30 Қаңтар, 2017

Жамбыл облысында жоғары технологиялық химиялық зауыт салынады

605 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жамбыл облысында сапалы химиялық өнім өндірілетін болады, деп хабарлады өңір әкімдігі. «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы еліміздің жаңа экономикалық саясаты бағдарламасына енді. АЭА аумағында жалпы жылдық қуаттылығы 2 млн тоннадан астам дайын өнімді құрайтын 16 жоғары технологиялық химиялық зауыт салынатын болады. Аталған жоба аясында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылатын болады. «АЭА-да сапалы химиялық өнім өндіру жоспарланып отыр. Күйдіргіш сода, хлор, глифосат, аммиак, полиэтилен, пестицидтер, сутек тотығы және басқалары өндірілетін болады. Бұл химиялық өнімдер республикамызда шығарылмайды немесе аз мөлшерде шығарылады», - деп атап өтті әкімдік өкілдері. Жоба бойынша консультант ретінде әлем бойынша 140-тан астам жобаны сәтті іске асырған белгілі Jurong Сингапур консалтингтік компаниясы таңдалған. Бүгінгі таңда «Тараз» химиялық паркі» АЭА-да бес қатысушы тіркелген. Олардың арасында «Хим-Плюс», «Gadamindustries», «Central Asia Chemical», «Inter-marketing» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Ника» өндірістік компаниясы бар. Жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд теңгеден астам. Болашақ өндірістердің айналасында 100-ден астам ШОБ субъектілері пайда болады деп болжануда. АЭА-ны іске қосу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы зауыттың іске қосылуы 2018 жылға жоспарланған.