то­қыма өндірісін ұйым­дас­тыру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 15,7 млрд. теңге. Жаңадан 1041 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Шымкент-Кашемир» ЖШС қой және түйе жүнінен, сон­дай-ақ түбіттен сырып тігілген көрпелер өн­дірісі бойынша «Дайын тоқы­ма бұйымдарын өндіруді ұй­ым­дастыру» жоба­сы. Жобаның жалпы құны – 560,1 млн. теңге. Жаңадан 272 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «АГФ» групп» Өндірістік Компаниясы» ЖШС киім өндірісі бойынша «Конвейерлі ағынды тігін фабрикасы және қолданбалы материалдар өн­ді­рісі бойынша цех» жобасы. Жо­баның жалпы құны – 251 млн. теңге. Жаңадан 300 жұ­мыс орнын ашу жоспарлануда. «Есенжол-Назар» ЖШС кен­дірден жасалған кілем өн­дірісі бойынша «Кілем өнім­дерін өндіру жөніндегі тоқыма фабрикасын құру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,3 млрд. теңге. Жаңадан 52 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «TurKaz Textile» бірлескен кә­сіп­орны» ЖШС дайын өнім­дер өндірісі бойынша «Үй тоқымасы өндірісін ұйымдас­ты­ру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 10,3 млрд.теңге. Жаңадан 543 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Чалык» Түрік холдингінің «Дайын өнімдер өндірісі бойын­ша тоқыма фабрикасының құры­лысы» жобасы. Жалпы құны – 43,8 млрд.теңге. Жаңадан 2000 астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Оңтүстік» арнайы экономи­калық аймағында әзірше осын­дай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Болашақта мақта кластерін да­мы­ту арқылы тоқыма өнеркә­сі­бінде жетекші салаға айналғалы отырған экономикалық аймақ­тың келешегі зор. Жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің халық алдын­дағы есебі тыңдалды. Осында сөз сөйлеген кәсіпкерлердің бірі бірқатар әріптестердің аймақ құра­мына кіруге ықыласты екендіктерін айтты. Бұл дегеніңіз, оңтүстікте қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің серпінді жобалары іске асады дегенді білдіреді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.